100 нақты қадам: Қазақстанның жеке сот орындаушылар институты толық қалыптасты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы конституциялық кепілдіктің маңызды құралы - сот актілерінің орындалуымен тікелей байланысты. Айта кетерлігі, осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанның сот актілерінің орындаушылық деңгейі де, оның сапасы мен тиімділігі де отандық және шетелдік сарапшылар тарапынан жиі сынға ұшырайтын еді.

100 нақты қадам: Қазақстанның жеке сот орындаушылар институты толық қалыптасты

Оның үстіне бұл әділ сын болатын. Өйткені, осыдан 5 жыл бұрын сот орындаушының мәртебесі төмен, жалықысы мардымсыз,  материалдық-техникалық қамтылуы жоқтың қасы, ал түсетін жүктеме адам төзгісіз еді. Салдарынан тоқырауға ұшырай бастаған сот орындаушылар қызметінен білікті мамандар кете бастаған. Алайда, соңғы бес жылда сот орындаушылығы саласындағы реформалар бұл салаға қайта жан бітіргендей болды. Ал Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы түбегейлі реформалар аясындағы 27-і қадам жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту және сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқартуды қарастырған болатын.

Осы бағытта былтырғы жылы арнайы заң қабылданып, Қазақстандағы жеке сот орындаушыларының өкілеттіктері кеңейтілді. Атап айтқанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке сот орындаушылардың құзыретіне мемлекеттен өндіріп алу, одан әрі мемлекет пайдасына 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын соманы өндіріп алу туралы құжаттарды, мемлекет мүддесінде жүргізілетін үйден шығару, бұзу, жер учаскелерін алып қою туралы құжаттарды қоспағанда, атқарушылық құжаттардың барлық санаттары берілді.

Әділет министрі Берік Имашевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы жеке сот орындаушыларының саны 1 200-ді  құрайды, бұл 2015 жылғы 1-тоқсанымен салыстырғанда 2 есеге көп, ал жеке орындау саласындағы көмекшілерді есепке алғанда, жалпы 4 мыңға жуық адам осы салада қызмет етеді. Осылайша, тек Алматыда - 173, Астанада - 138, Оңтүстік Қазақстан облысында - 120, Қарағанды облысында - 116 жеке сот орындаушысы тіркелген. Яғни, республиканың орташа алғанда шамамен 20 мың тұрғынына бір жеке сот орындаушысы қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткіш еуропалық стандарттарға да сай келеді.

«Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 1-тоқсанда жеке сот орындаушыларының орындауында  924 мың іс жүргізу бар болатын. Бұл мемлекеттік сот орындаушыларындағы істер санынан шамамен 300 мыңға көп. Оған қоса, жаңа заңнамалық өзгерістердің өзі олардың жұмыс көрсеткіштерінің анағұрлым тиімді екенін көрсетті. Мәселен, ағымдағы жылғы 3 ай ішінде мемлекеттік сот орындаушыларына қарағанда жеке сот орындаушылары сот актілерін 4 млрд. теңгеге көп өндіріп алды», - дейді Әділет министрі. Оның айтуынша, егер бұрын жеке сот орындаушылары коммерциялық пайдалы іс жүргізуді ғана орындауға қызығушылық білдірсе, қазір істердің басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар санаттарын орындауға, атап айтқанда, алимент өндіріп алуға бағытталған. Өйткені, осындай істерді орындағаны үшін ақы төлеу бюджет есебінен көзделеді. Осының арқасында соңғы жылдары алимент мүлдем төленбеген құжаттардың саны айтарлықтай, атап айтқанда 76 пайызға төмендеді, яғни 15 мың құжаттан 3 жарым мыңға дейін азайып отыр.  

