«100 нақты қадамға» байланысты мемлекеттік қызметкерлерге үлкен міндеттер жүктеліп отыр - А.Әйтімов, БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлт жоспарына байланысты мемлекеттік қызметкерлерге үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Осыған орай облыстық мәслихат депутаты, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Ақсерік Әйтімов өз ой-пікірін былайша білдірді.
None
None

Оның айтуынша, бағдарламалық құжаттың бірінші бөлімі «Кәсіби мемлекеттік аппарат құрудан» басталуының өзі осынау мәселенің өзекті екендігін және күрделі өзгерістер қажеттігін көрсетеді. Мұнда мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби шеберлігі, іскерлігі, адамгершілік этикалық ережелерді сақтауы ерекше ескерілген. Сондықтан жоспардың 1-қадамы мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналған. Онда мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екендігі атап өтілген. 2-қадамда «Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деген міндет қойылса, 3-қадамда: «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру» мәселесі бойынша орындалуы тиіс міндеттер жан-жақты баяндалған.

Ұлт жоспарының 4, 5, 6 және 7-қадам­дарында мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімін ендіру, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру, еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу, мемле­кет­тік қызметкерлердің лауазымдық еңбек­ақы­ларына өңірлік үйлестіру коэффиценттерін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар берілген. 8-қадамда ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру көзделген.

Жоспардың 9-қадамында: «Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту - үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру» делінген. Осы орайда «КазИИТУ» ғылыми-білім кешені жанында «Мемлекеттік қызмет және жұмысқа орналастыру институты» болашақ мемлекеттік қызметкерлердің білімін жетілдіруді бастап кетті. Аталмыш институттың материалдық базасы, оқу жоспары олардың біліктілігін арттыруға, білім беруге сай келеді. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша әдістемелік ұсыныстардың енгізілуі, дөңгелек үстел, конференция, дәріс, семинар, тренингтік оқытулардың өткізілуі болашақ мемлекеттік қызметкерлерді даярлауға оң әсер берері сөзсіз.

Мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу (10-қадам), шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сек­тордың жекелеген мамандарын, халықара­лық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу (11-қадам) де, сөз жоқ, маңызды.

Жемқорлыққа қарсы күрес - Елбасы сая­са­тының басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Ұлт жоспарының 13-қадамында нақты көрініс тапқан. Сонымен қатар Ұлт жоспарында Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау (14-қадам), Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестат­таудан өткізу (15-қадам) мәселелері сипатталған.

Қорыта айтқанда, «100 нақты қадамның» «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөлімінде белгіленген мемлекеттік қызметкерлердің міндеттері мен оларға қатысты нақты мәселелер еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтерері анық. Бұл ретте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті жанындағы қоғамдық кеңес те жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына талдау жасау, бұқаралық ақпарат құралдарымен әріптестік байланыс орнату, тексерулер нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыстар жүргізу бағытында нақты шараларды жүзеге асыра беретін болады.

Соңғы жаңалықтар