12 шілде. Жылнама
Бүгін, 12 шілде күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік азаматтық авиация бортсерігі күні
Бұл мамандықтың пайда болғанына 95 жыл толып отыр. 1928 жылы Германияда алғаш рет ұшу кезінде экипаж құрамына ұшақ бортындағы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнайы жауапты адам енгізілген болатын.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1838 жылы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған көтерілісшілер қолы Ақбұлақ пен Қиыл аралығындағы шайқаста Гекке әскерінен жеңіліске ұшырады. Осы шайқаста Исатай қаза тапты.
1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның алғашқы басшылары – Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин. Одақ құрамында проза, поэзия, драматургия, сын, көркем аударма, очерк, сатира, фантастика, балалар әдебиеті, орыс, неміс, корей, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істеді. 1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағының он шақты ғана мүшесі болса, қазіргі уақытта 900-ге жуық мүшесі бар. Қазақстанның 11 облысы мен Астана қаласында бөлімшелері бар.
1925 жылы А.В. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағы баспадан шықты.
1960 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің №125 бұйрығымен Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның эстрада секторы негізінде «Қазақконцерт» Қазақ мемлекеттік гастрольді-концерттік бірлестігі құрылды. 2006 жылы «Қазақ әуендері» АҚ филиалы – «Қазақконцерт концерттік бірлестігі» болып өзгертілді.
1993 жылы Алматыда Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінің бастамасымен ТҮРКСОЙ Халықаралық мәдени ұйымы құрылды. Бұл елдер ұйымды құрушы мемлекеттер болып есептеледі. Сәл кейінірек ұжымдық шартқа бақылаушы ел ретінде Татарстан, Башқұртстан, Солтүстік Кипр, Хакасия, Гагауз, Тыва қосылды. Аталмыш ұйым түркітілдес халықтардың арасындағы рухани байланыстарды жаңғырту мақсатында құрылды.
2007 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ғимаратына генерал-майор Балғабай Байжігітовті еске алуға арналған мемориалды тақта орнатылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері болған Балғабай Байжігітов Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, қатардағы жауынгерден генерал-майор шеніне дейін көтерілген, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық органдарының басшысы болған. Ол Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасын 1970-1985 жылдары басқарған. І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, екі рет «Мемлекет қауіпсіздігінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
2012 жылы Оңтүстік Корея, Қытай, Қазақстан және Өзбекстанды жалғайтын контейнерлік пойыздардың жаңа бағыты іске қосылды. Бағыт Оңтүстік Кореядан бастау алып, Циндао (Шаньдун провинциясы) қытай портына келеді. Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Алашанькоу-Достык» өткелінен өтіп, Аблық станциясына (Өзбекстан) жетеді. Жаңа халықаралық контейнерлік бағыт «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Қазтранссервис» қатысуымен ұйымдастырылған.
2012 жылы «ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесі (ХҮК) Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне енгізді. Астананың оңтүстік-батысына қарай 130 шақырым жерде орналасқан Қорғалжын қорығы - әлем картасында айрықша орын алатын сулы да нулы аймақ. Қорық көлемі 259,9 мың гектар жерді алып жатса, оның 198 мың гектары акваторий саналады.
2014 жылы Павлодарда әйгілі Батыр Баянға (1710/15-1757) арналған ескерткіш ашылды.
2015 жылы Санкт-Петербургте қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының денесін іздеу және тарихи Отанына қайтару туралы қоғамдық қозғалыс құрылды. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі «Кенесары. Соңғы ханға барар жол» атты деректі кинозерттеу болды. Ол ресейлік режиссер Александр Кащенконың және Айжан Кеңестің жетекшілігімен түсірілді. Картинаның негізі ретінде 1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі алынған. Түсірілім тобы Кенесары ханның ізімен жүреді: аңызға айналған ханның тағдырына зерттеу жүргізеді.
2017 жылы ірі көлемді әрі әйгілі жол нұсқаушы Lonely Planet басылымы туристер міндетті түрде баруы керек Азиядағы үздік 10 қаланың тізіміне Астананы қосты. Басылым сарапшылары Астананы 5-орынға орналастырды. Lonelyplanet.com сайты Қазақстанның бас қаласын өзінің биік ғимараттарымен, кең алаңдарымен және қалың шыныдан жасалған пирамидасымен танымал екенін атап өткен.
2017 жылы Грузияның Батуми қаласында шахматтан «Batumi Municipality Cup-2017» III халықаралық турнир өтті. Онда жас қазақстандық шахматшы Нұрманова Алуа бірінші орын иеленді.
2018 жылы ҚХР Шэньси провинциясы Сиань қаласында «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер туындылары» көрмесі мен «Қасиетті Қазақстан» фотокөрмесі ашылды.
2018 жылы танымал қазақстандық әнші Роза Рымбаеваның атаулы жұлдызы Витебск қаласындағы Жұлдыздар алаңына орналастырылды.
2021 жылы Тарбағатай өңірінде «Елеке сазы» қорғанында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде археологтар көне түркілер дәуірінен қалған бірегей жәдігерлерді тапты. Олардың арасында алтын тағында тәж киген қағандардың бейнелері бар екі алтын алқа үлкен қызығушылық тудырады. Тақтың оң және сол жағында тізе бүккен қызметшілердің бейнелері орналасқан. Кейіпкерлердің шаш үлгісі (шошқа) және киім бөлшектері анық көрінеді. Бейнелердің бірінде қағанның бет-әлпетін көруге болады.
2021 жылы Сербияда 12 жастағы қазақстандық шахматшы Даниял Сапенов мүмкін болған 9 ұпайдан 8 ұпай жинап, «Serbia Chess Open 2021» халықаралық турнирінде (әуесқойлар арасында) бірінші орынды жеңіп алды. Әуесқойлар тобына 30 елден 194 шахматшы кірді.
2022 жылы Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлының 164 жылдығы атап өтілді. Семейдің оң жағалау жақ бөлігіндегі орталық даңғыл ұлы ақынның атымен аталады, Орталық саябаққа ескерткіші орнатылған. Философтың аты Семейдегі ірі ЖОО-на да берілген, оның бас ғимаратының алдына да Шәкәрім мүсіні бар.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі экспозициясының басым бөлігі Шәкәрім мұрасына арналған. Шәкәрімнің сирек кездесетін фотосуреттерінен бастап, ХХ ғасырдың басында және ақынның есімі қалпына келтірілгеннен кейін шыққан шығармаларына дейін бірегей заттар бар.
2023 жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңға қол қойды. Бұл құжат заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтаруға немесе оларды Қазақстандағы заңды экономикалық айналымға тартуға, оларды заңсыз алуға және шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға, сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған.
2023 жылы ІІМ бұйрығымен жол қозғалысының жаңа Ережелері бекітілді. Жол қозғалысы ережелері өзгеріссіз қалды. Жол-көлік оқиғасын ресімдеу пункті біршама өзгертілді. Енді кішігірім апаттар кезінде еуропалық Хаттаманы қолдану қарастырылған.