«Жалпы алғанда еліміздегі реформалар нәтижесінде жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту үшін берік негіз жасалды. Сонымен қатар, бұл салада әлі шешімін табуы тиіс мәселе де бар. Айталық, сот орындаушылары жұмысының тиімділігін арттыруда тиісті түрде ұйымдастырылған прокурорлық қадағалаудың маңыздылығы бар екені сөзсіз. Мысалы, 1,5 мың іс жүргізуге бір талап қойылса, оның барлығын прокурорға ұсынып, түсініктеме беру қажет. Бұдан басқа, үнемі ауызша түрде ақпарат беру талап ете отырып, оған тығыз мерзім, яғни бір сағат қана уақыт беріледі. Осыған орай, Әділет министрі ретінде мен Бас прокурорды Ұлт жоспарының 27-қадамын орындау үшін атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамада қабылданған көптеген өзгерістерге байланысты мәселелерді қайта қарауды сұрайтын боламын», - дейді Берік Имашев.

Ал Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров «100 нақты қадамның» 27-і қадамы бойынша елімізде жеке сот орындаушылары институты толық қалыптасқанын, тұтастай алғанда, олар қазірдің өзінде оң нәтижелерін беріп отырғанын алға тартады.

«2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, жеке сот орындаушылары институтына көптеген атқарушылық құжаттар, оның ішінде алименттерді, жалақы бойынша берешектерді өндіріп алу және басқалары сияқты әлеуметтік маңызы бар істер санаты өтті. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында жеке сот орындаушылары 80  пайыздан астам атқарушылық іс жүргізуді қозғады. Бүгінгі күні олардың «қоржынында» 1 млн-нан астам іс бар», - дейді Н. Әбдіров. Оның келтірген мәліметіне қарағанда, егер өткен жылдың бірінші тоқсанында 45 мың іс жүргізу нақты орындалса, ағымдағы жылдың осындай кезеңінде бұл көрсеткіш екі еседен көп, 106 мыңға дейін өсті.

«Жеке сот орындаушылары негізін құрайтын жаңа модельге көшу мемлекеттен олардың санын арттыруды ғана талап етпейді. Өйткені, осы кәсіптің функционалдық тиімділігі мен коммерциялық тартымдылығы арасында үйлесімді теңдікке қол жеткізу барынша маңызды. Өзін-өзі қаржыландыру, төлемдер жасамау, борышкердің банкрот болуы, заңнамалық шектеулер және көптеген басқа да факторлар жеке сот орындаушыларының қызметі үшін кәсіптік тәуекелдер тудырып отырғанын да ескеруге тиіспіз. Аталған олқылықтар сот орындаушылық қызметі нарығының тартымдылығы мен оның дамуына әсер етеді», - деп тұжырымдайды депутат Н. Әбдіров.

Оның айтуына қарағанда, жеке сот орындаушыларының әлеуметтік қолдау мәселелері де назар аударуды керек етеді. Мәселен, аяқталған істердің 40-45 пайызы бойынша ғана жеке сот орындаушысының шығындары өтелген. Яғни, әрбір екінші аяқталған атқарушылық іс бойынша жеке сот орындаушысының қызметі ақталмайды деген сөз. Сондықтан да депутат алдағы уақытта жеке сот орындаушыларының жұмысын одан әрі жетілдіру қажет деп санайды.

«Жеке сот орындаушыларының жұмысын жетілдіру - бұл жаңа институттың табысты болуына апаратын жол. Статистикалық деректерге сәйкес, 2016 жылдың бірінші тоқсанында республикадағы соттарға азаматтардан сот орындаушыларының әрекеттеріне дау айту туралы 1803 арыз, оның ішінде жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне 281 арыз келіп түсті. Алайда, сот олардың бәрін бірдей негізді деп танымаған. Дегенмен, халық тарапынан келіп түсетін шағымдар санының салыстырмалы түрде аз болуы жеке сот орындаушыларын жұбатпауға тиіс. Керісінше, өтініштерді талдау олар үшін маңызды ақпарат көзі, жеке сот орындаушыларының жұмысын жетілдіру жөніндегі күнделікті жұмыс үшін материал болуға тиіс», - деп түйіндейді ол.

