12 қараша. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 12 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

2 қазан. Тұлғалар туған күн
Фото: ҚазАқпарат ХАА

66 жыл бұрын (1958) З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің бұрынғы ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы Қадырғали Қонысбайұлы ЖАМАНБАЛИН дүниеге келді.

ДЖАМАНБАЛИН Кадыргали Коныспаевич
Фото: kstnews.kz

Қостанай облысының Қамысты ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің физикалық факультетін бітірді. 1990 жылы Санкт-Петербург қаласындағы политехникалық институттың аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы: 1985-1995 жылдары Қостанай педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, доцент, декан болды. Қостанай әлеуметтану академиясының ректоры болды. Қостанай облыстық мәслихаты VI шақырылымының депутаты. 1999 жылдан бастап Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде қызмет атқарып келеді. 87-ден астам ғылым жарияланымның, 4 монографияның авторы. Германия, Жапония, Австрия, АҚШ, Франция, Италия, Польша, Израиль елдерінде 37-ден астам Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қатысушысы.

64 жыл бұрын (1960) ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, актер Болат Мәзімбайұлы ӘБДІЛМАНОВ дүниеге келді.

 АБДИЛМАНОВ Болат Мазимбайулы
Фото: zharar.info/kz

Талдықорған облысы Ақсу ауданы Қаракөз кеңшарында туған. 1982 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркем институтының актерлік факультетін бітірген, драмалық театрдың актері. 1982 жылдан Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік жасөспірімдер мен балалар театрының актері. 1992-2006 жылдары М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. «Абай» (Абай), «Томирис» (Мард), «Айман-Шолпан» (Арыстан), «Тойдан қайтқан қазақтар» (Қошқарбай), «Геростратты ұмыту» (Тиссаферн), «Қамар сұлу» (Оспан) спектакльдерінде ойнаған. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Ақын арманы» (Торайғыров), «Шәкәрімнің соңғы күні» (Қарасартов), «Заманай» (Есет), «Құланның ажалы» (Иемберген) кинофильмдерінде, «Шегіртке» (Дастанов) телесериалында, т.б. рөлдер орындаған. Театр қайраткерлері одағының мүшесі.

«Құрмет» орденімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

45 жыл бұрын (1979) ҚР Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Өмірбайұлы МҰСАЕВ дүниеге келді.

МУСАЕВ Данат Умирбаевич
Фото: Испания Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі

Алматы қаласында туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2004 жылы Ресей СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 2000 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы, 2004 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа және Америка департаментінің үшінші хатшысы, 2004-2006 жылдары Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің үшінші хатшысы, Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің хатшысы қызметтерін атқарды.

2009-2011 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің бірінші хатшысы, 2011-2012 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы орынбасарының кеңесшісі, 2012-2014 жылдары ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының Сыртқы байланыстар және бизнесті дамыту департаментінің директоры, 2014-2015 жылдары Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің кеңесшісі, 2015-2019 жылдары ҚР Барселонадағы консулдығының басшысы, 2019-2020 жылдары ҚР СІМ ТМД Еуропалық елдері бойынша дирекциясының басшысы, 2020-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

45 жыл бұрын (1979) «Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» РМК ШЖҚ бас директорының орынбасары Ержан Асқарұлы ЖҮНІСОВ дүниеге келді.

ЖУНИСОВ Ержан Аскарович
Фото: ortcom.kz

Білімі жоғары, заңгер, экономист-қаржыгер, жерге орналастырушы бакалавры.

Еңбек жолы: 2002-2008 жылдары ҚР қаржы полициясында жұмыс істеген, 2008-2014 жылдары мемлекеттік қызмет құрылымдары: ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінде, ҚР Өңірлік даму министрлігінде, ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінде қызмет атқарды. 2014-2015 жылдары «Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары, 2015-2018 жылдары «Қазақстандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоры» корпоративтік қорының төрағасы, 2018-2019 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылдың шілде айынан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары.

119 жыл бұрын (1905-1981) композитор, қазақ музыкалық мәдениетінің негізін қалаушылардың бірі, профессор, КСРО және ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Евгений Григорьевич БРУСИЛОВСКИЙ дүниеге келді.

БРУСИЛОВСКИЙ Евгений Григорьевич
Фото: yvision.kz

Дондағы Ростовта туған. Ленинград консерваториясын профессор М.О. Штейнбергтің композиция класы бойынша бітірген. Брусиловский өзінің шығармашылық қызметін қазақтың музыкалық фольклорын зерттеуге арнады. Ол – Н. Бөкейханов, Л. Мұхитов, М. Бөкейханов, И. Байзақов сияқты көрнекті музыканттардың әндері мен күйлерін жазып алған. Брусиловский алғашқы қазақ операларын, симфонияларын, ірі хорлық және кантата – ораториялық шығармаларды алғаш көрерменге танытқан музыкант. Ол – «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларының, «Сарыарқа», «Целинная», «Құрманғазы» симфонияларының, кантаталардың, сюиталардың 50-ден аса ән мен романстардың авторы. Е.Г. Брусиловскийдің музыкалық шығармаларына ашық, бейнелі әуендік сипаттамалар тән. Қазақ әуенін өз бояуымен қабылдап, оны көрермен құлағына жеткізуде Е.Г. Брусиловскийдің еңбегі зор. Ленин, Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар