«100 нақты қадам»: Пенитенциарлық жүйе халықаралық стандарттарға көше бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Н. Назарбаев бастамасымен жүзеге аса бастаған бес институттық реформа аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары Қазақстандағы жаңа құқықтық ортаны қалыптастырады. Десе де, бағдары айқын реформаның табысты орындалуы, ең алдымен, заң үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты екені сөзсіз. Сондықтан да Ұлт Жоспарында қамтылған қадамдар заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше мән беріп, осы бағытта қызмет атқаратын құқық қорғау органдарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Реформалар аясында қоғамды жаңғыртудың бір қадамы ретінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі пенитенциарлық жүйені дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Ол бойынша Ұлт Жоспарының 34-ші қадамында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдану тетігі қарастырылған болатын. Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұловтың айтуынша, азаматтар үшін заң үстемдігі мен әділдіктің салтанат құруына қылмыстардың көптеп ашылуы ғана емес, сонымен бірге қылмыскерлерге әділ жаза тағайындау да маңызды рөл атқарады. Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, үнемі жаза кесіп, бас бостандығынан айыратын үкімдерді күшейту қылмыспен күресте тиімді құрал болған емес. Бұл негізінен қылмыскерлерді қоғамнан оқшаулауға соқтырып, оны қайта тәрбиелеудің орнына, керісінше адамды одан сайын тұқыртады. Соның салдарынан қоғамнан жырақта өмірін өткізген қылмыскердің жазасын өтеп шыққаннан соң әлеуметтік ортаға бейімделуі оңай болмайды.
«Сондықтан да, көптеген дамыған елдерде жазаның балама тәсілдері белсенді қолданылып, пробация қызметін дамытуға, түзеу мекемелерінің инфрақұрылымын жаңғыртуға мейлінше назар аударыла бастады. Қазақстан да өз Тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап пенитенциарлық жүйесін ізгілендіріп, оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстарын қолға алды. Көпжылдық реформалардың нәтижесі де жаман емес», - дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұлов. Оның айтуынша, егер 2002 жылы Қазақстан «түрмедегілер саны» индексі бойынша әлемде 3-ші орында болса, қазіргі таңда еліміз ондай жағымсыз үштіктен кетіп, 61-ші орынға сырғыдық.
Бұдан бөлек, реформалар аясында Қылмыстық-атқару жүйесі Әділет министрлігінің құзырынан Ішкі істер министрлігінің қарамағына қайта өтіп, ведомство осы саланы жаңғыртуды одан әрі жалғастырған болатын. «Қазіргі таңда түрмелерде құқықтық тәртіп орнықты. Онда орын алатын қылмыстар деңгейі де 45 пайызға азайып, өрескел құқық бұзушылықтар 42 пайызға, өзіне қол жұмсау оқиғаларының көрсеткіші 25 пайызға кеміген. Түзеу мекемесінің әкімшілігіне сотталушылар тарапынан түсетін арыз-шағымдар саны да жеті есеге қысқарды», - дейді Б. Бисенқұлов.
Реформаның осындай жағымды нәтижелерімен қатар, жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-атқарушылық, Қылмыстық-процессуалдық кодекстер еліміздегі «түрме халқының» санын азайтуға өз септігін тигізген екен. Айта кетерлігі, былтырғы жылы бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылғандар саны 16 мыңнан астам адамды құрап, ол 2014 жылмен салыстырғанда 30 пайызға жоғары болды. Мерзімінен шартты түрде ерте босатылғандар саны 15 пайызға артса, жазасы жеңілдетілген сотталушылардың саны үш есеге өскен. Сонымен қатар, қазіргі күні қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде шамамен 38 мың адам ұсталып отыр. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 9 мың адамға немесе 19 пайызға аз, ал 2002 жылмен салыстырсақ, түрмедегілер саны былтыр 45 пайызға қысқарған. Осының нәтижесінде соңғы бір жарым жыл ішінде Павлодар қаласындағы түрме жабылып, Солтүстік Қазақстан облысындағы түзету мекемесі қайта бейінделуден өткізілген. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «түрмедегілер санының» қысқаруына байланысты республика бойынша тағы жеті мекемені жабу жұмыстары атқарылатын болады.
