10 жыл өтілмен 265 мың теңге: Өрт сөндірушілердің айлығы қалай өсті
АСТАНА. KAZINFORM – «Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндірушілердің айлығы қаншалықты өскені туралы мәлімет ұсынды.

Мәселенің мәні
«Қазгидрометтің» болжамына сүйенсек, биылғы жаз жылдағыдан ерекше құрғақ болатын түрі бар. Бұл өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатады. Ал олардың айлығын көтеру үдерісі қалай жүріп жатыр? Төтенше жағдайлар министрлігінен сала мамандарының еңбекақысы туралы сұрағанбыз.
- 2024-2025 жылдары өрт сөндірушілердің жалақысы өскен жоқ. Сонымен бірге өрт сөндірушілердің жалақысы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап көтерілді, - деп жазады министрліктегілер.
Атап айтқанда, былай деп нақтылайды:
1) өрт сөндірушілердің лауазымдық жалақысын көтеру 50%-дан 60%-ға дейін жүргізілді
2) төтенше жағдайларға жедел ден қоюға тұрақты дайындығы үшін өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлеріне лауазымдық жалақысының 10% мөлшерінде үстемеақы төленеді.
Министрлік мәліметінде өрт сөндірушілердің орташа айлық мөлшері нақты көрсетілмеген.
- Өрт сөндірушілердің жалақысы еңбек өтіліне, сыныптылығына, атағына байланысты есептеледі. Еңбек өтілі 6 жыл болған кезде - 255 651 теңге, еңбек өтілі 10 жыл болғанда - 264 853 теңге, - деп жазылған ресми мәліметте.
«Таралуы шектеулі ақпарат»
Қызметкерлердің айлығы қаншалықты әділетті тағайындалғанын түсіну үшін салаға жауапты бірінші басшы мен қызметтік сатының ең төменгі баспалдағында тұрған қатардағы өрт сөндірушінің айлығының арасында қаншалықты айырмашылық бар екенін сұрағанбыз. Алайда мұндай ақпарат «қызмет бабында пайдаланылады» дейтін грифпен құпия болып шықты.
- Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық органның қызметкерлеріне, оның ішінде әскери қызметшілерге, азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 дсп қаулысымен бекітілген. Онда ақшалай үлес (лауазымдық айлықақы, атақ үшін қосымша ақы, ерекше жағдайлар үшін үстемеақы) көзделген.
Осыған байланысты, 2019 жылғы 1 қаңтардағы және 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қолданыстағы тізім бойынша жалақы туралы мәліметтерді ұсыну мүмкін емес. Өйткені жоғарыда аталған қаулының таралуы шектеулі қолжетімділік сипаты бар («ҚБП» грифі), - делінген ТЖМ жауабында.
Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында орман өртін сөндіру станцияларын жаңартуға ақша бөлмей отырған облыстарды атаған еді.