«100 нақты қадамды» сапалы жүзеге асыру Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі деңгейін арттырады - Б.Сапарбаев

Атап айтқанда, вице-премьер академик Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында болды. Ғылыми орталық урологиялық қызметті дамыту стратегиясын анықтайтын, диагностика мен емдеудің заманауи озық технологияларын тарататын республикамыздың бас бейіндік мекемесі болып табылады. Жыл сайын Орталықта ТМККК аясында жоғары мамандандырылған көмекті 1500-ге жуық науқас алады.
Сондай-ақ, Б.Сапарбаев №17 қалалық емхананың қызметімен және онкология және радиология ҒЗИ жаңа заманауи жабдықтарымен танысты. 2014 жылы ҒЗИ-да 9825 науқас емделген, олардың ішінде тәулік бойғы стационар жағдайында - 6,7 мың науқас, күндізгі стационарда - 3,1 мыңнан астам науқас ем қабылдады. Институт шетелдегі жетекші клиникаларда мамандардың біліктілігін арттыруды 13 бағдарламасын жүзеге асырды.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-ын аралау барысында Б.Сапарбаев еліміздегі жүрек-қан тамыры ауруларының артқандығына назар аударды. Бұдан өзге, вице-премьер А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығын аралады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғаудың республикалық және қалалық ұйымдары басшыларының қатысуымен өткен кеңесте жұмыс сапарының қорытындысы жасалды.
Өз сөзінде Б.Сапарбаев 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аяқталатынын атап өтті.
«Аталған кезеңде саланы қаржыландыру көлемі 1,5 есеге өсіп, 2014 жылы 860 млрд. теңгеге жетті. Аталған шаралар өмір сүру ұзақтығын 71 жасқа дейін арттыруға мүмкіндік берді», - деді ол.
Б.Сапарбаев Елбасының тапсырмасы бойынша 2016-2020 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасы әзірленіп жатқандығын атап өтті. Бұл бағдарлама қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін арттыруға бағытталады.
Оның айтуынша, әзірленіп жатқан бағдарлама жан басына шаққандағы кешенді қаржыландыру арқылы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту; 2017 жылға қарай Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын құру негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету; ауруларды басқару бағдарламасын енгізу; кадрлық әлеуетті дамыту және басқа да бағыттардан тұрады.
Кездесу қатысушыларына қарата сөйлеген сөзінде Б.Сапарбаев ҚР Президенті ұсынған бес институционалдық реформа бойынша «100 нақты қадамды» уақытылы және сапалы орындау қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл Қазақстанға экономиканың барлық салаларын, оның ішінде білім беру және денсаулық сақтау саласын ұзақ мерзімді дамытуды қамтамасыз етеді.
«Аталған шараларды қабылдау және белгіленген проблемалы мәселелерді шешу медициналық ғылыми ұйымдардың және ЖОО-ның ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Б.Сапарбаев.