«Жазаны орындау жүйесінің маңызды өркениетті өлшемдерінің бірі - бұл бас бостандығынан айырылған азаматтардың ұсталу жағдайы. Осы бағытта да бізде оң өзгерістер орын алуда. Біз сотталғандардың санын азайту арқылы бір жағынан бас бостандығынан айырылғандардың материалдық-тұрмыстық қамтылуын жақсарттық, оларға тиесілі орындар аумағы да кеңейді. Сотталушылардың барлық дерлік медициналық және коммуналдық-тұрмыстық жабдықтары жаңартылды. Туберкулезге қарсы ауруханалар күрделі жөндеуден өткізіліп, сотталушылардың өмір сапасына тікелей тәуелді болып табылатын 65 нысан жаңартылды», - дейді Берік Бисенқұлов.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта елімізде сотталушыларды камералық типте ұстауға көшіруге арналған мекемелердің құрылысын салу және қайта құрылымдау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Айта кетерлігі, камералық ұстау сотталғандардың жағдайын жақсартып қана қоймай, жазасын өтеушілердің арасында қылмыстарды болдырмауға септігін тигізеді.
«Сонымен бірге, қазіргі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл Ұлт Жоспарының 34-і қадамында жүктелген тапсырма болатын. Жалпы Қазақстанда қызмет етіп жатқан қылмыстық-атқарушылық жүйесіндегі ұстау мекемелерінің барлығы дерлік қырық жыл бұрын салынған нысандар. Сондықтан да, қазір жаңа мекемелер салу күн тәртібіне шығып отыр. Ал бұл айтарлықтай қаржылық шығынды талап ететіні сөзсіз. Сондықтан да, мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты бөлісу үшін жеке инвестициялар тарту туралы шешім қабылданған болатын. Ал жеке инвестиция тартудың негізгі тетіктерінің бірі - мемлекет пен жеке сектордың өзара тиімді ынтымақтастығын дамытатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік. Біз осы бағыттағы халықаралық тәжірибелерді зерделеп, талдап шықтық. Сондықтан да, Қазақстанда пенитенциарлық инфрақұрылым жүйелерін дамытудың мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы аса қолайлы түрі - концессия болып табылады. Бұл қазіргі заманауи түзеу мекемелерінің құрылысын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұтастай алғанда пенитенциарлық жүйені басқару тетігін жақсартады», - дейді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда мамандандырылған түзеу мекемесінің типтік жоспары әзірленген. Ол 1500 орынға шақталып отыр. Мұндай мекеменің құрылысын Шымкент қаласында салу үшін тиісті экономикалық қорытынды да алынған. Осындай заманауи мекеменің құрылысын жүргізу үшін Шымкент, Петропавл, Астана және Қарағанды қалаларында жер учаскелері де бөлінді. Ең бастысы, пенитенциарлық инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздік мәселесі, жазаны атқару мен күзетпен қамтамасыз ету - мемлекеттік құзыретте болуы керек әрі солай болып қала да береді. Яғни, ондай функциялар мемлекеттік емес секторға жүктелмейді.
«Тағы бір маңызды мәселе бар: бүгінгі күні мемлекет жазасын өтеуші азаматтарды ұстап тұруға қомақты қаражатын сарп етіп келеді. Оның үстіне сотталғандардың басым бөлігі сот үкіміне сәйкес, жапа шегушілерге келтірілген материалдық залалын да өтеуі керек. Ал ондай проблеманы сотталғандардың өздерін еңбекпен қамтымай шешу еш мүмкін емес», - дейді Берік Бисенқұлов.
Сондықтан да, соңғы жылдары еліміздегі Қылмыстық-атқару жүйелеріндегі кәсіпорындардың өндірістік-шаруашылық қызметін жақсартуға бағытталған бірқатар салмақты шаралар қабылданған. Осының арқасында сотталушылар үшін қосымша жұмыс орындары да ашыла бастады.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін жүзеге асыру сотталғандарды жұмыспен қамтуда да маңызды рөл атқарып келеді. Бүгінгі күні түзеу мекемелеріндегі 92 нысан жеке тұлғаларға жалға берілсе, 32 нысан сенімді басқару қолына өткен. Осының арқасында 2 мыңнан астам сотталушы жұмыспен қамтылып отыр. Бұдан бөлек, жаңа заңнамалық кеңістік сотталушыларға, олар жазаларын өтеу барысында да жеке кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндікті табысты игеріп жатқандар да баршылық», - дейді ІІМ өкілі.
