Былтыр Қытайдан келген тауарлардан бюджетке түскен төлемдер 60 пайызға артық болды

«Жоғары аудиторлық палата экспорттық-импорттық статистикадағы алшақтық бойынша қабылданған шаралардың жеткіліксіз әсері туралы атап өткен. Жалпы, әлемдік тәжірибеде барлық елде тауарлардың сыртқы саудасының кедендік статистикасы деректерінде серіктес елдермен арада сәйкессіздік болып тұрады. Бұндай алшақтықтың негізгі себебі сыртқы сауда статистикасын қалыптастырудың әдістемелік ерекшелігінде. Дегенмен, алшақтықты азайту мақсатында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Тауарларға арналған декларацияларды бақылау және шығару үшін кедендік функцияларды орталықтандыру жүзеге асырылды», - деді Е. Жамаубаев.
Бұл тұрғыда ол Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан Бас диспетчерлік басқарма құрылғанын айтты. Осы қадам бақылау шаралары бойынша орталықтандырылған шешім қабылдауға, өткізу пункттеріндегі жағдайға қашықтан мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ, экспорттық декларациялармен онлайн тәртіпте алмасу жүріп жатыр. Ондай ақпарат Қытай Халық Республикасынан Қазақстан аумағына тауарлар келмей тұрып жеткізіледі. Бұл келе жатқан тауарлар туралы алдын ала ақпарат алуға мүмкіндік береді. Тиісті жұмыстың нәтижесінде былтыр тек Қытайдан келетін тауарлар бойынша бюджетке 465 млрд теңгеге кедендік төлем мен салық түскен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60% артық», - деді Қаржы министрі.