14 желтоқсаннан бастап Астана – Омбы бағытында пойыз қатынайды
АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы жылдың 14 желтоқсанынан бастап №145/146 «Астана – Омбы» жолаушылар пойызы жолға шығады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
Компанияның мәліметінше, пойыз аптасына үш рет – сейсенбі, жұма және жексенбі күндері қатынайды. Құрамында 3 купе және 5 плацкарт вагоны бар. Бір бағытта шамамен 400 жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді. Жаңа бағыттың ашылуы – халықтың көлікпен қатынау мүмкіндігін арттыруға, вагондар паркін тиімді пайдалануға және маршруттық желіні кеңейтуге бағытталған. Пойыз заманауи, қауіпсіздік және жайлылық талаптарына толық сай вагондардан жасақталады.
Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан немесе теміржол вокзалдарының билет кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпарат алу үшін 1433 байланыс орталығына хабарласу қажет. Пойыз қозғалысы туралы мәліметтер https://tablo-railways.kz/ru/ сайтындағы онлайн-таблода қолжетімді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы — Ташкент бағытында Тальго пойызы қатынайтынын жазған едік.