10 ұлттық жобаның іс-шараларын интеграциялау бойынша жұмыс аяқталып қалды
«Мемлекеттік жоспарлау жүйесін реформалау аясында мемлекеттік бағдарламалардың орнына 10 ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Сонымен бірге, реформалар жөніндегі жоғары кеңестің тапсырмасы бойынша Үкімет ұлттық жобалардың жаңартылған тізбесін әзірледі. Осыған байланысты жаңа форматтағы «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары бекітілді. Сондай-ақ, «Қолжетімді интернет» жобасы әзірленді. Осылайша, көлемді құжаттардың орнына нақты проблемаларды шешуге бағытталған қысқа əрі нұсқа ұлттық жобалардың форматына көшу жүзеге асырылып отыр», - деді Е. Жамаубаев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде қолданыстағы 10 ұлттық жобаның іс-шараларын Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне және өзге де құжаттарға интеграциялау бойынша жұмыс аяқталып қалды.
«Нақты салаларды дамытуға бағытталған 2029 жылға дейінгі 15 тұжырымдама бекітілді. Олар Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жоспарымен үйлестірілген», - деді Қаржы министрі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында былтыр Қытайдан келген тауарлар бойынша бюджетке 465 млрд теңгеге кедендік төлем мен салық түскені айтылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60% артық.