10 мың әлеуметтік қызметкердің бейінді мамандығы жоқ – Светлана Жақыпова
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың 1 қаңтарынан әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтар лицензиялаудан өтеді. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдерімен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.
«Елімізде 732 мыңнан астам мүгедек адам бар. Оның 201 мыңы зейнет жасындағы адамдар, шамамен 112 мыңы - 18 жасқа дейінгі балалар. Түркістан, Алматы, Қарағанды, Жамбыл облыстарында 41 мыңнан 101 мыңға дейін мүмкіндігі шектеулі жан бар. Бүгінгі күнгі басты мәселе – әлеуметтік қызметтердің сапасы. Сапаны қалай көтеру керек, мүгедектігі бар адамдарға қандай жағдай жасау қажет деген мәселелерге байланысты жұмысымызға өзгерістер енгіздік. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әлеуметтік қызметтер лицензиялаудан өтеді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтар бірқатар шартқа сәйкес жұмысын үйлестіруі тиіс. Сондай-ақ министр еліміздегі әлеуметтік қызметкерлердің толық тізілімі жасақталғанын атап өтті.
«Аталған тізілімге сәйкес, бізде 10 мың әлеуметтік қызметкердің бейінді мамандығы жоқ. Сондықтан да біз олардың біліктілігін көтеруді қолға алып отырмыз. Өйткені, салада 12-14 жыл жұмыс істеген мамандар бар. Әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырамыз десек, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыруымыз қажет. Осыған орай, министрлік еліміздегі 14 жоғары оқу орнымен меморандум жасады. Оған сәйкес, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған 2 айлық курстар болады», - деді Светлана Жақыпова.
Бұған дейін Светлана Жақыпова ел азаматтарының зейнетке ерте шығу мүмкіндігіне қатысты пікір білдіргенін жазған едік.