Бүгіннен бастап «теңге» атауының ресми жазылуы өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан заңнамасында ұлттық валютаның ресми жазылуы өзгерді. Енді нормативтік құқықтық актілердің орыс тіліндегі мәтіндерінде «тенге» сөзінің орнына «теңге» нұсқасы қолданылады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

деньги, тенге, ақша
Фото: Александр Павский / Kazinform

Тиісті өзгерістер жаңа Салық кодексінде, сондай-ақ Ұлттық банктің бірқатар нормативтік құқықтық актілерінде көзделген.

Ұлттық валютаның атауын жазу тәртібінен бөлек, құжаттар жаңартылған конституциялық нормаларға сәйкестендірілді. Атап айтқанда, Салық кодексінде «Парламент» атауы «Құрылтай» деп өзгертіліп, «Қазақстан Халық Кеңесі» туралы норма енгізілді.

Сондай-ақ «республикалық референдум» термині «жалпыхалықтық референдум» деген атаумен ауыстырылды.

Өзгерістер Ұлттық банктің нормативтік құқықтық актілеріне де енгізілді. Атап айтқанда, орыс тіліндегі құжаттарда «тенге» сөзі «теңге», «иностранец» термині «шетел азаматы», ал «информационные системы» тіркесі «цифрлық жүйелер» деп өзгертілді.

Сонымен қатар, Салық кодексінен Конституциялық сотқа жүгінгені үшін алынатын мемлекеттік баж алынып тасталды. Бұл түзету «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» заңға енгізілген өзгерістерге байланысты қабылданды.

Бұған дейін 10 000 теңгелік банкноталардың айналым мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылғаны белгілі болды.

Сонымен қоса Ұлттық банк 20 000 теңгелік банкнотаны келесі жылы айналымға шығаратынын жазғанбыз.