138 мың оқушы жаңа оқу жылын жаңартылған мектептерде бастайды
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 163 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары аяқталып, 138 мыңнан астам оқушы жаңартылған және толықтай қайта жабдықталған мектептерде білім алады деп жоспарланған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің білім беру саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың мақсаты — әрбір балаға заманауи әрі қауіпсіз білім алу үшін қолайлы жағдай жасау.
— Реновация бағдарламасы аясында 127 мектеп жаңартылды, онда 99 мыңға жуық бала білім алады. Сонымен қатар 1 мыңға жуық ауылдық мектеп жаңғыртылып, оларға күрделі жөндеу жүргізілуде. Робототехника, химия, биология, физика және STEM пәндері бойынша 1108 заманауи кабинет орнатылды, — делінген хабарламада.
Кешенді жобаларға мектептерді күрделі жөндеу, сыныптарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жиһаздарды жаңарту, кітапханалар мен асханаларды модернизациялау, заманауи қауіпсіздік жүйелерін енгізу кіреді.
Бұл шаралардың барлығы қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға, қазақстандық балалар үшін жайлы және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін оқушыларды мектептен мектепке ауыстыруды EGov порталы арқылы рәсімдеуге болатынын жазған едік.