Бұдан бөлек, депутат жеке сот орындаушылары үшін жалақы мен алименттер бойынша берешектердің әлеуметтік маңызды санатын орындауға байланысты ахуал бұрынғыша өзекті болып қала беретінін алға тартады. Жоғарыда айтылғанындай, ағымдағы жылдан бастап бұл санат жеке сот орындаушыларының айрықша құзыретіне жатқызылған болатын.

«Тұтастай алғанда, сот орындаушыларында 242 мыңнан астам алимент істері жатыр, оның ішінде жеке сот орындаушыларында - 23,4 мың, мемлекеттік сот орындаушыларында - 219 мың іс бар. Бұл ретте, 12 мыңнан астам ата-ана алимент төлеуден қасақана жалтарып жүр деген сөз. Өкінішке қарай, алименттерді қасақана төлемеушілердің басым көпшілігінің кез келген жазадан қашу практикасы қалыптасқан. Алайда, проблеманың осыншама өзектілігі барлық уәкілетті органдардың осы мәселеде бірыңғай тергеу және сот практикасын әзірлеуін талап етеді. Ал әзірше, бұл мәселе сот орындаушылары мен жалғыз өзі балаларын бағып-қағып отырған анадан басқа ешкімге керек болмай отыр», - деп атап өтеді Н. Әбдіров.

Шындығында, алимент мәселесіне келсек, осы бір күрделенген, қордаланған проблеманы шешу үшін жеке сот орындаушыларына берілген өкілеттік бір жағынан қоғамның әлеуметтік күйзелісін шешу үшін болса, екінші жағынан  мемлекетке көмектесуі үшін жасалған қадам секілді. Ендеше, бұл істе жеке сот орындаушыларының тиімділігін әрі қарай да дамыту маңызды болмақ.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарында құқық тәртібі және заңдылық мәселесіне ерекше назар аударылған.

Ұлт жоспарында: «Екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде.

Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі мен жаңа «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді.

Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.

Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе - сапалы судьялар корпусын жасақтау.

Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.

Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс.

Судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады.

Осымен байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттілігі кеңейтілген автономды мемлекеттік мекемеге айналатын Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды.

Сот реформасының маңызды қыры - сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өту.

Тек бірінші, апелляциялық және кассациялық инстанциялар қалады. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтілетін болады. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады.

Қазақстандағы сот төрелігі азаматтардың жеке өмірінің құпиялығына кепіл құқын есепке ала келгенде барынша ашық бола түседі.

Сот залдары сот істерін аудио және видеожазудың аппаратураларымен жарақтандырылады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді.

Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді.

Сот жүйесін реформалау шеңберінде бірқатар институттық шешімдер жұмыс істей бастайды.

Біріншіден, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылады.

Сот жюриі азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне және судьялық корпус өкілдерінің қабылданады деп күтіліп отырған Этикалық кодексті бұзу жағдайларына байланысты арыз-шағымдарын қарайтын болады.

Екіншіден, Жоғарғы Сот жанынан дауларды, оның ішінде, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін мамандандырылған алқа құрылатын болады.

Оның шеңберінде шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады.

Үшіншіден, қылмыстық іс жүргізу шеңберінде соттарда, оның ішінде сотқа дейінгі кезеңде, айыптау мен қорғау арасында теңгерім қамтамасыз етілетін болуы тиіс.

Бұған адамның конституциялық құқы мен бостандығын шектейтін тергеу судьясының барлық тергеу әрекетін санкциялау бойынша өкілеттіліктерін одан әрі қарай кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады.

Төртіншіден, қазақстандық соттардың төрағалары - құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екенін ұмытпау маңызды.

Сондықтан олардың тарапынан басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі мүлдем болмайды.

Бесіншіден, мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңімен қысқарту арқылы жеке сот орындаушыларының институты одан әрі дамытылады.

Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтатын шаралардың маңызы ерекше.

Менің тапсырмам бойынша бүгінде құрметті зейнетке шыққан судьяларды зейнетақылық қамтамасыз ету бойынша барлық мәселелерін шешуді қарастыратын заң қабылданғаны белгілі. Бұл судьяларға бар күш-жігерін сот төрелігін барынша объективті атқаруға аудару мүмкіндігін береді.