Оның айтуына қарағанда, 2015 жылы сотталып, жазасын өтеп жатқан еңбекке қабілетті азаматтардың 55 пайызы жұмыспен қамтылған. Соның арқасында 1 млрд. теңгені құрайтын шығындардың орны толтырылған. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш үш есе аз болып, 352 миллион теңгені құраған екен.
Сотталып, түрмеге түсетіндердің барлығында бірдей мамандық пен кәсіп бола бермейтіні анық. Ол тұрмақ сотталушылардың кейбірінде тіпті орта білім де жоқ екені белгілі. Сондықтан да, түрме мекемелерінде жалпы білім беру және кәсіби оқыту жұмыстары атқарылады. Мәселен, өткен оқу жылында 1200 сотталушы аттестат пен орта білімі туралы куәлік алған. Сондай-ақ, 3600 адам кәсіптерді иеленсе, қазіргі күні 3,5 мыңға тарта сотталған адам 35 түрлі жұмысшы мамандығына оқытылуда.
«Кеңестік кинода айтылатын: «Ұры түрмеде отыруы керек!» деген мәселе аксиома емес. Сөзсіз, қылмыс жасаған адам қолымен жасағанды мойнымен көтеріп, жазасын тартуы қажет. Дегенмен, жазалау деген осы екен деп, сүрінгеннің бәрін түрмеге тоғыта беруге де болмайды. Сондықтан да, жаңа қылмыстық заңнама осы мәселеге оң қырынан келіп, жазалаудың бас бостандығынан айырумен байланысты емес балама тәсілін қолдану мүмкіндіктерін кеңейтті. Қазіргі таңда Қазақстанда 2012 жылы құрылған қылмыстық-атқару жүйесіндегі пробация табысты дамып келеді», - дейді Б. Бисенқұлов. Оның сөзіне қарағанда, бұл механизм қазірдің өзінде жағымды нәтижелер көрсете бастады. Мәселен, пробация қызметінде есепке алынған тұлғалардың қайтара қылмыс жасауы өткен жылы 32 пайызға төмендеген. Пробация қызметі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 22 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік, құқықтық көмектер берген. Сондықтан да, Ішкі істер министрлігі алдағы уақытта пробация қызметінің төрт сатысын заң арқылы бекітуді жоспарлайды. Бұлар - сотқа дейінгі, үкім барысындағы, пенитенциарлық және пенитенциарлық кезең барысындағы қызметтер.
«Әрине, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға кесілгендер бақылаусыз қалмауы керек. Дегенмен, бақылаудың электрондық құралы енгізілсе ондай азаматтарды ұдайы бақылап отыру да қиын бола қоймайды. «Электронды білезік» аталатын құрылғы тағылғандар бостандықта қалыпты өмір кешеді. Бұл сотталушының бір жағынан әлеуметтік бейімділігіне үлкен мүмкіндік берсе, екінші жағынан өзінің ұдайы бақылауда екенін білетін олар қылмысты қайтара жасауға ешқандай да құлықты бола қоймас», - дейді Б. Бисенқұлов.
Түйіндей айтсақ, қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту және осы бағыттағы реформалар кешенін одан әрі жүзеге асыру саланы халықаралық стандарттарға мейлінше жақындата түсетіні анық. Ұлт Жоспары аясындағы бүгінгі күні Ішкі істер министрлігінде атқарып жатқан шаралар кешені де осындай игі мақсатқа негізделген. «Ең ақыры Қазақстан Республикасының Конституциясы мен БҰҰ Конвенцияларында қарастырылған адам құқықтарын, әсіресе бас бостандығынан айырылған санаттағы азаматтардың құқығын қорғау арқылы біз заңды, мемлекет пен қоғамды құрметтейтін азаматтардың мүддесін жоғары деңгейде қорғай алатынымыз анық», - деп түйіндейді Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұлов.