«100 нақты қадам»: Қоғамдық кеңестер билік жүйесінің халықпен етене қызметін қамтамасыз ететін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты Парламенттің қызу жұмысқа кіріскен кезі қазір. Әлбетте, реформалардың уақтылы іске асуына ең бірінші кезекте заң шығарушы биліктің атқарары аз емес екені түсінікті.

«100 нақты қадам»: Қоғамдық кеңестер билік жүйесінің халықпен етене қызметін қамтамасыз ететін болады

Сонымен қатар, Елбасының соңғы сайлаудағы тұғырнамасы ретінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының күн тәрті­біне шығаруының өзі заман талабынан туындап, ондағы көр­сетілген әрбір мәселе қоғам дамуы үшін маңызды әрі ел экономикасының ғана емес ұлттың әлеуметтік, мәдени-рухани саласының ілгерілеуіне де зор ықпалын тигізетіні анық. Ендігі міндет ондай тапсырманы көпке созбай әрі сапалы әрі уақтылы өмірге енгізу болатын. Соған орай, Мәжіліс осы аптада Ұлт жоспарын жүзеге асыру тетігі болып табылатын заң жобаларының үлкен топтамасын мақұлдады. Соның ішінде «100 нақты қадамның» 31-қадамындағы: «Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттігі заңды түрде бекітілетін болады» деген Елбасы тапсырмасына орай «Қоғамдық кеңестер туралы» жаңа редакциядағы заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданып отыр.

Бір топ Мәжіліс депутаттарының бастамашылығымен әзірленген заң жобасының басты мақсаты еліміздегі Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін бекіту, оларды қалыптастыру және халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып табылады. Бұдан бөлек, заң жобасы арқылы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына қоғамдық институттар мен азаматтарды кеңінен тартуға бағытталған қызметтері де ұйымдастырылмақ. Бұл ретте қоғамдық кеңестер арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда орталық министрліктермен, ел Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдармен, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін органдармен, сонымен қатар, жергілікті мемлекеттік, өзін-өзі басқару органдарымен бірлесе отырып құратын консультативтік-кеңесші және байқаушы органдар ретінде жұмыс істейтін болады. «Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған баяндамасында да Қазақстанның мемлекеттік билік тарихын халықпен біртұтастығына айрықша тоқталып, терең тарихымызға сүйене отырып, жаңа заманда болашақтың сындарлы талаптарына, озық әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын қуатты мемлекет - Мәңгілік Ел болу мақсаттарына ерекше назар аударған болатын. Осы тұрғыдан алғанда заң жобасының да басты мақсаты - қоғамдық кеңестердің қатынасуы арқылы стратегиялық жоспарлар мен өңірлерді дамыту, бюджеттік, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жобаларын нысаналы индикаторларға қол жеткізулерде азаматтық қоғамның белсенді қатынасу мүмкіндігін арттыру болып отыр. Сонымен бірге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және талқылау кезінде мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал ету көзделеді», - дейді заң жобасы авторларының бірі депутат Қуаныш Сұлтанов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанында көптеген кеңестер мен комиссиялардың жұмыс істеу тәжірибелері баршылық. Олардың басым бөлігі едәуір ықпалды қоғамдық жұмыстарды да атқару үстінде. Алайда, олардың мәртебесі мен өкілеттіктері ешбір заңменен белгіленбеген. Заң жобасы осындай олқылықтың да орнын толықтыратын болады.

Ал заң жобасын әзірлеу барысында өңірлерде түрлі талқылаулар өткізілумен қатар әлемдік тәжірибелерге де жіті назар аударылған. «Әлемнің әр елдерінде қоғам мен билік арасында Қоғамдық кеңестер әріптестік, консультациялық тетіктер ретінде белгілі тәжірибе жинақтаған. Демократиялық елдерде белгілі бір мәселе бойынша қоғамның ойы мемлекеттік саясаттың орындалу бағытына айтарлықтай әсер ететіні бар. Мысалы, Францияда Экономикалық және әлеуметтік кеңес қызметі Конституцияда қарастырылған. Чехияда қоғамдық кеңестің қызметі Президенттің нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі»,- дейді Қуаныш Сұлтанов. Оның айтуынша, Қоғамдық кеңестердің институттар мен азаматтардың барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдерге кеңінен қатынасуын қамтамасыз ету бойынша қоғамның жауапкершілік нысаны арттыра түседі.

