«100 нақты қадам» білім сапасын арттыруды көздейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекеттің негізгі қазығы - Елбасы ұсынған бес институттық реформа мен содан туындайтын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары екендігі белгілі. Осы маңызды құжаттарда еліміздің ертеңгі болашағы - жас ұрпаққа сапалы білім білім беру және оның тетіктерін барынша жетілдіру мәселесі жиі көтеріліп келеді. Біз бұған қуануымыз керек және оны барынша қолдауға тиіспіз.
Өйткені, жас ұрпақтың келешегі кемелді, білімі терең, ақыл-ойы мен парасаты биік болуына бүгінгі біздер, аға ұрпақ өкілдері, зиялы азаматтар айрықша жауаптымыз.Ұлт жоспары: «100 нақты қадамның» әрбір жолын оқыған сайын осындай ой түюге болады.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында білім беру жүйесіне байланысты айтылған қағидаларға қайта оралар болсақ, осы құжаттың 76-қадамында: «ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту. Жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру» мәселелері көтерілген екен. Уақыт, заман талабына сай туындаған бұл мәселелердің өз кезегінде орын-орнына келетіндігі сөзсіз. Мақсат - ілгері басу, экономиканы тұрақтандыру, әлеуметтік саланы барынша жандандыру болғандықтан, мұндай қадамдарды қолдау қажет.
77-ші қадамдағы: «Экономиканың алты негізгі саласы үшін 10 алдыңғы қатарлы колледж бен 10 жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарын тарту» қажеттігі айтылған. Мұның да пісіп-жетілген мәселе екені даусыз. Білікті кадрлар біздің елімізде жеткілікті. Бұл тәжірибені басқа да оқу орындарына таратқаннан еш ұтылмаймыз. Тәжірибе - көпке ортақ қасиетін ешқашан жоғалтпайды. Қазіргі таңда, әсіресе, Назарбаев зияткерлік мектептері өзінің білім саласындағы табыстарымен көзге түсіп үлгерді және осы білім беру ошақтарының тәжірибесі бүкіл ел ұстаздары үшін үлгі ретінде кеңінен таратылуға лайық. Бұл бағыттағы іс-шаралар оқушы жастардың сапалы білім алуына септігін тигізеді және жастардың бәсекеге қабілетті маманға айналуына ықпал етпек.
«Назарбаев Университеті тәжірибесін ескере отырып (78-қадам), ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту. Коммерциялық емес ұйымдардағы жекеменшік ЖОО-ларын халықаралық тәжірибеге сәйкес трансформациялау» мәселесі де орынды. Бұл міндет ЖОО-лардың қызметіне тың серпін беріп, ең бастысы, даярланатын кадрлардың сапасын көтеруге әсер етуі тиіс.
Ұлт жоспарының одан әрі 79-ші қадамында білім беру жүйесінде - жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшудің қажеттігі айтылған. Мұндағы басты мақсат - даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабылетін арттыру және білім беру секторының экспортық әлеуетін көтеру. Бұл еліміз үшін маңызды өмірлік мәселе ғой. Ағылшын тілі - әлемге кең тараған тіл. Бүкіл білім атаулының негіздері, ақпараттың көзі осы тілде дүниеге келеді. Оны бүлдіршіндерімізге балабақшадан, мектептен бастап тыңғылықты үйрете берсек, ештеңеден ұтылмаймыз. Болашақ маман жастардың қай-қайсысына да өз ана тілін, өзге де тілдердің бәрін білгеннің еш зияны жоқ. Көп тілділік бүгінгі заманға жарасады. Тек Қадыр ақын айтқандай, «өз тілімізді де қадірлей білейік». Ал, тіл білген адам әлемнің кез келген бұрышында емін-еркін жүре алады. Мұның бәрі, сайып келгенде, Қазақстан азаматтарының әлемдік дәрежеде білімді, кез келген саланы игерген толыққанды маман болуы арқылы елімізді жаңа бір белеске көтеруді көздейтін игілікті бастамадан туған іс-шара деп білеміз.