Бұдан бөлек, бізге барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізуіміз қажет.

Бұл үшін жергілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылады. Осындай қызмет тұтастай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше бірқатар елдерде өзін жақсы танытты.

Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр.

Осы жаңалықтар жаңа заңнамада көрініс тапқан. Онда, сондай-ақ, азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полициялардың үстінен түсірген арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік-кеңестік органдар жүйесін құру қарастырылған.

Сондай-ақ, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталы құрылатын болады. Мұндай тетік әлемнің бірқатар елдерінде табысты қолданылып келеді. Осы веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жедел енгізіледі. Бұл жұртшылықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді.

Пенитенциарлық жүйені жақсарту көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту шеңберінде жүргізілуі тиіс.

Шетелдердің табысты тәжірибелері жеке секторды пенитенциарлық мекемелерді салу мен пайдалануға тарту жөніндегі шараларды жүзеге асырудың негізі болуы тиіс.

Сондай-ақ, бұған дейін заңнан аттап, сонысы үшін жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал ету маңызды.

Бұл үшін әлеуметтік оңалту кешенді дамытылып, жазасын өтеп жатқан азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілетін болады.

Тұтастай алғанда, Қазақстанда құқықтық мемлекеттің орнықтырылуы - біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз. Белгіленген шаралар мен қадамдарды жүзеге асыру азаматтардың, сондай-ақ, шетел инвесторларының ұлттық сот және құқық қорғау жүйесіне сенімін арттырып, тұтастай алғанда, еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартады» делінген.

 


***

II. ЗАҢНЫҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

16-қадам. АЗАМАТТАРДЫҢ СОТ ТӨРЕЛІГІНЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН ЖЕҢІЛДЕТУ ҮШІН СОТ ЖҮЙЕСІ ИНСТАНЦИЯЛАРЫН ОҢТАЙЛАНДЫРУ. БЕС САТЫЛЫ СОТ ЖҮЙЕСІНЕН (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) ҮШ САТЫЛЫ (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу.

17-қадам. Судья лауазымына КАНДИДАТТАРДЫ ІРІКТЕУ ТЕТІКТЕРІН КӨБЕЙТУ ЖӘНЕ БІЛІКТІЛІК ТАЛАПТАРЫН ҚАТАЙТУ. Міндетті түрдегі талап - сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі. Кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу. Судьялыққа үміткерлер СОТТАРДА стипендия төленетін БІР ЖЫЛДЫҚ ТАҒЫЛЫМДАМАДАН өтеді. Бір жылдық тағылымдамадан кейін судья БІР ЖЫЛДЫҚ СЫНАҚ МЕРЗІМІНЕН өтеді. 

18-қадам. Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін СОТ ТӨРЕЛІГІ ИНСТИТУТЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫНАН бөлінуі керек. Аталмыш институт Жоғарғы Соттың жанында жұмыс істеп, қызмет бабындағы судьялардың біліктілігін тұрақты түрде арттыруды қамтамасыз ететін болады. 

19-қадам. СУДЬЯЛАРДЫҢ ЕСЕП БЕРУ ТӘРТІБІН КҮШЕЙТУ. СУДЬЯЛАРДЫҢ ЖАҢА ЭТИКАЛЫҚ КОДЕКСІН жасау, соның негізінде азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы СОТ АЛҚАСЫНА шағымдана алатын болуы керек.

20-қадам. БАРЛЫҚ СОТ ПРОЦЕСТЕРІНЕ БЕЙНЕ ЖӘНЕ ТАСПАҒА ЖАЗУ ШАРАЛАРЫН міндетті түрде енгізу. Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс.

21-қадам. Алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңейту. Заңды түрде АЛҚА БИЛЕР СОТЫ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ҚАТЫСТЫРЫЛАТЫН қылмыстық істердің категорияларын анықтау қажет.

