11 маусымда ХКБ Бас Ассамблеясында Қазақстанға ЭКСПО байрағы тапсырылады
Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Париж қаласында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастаған қазақстандық делегация Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Бас Ассамблеясы жұмысына қатысады. Делегация құрамында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары - ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев және т.б. тұлғалар бар. Шара барысында қазақстандық тарапқа Халықаралық көрмелер бюросының байрағы табыс етіліп, ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми мойындалуы болады. Осыдан кейін ЭКСПО-2017 көрмесіне халықаралық қатысушыларды жұмылдыру мен көрмені әлемде ілгерілету бойынша белсенді жұмыс басталады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 24 сәуірде Париж қаласында ХКБ Атқару комитетінің кезекті отырысы шеңберінде Тіркеу құжаттамасы сәтті қорғалған болатын.
ХКБ штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан. Қазіргі таңда әлемнің 168 мемлекеті Көрмелер бюросына мүше болып табылады.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 3 айға - 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылады.
Көрмеге 100-ден аса мемлекет, 10-нан аса халықаралық беделді ұйымдар мен инновациялық технологиялар саласындағы көшбасшы компаниялар қатысады деп күтілуде.