Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«100 нақты қадам»: Экспортқа шығару үшін заманауи технологияларды қолданып, сапалы ет өнімдерін өндіру қажет - М.Оңғарбеков

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыз алдымызға міндет етіп қойған «100 нақты қадамда» ет өндірісі мен оны өңдеуді дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл ретте осы салаға қаржы сала отырып, сапалы ет өндіре білсек қана оны экспортқа шығара аламыз. Бұл туралы БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков мәлім етті.

«100 нақты қадам»: Экспортқа шығару үшін заманауи технологияларды қолданып, сапалы ет өнімдерін өндіру қажет - М.Оңғарбеков

Оның айтуынша, өңірде жылма-жыл тірілей салмақта 75 мың тоннаға жуық ет өндіріледі. Биылғы төрт айда 19,5 мың тонна ет өндіріліп, өткен жылғыдан 3,8 пайызға артып отыр.

Елімізде 2011-2015 жылдары жүзеге асырылып жатқан «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасы» аясында облысқа 5,3 мың тонна етті экспорттау жоспары берілген. Бұл бағытта 2011 жылдан бері 2777,8 тонна ет және ет өнімдері сыртқа жөнелтілсе, соның 312,2 тоннасы биылғы жыл еншісінде. 2015 жылы жасалған келісімге сәйкес облыс 2200 тонна сиыр етін экспорттауды көздеуде. Аталған жоба аясында Ақжайық, Зеленов, Жәнібек, Қазталов және Шыңғырлау аудандарында барлығы 11,8 мың басқа арналған мал бордақылау кешендері салынып, жұмыс жасауда. Бұған қоса, төрт шаруашылық 2800 басқа арналған мал бордақылау алаңдарын тұрғызу үстінде.

Облыста «Ибрагим» ЖШС, «Жайық ет» ЖШС, «Кублей» ЖШС, «Береке» ЖШС және Орал қаласында 12 шағын цех етті қайта өңдеумен айналысады. Қайта өңдеу кәсіпорындары жыл басынан бері 2545 тонна шұжық, 406 тонна ет және қосалқы тағам өнімдері, 2107 тонна ет қалбыры, 1430 тонна балық және балық қалбырларын өндірді. Соңғы жылдары импортты қысқарту және отандық өнім түрлерін кеңейту мақсатында өңірде 11,5 млрд. теңгеге 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде ірі жобалар қатарында 8640 басқа арналған «Кроун Батыс» ЖШС мал бордақылау алаңы, 12 мың басқа арналған «Щапов» шошқа кешені, ауысымына 20 тонна ет және шұжық өнімдерін шығаратын «Жайық ет» ЖШС қайта өңдеу кешенін айтуға болады. Бұл облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ет өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға септесетіндіктен, осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Айталық, Ақжайық ауданында «Батыс Марқа Ламб» ЖШС тәулігіне 1400 бас бағланның етін өңдейтін кешенді іске қосып, қазір ол тестілеу режімінде жұмыс жасауда. Сондай-ақ Орал қаласындағы «Кублей» ЖШС ауысымына 10 тонна ет (70 ірі қара) өндіретін қасапхана құрылысының бірінші кезеңін аяқтап қалды. Бұл кешен кәсіпорынның өз қаражаты мен банк несиесі есебінен бой көтеруде. Мұндағы мақсат - қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, ет пен теріні, малдың ішек-қарнын алғашқы өңдеуден өткізетін мал сою кәсіпорнын құру. Сырым ауданында «Жібек жолы» шаруа қожалығы жобалық құны 44,5 млн. теңгеге бағаланған мал сою бекетін салып бітірді. Жалпы, өңірде қайта өңдеу саласы бірқалыпты дамып, шығарылатын өнім түрі көбейіп әрі сапасы жақсарып, онымен айналысатын кәсіпорындар саны арта түсуде.

Елбасы тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытып, сыртқы экономикада сапалы өзгерістерге қол жеткізу, импортты қысқартып, экспортты ұлғайту бағытында қолға алынған «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 2015 жылдан қайта өңдеуші кәсіпорындар үшін ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеп, дайын өнімді өндіргені үшін шикізат сатып алу шығындарын субсидиялау бағдарламасы өз жұмысын бастайды. Ал 2016 жылы сауда және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар үшін қосымша құн салығын субсидиялау жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде жүргізілуде.

«Осындай жаңа бағдарламалар ауыл шаруашылығы өнімі өндірісі мен оларды қайта өңдеу көлемін арттырып, өңірдің экспорттық әлеуетін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы, мемлекет қолдауына сүйене отырып, Елбасы белгілеп берген нақты қадамдарды жүзеге асыруға ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері де қомақты үлестерін қоса алады», - деп түйіндеді ойын М.Оңғарбеков.