22-қадам. АДАМНЫҢ ЖӘНЕ АЗАМАТТАРДЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫН ШЕКТЕЙТІН БАРЛЫҚ ТЕРГЕУ ҚЫЗМЕТІ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛЕТТІЛІКТІ тергеу судьясына біртіндеп беруді ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ АРҚЫЛЫ СОТТА АЙЫПТАЛУШЫ ЖӘНЕ ҚОРҒАУШЫ АРАСЫНДАҒЫ ТЕҢГЕРІМДІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ.

23-қадам. ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ДАУЛАР БОЙЫНША жеке СОТ ІСТЕРІН ЖҮРГІЗУДІ құру. Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АЛҚАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ.

24-қадам. Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында AIFC ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРБИТРАЖДЫҚ ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРУ.

25-қадам. Шетелдік және халықаралық соттардың ҮЗДІК СТАНДАРТТАРЫ БОЙЫНША СОТ ІСТЕРІН ЖҮРГІЗУДІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН ЖОҒАРҒЫ СОТ ЖАНЫНАН БЕДЕЛДІ ШЕТЕЛДІК СУДЬЯЛАР МЕН ЗАҢГЕРЛЕР қатысатын халықаралық кеңес құру. Кеңес қазақстандық сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Жоғарғы Сотқа кеңес беріп отырады.

26-қадам. Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға ПРОКУРОРДЫҢ ҚАТЫСУЫН қысқарту. Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізу.

27-қадам. Жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту. СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІН БІРТІНДЕП ҚЫСҚАРТУ.

28-қадам. Полиция қызметкерлерін ІСКЕРЛІК ҚАБІЛЕТТЕРІ НЕГІЗІНДЕ ІРІКТЕУ ЖҮЙЕСІН ЖАҚСАРТУ Кәсіби дағдыларын және жеке тұлғалық қасиеттерін тексеру үшін іс басындағы полиция қызметкерлерін және қызметкерлікке кандидаттарды тестілеудің арнайы жүйесін енгізу.

29-қадам. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСУ. Әрбір құқық қорғау қызметінің ведомстволық ерекшеліктеріне сәйкес бірыңғай қызмет ету ережесін енгізу.

30-қадам. Жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІН құру. Жергілікті полиция қызметінің өкілеттілігі: қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі, ұсақ құқық бұзушылыққа атымен төзбеушілік. Жол-бақылау полициясының қызметкерлері полиция қызметкерлерінің жұмыс ауысымы кезінде атқарған ісінің барлығын жазып отыратын бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі.

31-қадам. Этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне ШАҒЫМДАНҒАН АЗАМАТТАРДЫҢ АРЫЗЫН ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЖҮЙЕСІН ҚҰРУ АРҚЫЛЫ полицияның ашықтығын қамтамасыз ету. ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІМЕН ӨКІЛЕТТІЛІГІ ЗАҢДЫ ТҮРДЕ БЕКІТІЛЕТІН БОЛАДЫ.

32-қадам. «Қылмыстық құқық бұзу картасы» ұлттық ақпараттық жүйесі негізінде «ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУ КАРТАСЫ» интернет-порталын құру. Бұл картада елімізде 1 аптадан әрі кетпейтін мерзімде жасалған барлық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелетін болады. Бұл ҚОҒАМҒА ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ЖҰМЫСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІН БАҚЫЛАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ.

33-қадам. Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру. Осындай азаматтар үшін АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ СТАНДАРТТАРЫН ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ОҢАЛТУДЫҢ КЕШЕНДІ СТРАТЕГИЯСЫН жасау.

34-қадам. МЕМЛЕКЕТ-ЖЕКЕМЕНШІК СЕРІКТЕСТІГІН ДАМЫТУ ШЕҢБЕРІНДЕ пенитенциярлық инфрақұрылымды жаңғырту. Пенитенциярлық мекемелерді салуға, ұстауға және басқаруға жекеменшік секторды тарту жөнінде ұсыныстарды екшеу және халықаралық тәжірибені зерттеу.