13 жылда 200 мыңнан астам мал импортталды – сенатор

мал
Фото: qmonitor.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Малшылар қауымы өздерінің асылтұқымды малын өсірудің орнына шетелден мал мен тұқым материалын импорттап отыр. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Әли Бектаев өзінің сауалында асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту проблемаларын көтерді.

Депутаттың айтуынша, Еуропаның дамыған елдерінен, Аустралия мен Канададан асылтұқымды көптеген мал әкелінді. Тек 2010-2023 жылдардың өзінде алыс-жақын шет мемлекеттерден 212 мың бас мал импорттан келді. Асылтұқымды малдың үлесі 2010 жылғы 2,9 пайыздан былтыр 13,5 пайызға дейін өсті. Бірақ бұл саладағы көрсеткіштер көңілден шықпайды.

«Асылтұқымды мал өсірумен айналысатын 35,8 мың шаруашылық жұмыстарының нәтижесі төмен. Біз өзіміздегі малды асылдандырудың орнына шеттен мал әкеліп, тұқымдық материалды импорттауға құмармыз. Қазіргі кезде инвестициялық жобалар аясында 50 мыңнан астам ірі қараны импорттау жоспарланған. Бұдан басқа, 160 мың бас сиырға арналған 500 мың дозадан астам тұқымдық материал сатып алынбақ. Яғни ірі қара мал шаруашылығы бойынша шамамен 70 млрд теңге қаражат шетелге кетеді деген сөз», - деді Ә.Бектаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына жолдаған сауалында.

Сенатор Қазақстанда 10 жыл бұрын селекциялық және мал асылдандыру жұмыстарының бірегей ақпараттық-сараптама базасы жасалғаны туралы атап өтті. Ол бойынша малды тіркеуге алғаннан бастап оларға асылтұқымды құндылық мәртебесін бергенге дейінгі жұмыстар цифрландырылуы керек еді. Дамыған елдерде ақпараттық жүйелер аналитикалық база ретінде жұмыс істейді және саланы дамытатын серпіні саналады. Ал бізде олар тек субсидиялау мақсатында малды тіркеу қызметін ғана атқарып келеді.

«Қазақстанда малдың биологиялық алуантүрлілігінің азаюы ерекше алаңдатып отыр. Өйткені мал саласындағы генетикалық ресурстар ұлттық игілік және әлемнің биологиялық капиталының құрамдас бөлігі. Кейінгі 30 жыл ішінде Қазақстанда қой шаруашылығындағы «Қазақтың солтүстік мериносы», құс шаруашылығындағы «Арман», «Медеу», «Алатау» тұқымдары біржола жойылып кетті. Жартылай биязы жүнді қойлардың «Цигай», «Ақжайық», «Қаракөл», «Қазақтың оңтүстік мериносы» тұқымдары мен ірі қара малының «Алатау» «Әулиеата» тұқымдары, «Қостанай» жылқы тұқымы жойылу алдында тұр», - деді депутат.

Әли Бектаев осыған байланысты ғылыми негізде селекциялық-мал асылдандыру шараларының ақпараттық базасының жұмысына талдау жүргізуді ұсынды. Асылтұқымды мал шаруашылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді зерделеу және халықаралық тәжірибе негізінде малдың асылтұқымды қасиеттерін бағалаудың заманауи әдістерін әзірлеу маңызды. Ауруларды анықтау бойынша молекулярлық-генетикалық зерттеулерден өтпеген асылтұқымды материалды пайдалануға тыйым салу және жойылып кету қаупі төнген тұқымдарды сақтау жөніндегі шараларды қолға алу керек.

Соңғы жаңалықтар