«100 қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында әділсот институты енгізіледі
«Сот жүйесі алдында жаңа ауқымды міндеттер тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «100 қадам» Ұлт жоспары аясында сот құрылысы мен сот ісін жүргізуді түбегейлі жаңғырту көзделеді. Елбасы ұсынған реформаның негізгі тұжырымдары Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияда қолдау тапты. Соның ішінде соттың үш сатылы жүйесіне көшу, Жоғарғы сотта инвестициялық істер жөніндегі мамандандырылған алқа құру, Халықаралық консультативтік кеңес құру жоспарланып отыр. Судьяларды іріктеуде де салмақты реформалар күтіп тұр. Мәселен, судьялыққа үміткердің жасына қатысты қойылатын талап күшейеді, үміткерлер үшін сот ісін жүргізуге бес жылдық жұмыс өтілінің болуы туралы талап енгізіледі. Жеке кепілдік беру институты іске қосылып, жаңадан тағайындалған судьялар үшін бір жылдық сынақ мерзімі енгізіледі», - деп атап өтті Қайрат Мәми.
Төрағаның айтуынша, ҚР Жоғарғы сотына қарасты әділсот институтын енгізу де көзделеді. Оның жұмысын үш бағытта өрбіту жоспарланып отыр, бұлар: магистратура, іс басындағы судьялардың біліктілігін арттыру және ғылыми-зерттеу блогы.
«Іс басындағы судьяларға қойылатын талаптар да күшейеді. Сот қазылары құрамында тәртіптік және біліктілік алқалары қызмет етеді. Бұдан бөлек, жаңа еңбек заңнамасының тұжырымдамасына сәйкес, еңбек дауларына қатысты мамандандырылған соттарды құру туралы ұсыныс қолдау тапты. Бүгінгі күні бұған қатысты заң жобасы әзірлену үстінде. Бұл жұмыстарды біз қыркүйек айына дейін аяқтауға тиіспіз», - деді Қ.Мәми.