Қоғамдық кеңестер қызметіне келсек, олардың қызметіндегі басты нысан - қоғамдағы маңызды мәселелер бойынша қоғамның пікірін білдіру болып табылады. Яғни, Қоғамдық кеңестер түрлі мәселелерге қатысты қоғамның пікірін билік органдарына жеткізеді, өз кезегінде билік органдары ондай ұсынымдарды қарауға міндетті болып табылады. «Қоғамдық кеңестер шешімдері ұсынымдық сипатта болады әрі олар міндетті түрде қаралуға жатады. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестердің берген бағасы мемлекеттік органдардың рейтингін айқындаған кезде ескеріледі. Бастапқы кезеңде Қоғамдық кеңестер құрамын бекіту аумақтарда мәслихат хатшысына жүктеледі. Мәслихат хатшысы жұмыс тобын құрады, ол мәслихат хатшысы, ішкі саясат басқармасының басшысы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалының, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың, саяси партиялар мен азаматтық қоғамдардың өкілдерінен құралады. Ал мемлекеттік органдардың қызметі қоғамдық бақылау объектісі болып табылады», - дейді Қуаныш Сұлтанов.

Заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес, Қоғамдық кеңестер екі деңгейде - республикалық және жергілікті деңгейде құрылады.

Атап өтер жайт, Қоғамдық кеңестер дербес қызмет ететін тәуелсіз құрылым болып табылады. Республикалық кеңестерге арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, қоғамдық инстиуттар министрліктермен, ел Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдармен, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін органдармен бірлесе құрылатын кеңестер жатады. Ал жергілікті деңгейдегі кеңестер бойынша ауыл, село, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі қоғамдық кеңестердің қызметі жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі. Қоғамдық кеңестердің отырыстары мен бүткіл қызметі ашық болады. Олардың ұсынымдары Қазақстанның заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады.

Азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, ортақ және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету қоғамдық кеңестердің негізгі қызметі саналады.

«Ашықтық тұрғысынан келсек, Қоғамдық кеңес жұмысының жариялылығына қатысты жұртшылықпен мемлекеттік органдар арасындағы іс-қимыл бойынша халыққа ақпарат беру сайттарда, БАҚ-та, соның ішінде онлайн режімінде кеңес құрамы, отырыстар күн тәртібі, қабылданған шешімдер туралы ақпараттар беріледі. Баспасөзде, интернетте қоғамдық кеңес есептерін жариялау, әлеуметтік желілерде интерактивтік сұхбат жүргізу шаралары қамтамасыз етіледі», - дейді депутат Қуаныш Сұлтанов.

Құжатта қамтылған және бір жаңалық «қоғамдық бақылау» ұғымын енгізуге байланысты болып отыр. Бұл ретте қоғамдық бақылау деп қоғамдық бақылау субъектілерінің, қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік орган жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау нысандарында жүзеге асырылатын қызметтер түсіндіріледі. Осылайша, заң жобасында елімізде халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына қоғамдық институттар мен азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз ет бойынша мемлекеттік саясатты іске асырушы маңызды құрал ретінде Қоғамдық кеңестерді құруға құқықтық негіз қаланады.

Түйіндей айтсақ, заң жобасы Қоғамдық кеңестер қызметі арқылы билік жүйесін қоғамға жақын, ашық болуына, конституцияда белгіленген демократиялық қоғам қалыптасуға ықпал ететіні болжанып отыр.