14 жастағы қазақстандық теннисші Дубайдағы жарыста үздік шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Дубай қаласында жасөспірімдер арасында теннистен Ten-Pro Global Junior Tour турнирі мәресіне жетті.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған жарысқа АҚШ, Жапония, Франция және басқа елдерден 42 жас спортшы қатысты.
Финалда 14 жастағы қазақстандық, Алматы теннис мектебінің түлегі Матвей Пономарев Мысыр өкілі Мохаммед Басарды 6:0, 6:2 есебімен ойсырата ұтты.
Осылайша, М.Пономарев дода чемпионы атанды.
Матвейдің басты мақсаты — әлемдік ITF Juniors рейтингісінде ТОП-100-ге ену. Сол жолда шеберлігін шыңдап, жарыстарға қатысып, рейтингілік ұпай қорын толықтыра бермек.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Юлия Путинцеваның сенсация жасап, жеңіске жеткенін жазған едік.
Сондай-ақ Заңғар Нұрланұлы қазақстандықтардан алғаш рет Аустралиядағы турнирдің ширек финалына шықты.
Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастады.