«100 қадам»: Мемлекеттік қызмет - абыройлы міндет ретінде дамитын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған бес институционалдық реформаның бірінші бағыты «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталады. Әлбетте әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін ең алдымен мықты мемлекеттік аппарат қалыптастыру мәселесі мейлінше өзекті. Сондықтан да, «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын іске асыруда ең бірінші кезекте мемлекеттік қызметті дамытуға көңіл бөлінуі бұл Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, ең ақыры жаһандық және iшкi сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқарылуына деген салмақты саясатты білдіртсе керек.
Сосын мемлекеттік қызмет экономикалық-әлеуметтік бағдарламалардың сапалы атқарылуына да маңызды рөл атқарады. «Осы реформаның ең маңызды бөлігі кәсіби мемлекеттік аппарат құру және автономды мемлекеттік қызметті жетілдіру. Сол себептен бірінші институттық реформаның кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталғандығы кездейсоқтық емес. Себебі, күшті де маңызды мемлекеттік қызмет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына себеп болады. Жалпы алғанда мемлекеттің барлық институттарын жаңғырту жөніндегі Елбасының бес институттық реформасының маңызы зор. Ал «100 нақты қадам» ұлттық жоспарының алғашқы 15 қадамында Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесіне арналуы да сондықтан», - дейді Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахмеджанов жақында өткен брифингте.
Айта кетерлігі, Елбасының тапсырмасына сәйкес, жақында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия Елбасына бес институттық реформаға қатысты «100 нақты қадам» бағдарламасының орындалуы барысы талқыланған болатын. Онда да бірінші кезекте кәсіби мемлекеттік аппарат мәселесі жайы сөз болды. «Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу» деген тақырыпта арнайы брифинг өтіп, онда агенттік өкілі Саян Ахмеджанов алдағы реформаның маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлемде мемлекеттік қызметті жаңғыртудың екі моделі бар. Біріншісі, қызмет табалдырығымен өсу моделі болып табылады. Мұндай модель түрі Германия мен Жапония сияқты елдерге тән. Сәйкесінше, мұндай елдерде мемлекеттік қызметке тек төменгі лауазымдарға ғана алынады. Ондай қызметкерлерді біртіндеп лауазымы бойынша өсіру, басқа лауазымға ауыстыру тек саты бойынша кезең-кезеңімен жоғары қарай жүргізіле береді. Сондықтан да жоғары лауазымға сырттан кіру мүмкін де болмай қалады. Екінші қадам - позициялық қадам. Яғни, мемлекеттік қызметтің барлық позициясының (төменгі, орта және жоғарғы) ашық болуы. Кез келген лауазымға тек ашық конкурстық таңдау арқылы қол жеткізіле алады. Мұндай жүйе англосаксондық құқықтық типті елдерге: АҚШ, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және Канадаға тән. Қазақстанның аяғынан нық тұра бастаған кезеңінен бері, яғни 90-шы жылдардың ортасынан мемлекеттік қызмет институты қалыптасты. Мемлекеттің алдында тұрған экономикалық, әлеуметтік және өзге де күрделі қауіп-қатерлер жедел әрі қажетті мемлекеттік аппаратты құруға алып келді. Сондықтан позициялық жүйе барлық позицияға қолданылды. Толықтай алғанда, жүйе толық жасақталған болатын.
Қазақстанға келсек, бұған дейін елімізде мемлекеттік қызметті дамутдың реформалары тынбастан даму үстінде болды. Нәтижесінде қазақстандық басқару моделін Орталық Азия өңірі мойындай бастады десек артық емес. Елімізде мемлекеттік қызметін жетілдіру кезең-кезеңімен жүргізіліп, 2013 жылы мемлекеттік қызмет жүйесінде жаңа өзгерістер орын алды.
Ендігі кезек Елбасы атқаруды тапсырған реформалар арқылы кәсіби мемлекеттік қызметті жаңа сапаға шығару. Ал бұнда не жаңалықтар қамтылады? Экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемелдің айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге қатысты реформада ең алдымен жалақыны қызмет нәтижесіне қарай төлеу мәселесі өзекті болып табылады. «Бұл мемлекеттік қызметтің абыройын көтереді. Қолынан жұмыс келмейтіндер амалсыз орнын босатады. Сөйтіп, кешегі Кеңес заманынан келе жатқан теңгермешіліктен құтыламыз. Екінші мәселе, қызметтік пәтер беру деген өте дұрыс мәселе дер едім. Өйткені баспана мәселесі шешілген қызметкер еш нәрсеге алаңдамай, өз жұмысына құлшына кірісері хақ. Бұл өте дұрыс шешім. Сондай-ақ жаңа этикалық ережелерді енгізудегі оңды қадам. Расында, мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін жасайтын кез пісіп жетілді», - дейді Мырзагелді Кемел. Оның пайымынша, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» елімізде «2050 - стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын, «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайтын жоспар. «Тек енді осының бәрін рет-ретімен сапалы түрде іске асыра алсақ жарадық», - дейді ол.
Ал сенатор Қуаныш Айтаханұлы реформада қамтылған еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшудің маңыздылығын атап өтеді. Мұндағы нәтиже қалай болады? «Мемлекеттік қызметкерлер үшін жеке жылдық жоспарларды орындау, министрлер мен әкімдер үшін мемлекеттік қызмет сапасының арнаулы индикаторлары, өмір сапасы, инвестиция тарту үшін төленетін болады. Мысалы, өңір басшылары үшін негізгі индикатор өмір сапасы болуы керек. Ал өмір сапасы дегеніміз - тұрғындардың өмір сүру жасының ұзақтығы, туу мен өлім деңгейі, өңірдегі табиғи өсім, жұмыссыздық деңгейі, ауыз сумен, тұрғын үймен қамтамасыз ету және тағы басқалары. Қай өңірде халықтың өмір сүру деңгейі жоғары, өткен жылмен салыстырғанда өсу бар, сол өңірдің басшыларының жұмысына жақсы баға берілуі керек те, олардың лауазымдық айлығы жоғары болуы тиіс. Жыл қорытындысы бойынша оларға Үкімет белгілеген бонус, ал әкімдік қызметкерлері үшін сыйақы қарастырған жөн. Мұндай еңбекақы төлеу жүйесі мемлекеттік қызметкерлерді, мемлекеттік қызметті тиімді, сапалы, үлкен жауапкершілікпен атқаруға ынталандырған болар еді», - деп түйіндейді сенатор Қуаныш Айтаханұлы.
Шындығында, Елбасы ұсынған еңбекақы төлеудің бұл жүйесі мемлекеттік қызметте қордаланып келген бірқатар түйінді тарқатады. Ал ондай кешенді шаралардың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғаудың нақты жүйесі де құрылмақ. Бұл білікті кадрлардың, жалпы кадрлық әлеуеттің жоғарылауын, мемлекеттік органдардың, әсіресе, өңірлік деңгейде кадрлар құрамын кәсібилендіруді толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген сөз. Ендеше, Мырзагелді Кемел айтпақшы, айқындалған дүниелерді рет-ретімен әрі сапалы жүзеге асыру өзекті болып отыр.