«100 нақты қадам» болашақ үшін жасалған жоспар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді дамытатын бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын белгілеп берді. Бұл - ұлт болашағы үшін жасалған нақты жоспар, халықтың әл-ауқатын барынша жақсарту, тұрмыс дәрежесін жоғары деңгейге көтеруден туған және де жан-жақты қорытындыланған тұжырымдар.

«100 нақты қадам» болашақ үшін жасалған жоспар

Бұған дейінгі жеткен жетістіктерімізге сүйене отырып, алға қарай қозғалу мемлекеттілікті дамытудың бір шарты болмақ. Сондықтан, ел дамуының 100 нақты қадамы әрбір саладағы еңбек ұжымдарынан алда атқарылар қыруар шараларға барынша ықтияттылықпен және жауапапкершілікпен қарауды талап етеді.

Елбасы нақты қадамдарды жәй ғана ұсынып қойған жоқ, тәуелсіз еліміздің бұдан былайғы дамуына басқаша көзқараспен қараудың, оны жаңа деңгейге көтеру үшін табандылық танытудың аса қажет екендігін алға тартты. Осы бағытта ұсынылған басты бағыттардың атқарылу жолдарын көрсетіп, мақсатын да дәл айқындап берді.

Бес институттық реформадан туындайтын 100 нақты қадам - бұл стратегиялық үлкен жоспар. 100 нақты қадамның «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты тарауы ел дамуының басты тетігі - экономикаға байланысты ең өзекті мәселелер тізбегін құрайды. Мұндағы 35-тен 84-ке дейінгі қадамдар елімізде экономикалық реформалардың кешенін жүзеге асырудың жағдайын жасайтын негіздерді қамтиды. Атап айтқанда, сол 35-інші қадамда: «Ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. Жер кодексіне және басқа да Заң актілеріне өзгерістер енгізу» мәселесі көтерілген. Жеріміз бай, ұшы-қиыры жоқ кең дегенімізбен де, жердің де сұрауы бар екендігін ұмытпауға тиістіміз.
Оның ішінде халықтың дастарханына көл-көсір өнім әкелетін ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, оларды нарықтық айналымға енгізу - бүгінгі күннің басты мәселесі екендігі даусыз. Бұл мәселеде әлі де шешілмеген түйіндердің бар екендігі рас. Соларды болдырмас үшін Жер кодексіне және басқа да Заң актілеріне өзгерістердің енгізілуі көзделген және бұл халық тарапынан қолдау табуы тиіс.

Осы тараудың 39-ыншы қадамында: «Кеден және салық жүйелерін интеграциялау. Тауар салық салу мақсатында Қазақстан аумағына кірген кезеңнен бастап оны сатқанға дейін бақылауға алынады» делінген. Бұл да экономикалық өсімге игі әсер ететін шара. Кедендік ресімдеулердің оңтайландырылуы, әлемдік тәжірибеге кереғар тариф саясатын жеңілдету шаралары осы салада ауқымды жұмыс жүргізуді білдіреді және олар басталып та кетті. Айталық, кеден ресімдерінен өту кезінде «бір терезе» қағидатын, электронды жүйе енгізу, қажетті құжаттар санын азайту экспорт пен импортпен айналысушыларға үлкен жеңілдік болмақ. Сондай-ақ, кеден және салық жүйелерінің жұмысына бұл қадамның да оң өзгеріс әкелері сөзсіз.
Сондай-ақ, құрылыс, электр энергетикасы, жол-көлік инфрақұрылымы, өндірістік инновациялар енгізу, осы салаларда жаңа нормативтерді енгізу,
оларды қаржыландыру, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, еңбек қатынастарын ырықтандыру, жаңа Еңбек кодексін әзірлеуге қатысты қадамдардың да көтеріп тұрған жүктері салмақты. Басты міндет - экономикалық даму серпінін қамтамасыз етуден туындайтын бұл іс-шараларды іске асыру экономиканы әртараптандыру есебінен жүргізіледі және мұның бәрі елдің әл-ауқатын көтеру жолындағы шешуші бағыттарды құрайды. Бір сөзбен айтқанда, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылу үшін елімізде жаңа индустрияландыру мен экономикалық өсімнің қарқыны жоғары деңгейде болуы шарт. «100 нақты қадам» бізді осыған бастайды және де ол баршаның көкірегіне үміт отын ұялататын маңызды құжат.