15 қыркүйекке дейін декларация тапсыру: кімдер есеп береді және қандай айыппұл қарастырылған

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жеке тұлғалардың салық декларациясын тапсыру мерзімінің аяқталуына 10 күн қалды. Кімдер декларация тапсыруы керек, қандай мәліметтерді көрсету қажет және талаптарды бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған – Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Декларации до 15 сентября: кому нужно сдать и какие штрафы могут грозить казахстанцам
Фото: Kazinform

15 қыркүйекке дейін азаматтардың жекелеген санаттары активтері мен міндеттемелері туралы 250.00 нысанындағы, сондай-ақ кірістер мен мүлік туралы 270.00 нысанындағы декларацияны тапсыруы керек.

Бұл ретте қазақстандықтардың басым бөлігі декларация тапсырудан босатылған. Атап айтқанда, декларациялауға жататын активтері мен міндеттемелері болмаса, жеке компаниялардың қызметкерлері, зейнеткерлер, студенттер және үй шаруасындағы азаматтар декларация тапсырмайды.

Екі декларацияны да қағаз түрінде мемлекеттік кірістер органдарына немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы мен екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы тапсыруға болады.

Агенттік сауалына жауап берген Мемлекеттік кірістер комитеті декларация тапсыруға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, азаматтар жіберетін негізгі қателерді атады.

250.00 нысанын кімдер тапсыруы керек

250.00 нысаны «кіріс декларациясы» деп аталады. Ол активтер мен міндеттемелерді декларациялау міндеті туындаған кезде тапсырылады.

Грузия ужесточает требования к декларациям для осужденных за коррупцию
Фото: Freepik.com

2026 жылы бұл декларацияны:

• сайланбалы және мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар және олардың жұбайлары;
• банктердің, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушысы немесе инвестициялық портфельді басқарушы болғысы келетін тұлғалар;
• шетелде белгілі бір активтері бар кәмелетке толған Қазақстан Республикасының резиденттері тапсыруы керек.
• Декларациялауға жататын шетелдегі активтерге мыналар кіреді:
• шет мемлекетте тіркелуге тиіс жылжымайтын мүлік және өзге де мүлік;
• шетелдік банктердегі шоттардағы қаражат, егер олардың жалпы сомасы 1000 АЕК-тен асса;
• инвестициялық алтын;
• шетелдік компаниялардағы және тұрғын үй құрылысына қатысу үлестері;
• шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздары мен туынды қаржы құралдары;
• шетелдік брокерлік шоттардағы қаражат;
• шетелдегі зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
• Қазақстаннан тыс жердегі декларациялауға жататын дебиторлық және кредиторлық берешек;
• Салық кодексінде көзделген өзге де мүлік.

250.00 нысанын 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Алайда мемлекеттік және сайланбалы лауазымдарға кандидаттар, сондай-ақ қаржы нарығының жекелеген қатысушылары үшін өзге мерзімдер белгіленген.

270.00 нысанын кімдер тапсыруы керек

270.00 нысаны – кірістер мен мүлік туралы декларация. 2026 жылы ол 2025 жылғы есепті кезең үшін тапсырылады.

Декларацияны:

• мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары;
• заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары және олардың резидент жұбайлары;
• банктердің, сақтандыру ұйымдарының және бағалы қағаздар нарығының ірі қатысушылары;
• нотариустар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар және адвокаттар;
• 2025 жылы жалпы құны 20 000 АЕК-тен, яғни 86,5 млн теңгеден асатын мүлік пен басқа да активтерді сатып алған Қазақстан азаматтары тапсыруы керек. Бұл талап Қазақстанда да, шетелде де жасалған сатып алуларға қатысты;
• цифрлық актив иелері;
• салық агентінен белгілі бір салық шегерімдерін қолданған тұлғалар;
• өз бетінше декларациялап, салық төлеуге тиіс кірістер алған азаматтар тапсырады.

мүлік, байлық
Коллаж: Kazinform/Midjourney/Freepik

Жағдайға қарай декларацияда дебиторлық және кредиторлық берешек, салық шегерімдері, өз бетінше салық салынуға тиіс кірістер, бағалы қағаздар мен шетелдік компаниялардағы қатысу үлестері, мүлікті сатып алу және өткізу туралы мәліметтер, сондай-ақ шетелдегі декларациялауға жататын активтер көрсетіледі.
2025 жыл үшін декларацияны 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет.

Декларацияға қажетті мәліметтерді жинап үлгермесе не істеу керек

Егер 270.00 нысанын тапсыру мерзіміне дейін барлық қажетті мәліметтерді жинау мүмкін болмаса, декларацияны белгіленген мерзімде бәрібір тапсыруға болады. Кейін оған өзгерістер енгізуге мүмкіндік бар.

Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті көлік сатуға қатысты мысал келтірген еді.

Декларацияны толтыру кезінде сатып алушының ЖСН-і мен аты-жөнін, сондай-ақ мәміле сомасын көрсету қажет. Егер декларация тапсыратын кезде бұл мәліметтер қолда болмаса, кейін қосымша декларация ұсынуға болады.

КГД мәліметінше, бастапқы декларацияға осындай түзетулерді үш жыл ішінде енгізуге болады.

Декларация толтырғанда қандай қателер жиі жіберіледі

Қазақстандықтар көбіне 270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны толтырған кезде қателеседі.

Атап айтқанда, ерлі-зайыптылардың бірі олардың ортақ меншігіндегі мүлікті сатып алу немесе сату туралы мәліметті декларацияда көрсетпей қояды.

Декларацияны қалай дұрыс тапсыруға болады

2026 жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексінде есептілікті тапсыру тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Егер декларация белгіленген мерзімде тапсырылмаса, ақпараттық жүйе оны төленуге тиіс салық сомасы нөлге тең етіп автоматты түрде толтырады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, бұл декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмағаны үшін хабарлама жіберуден, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатудан және дәл мерзімін өткізіп алғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен сақтануға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге 2026 жылдан бастап Салық кодексінде салық есептілігін кері қайтарып алу және оны тапсыру мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылмаған. Сондықтан декларацияны жібермес бұрын барлық мәліметті мұқият тексеріп, нысанның белгіленген мерзімде тапсырылғанына көз жеткізу маңызды.

Қазақстандықтар дайын құжаттарды енді үйден шықпай-ақ ала алады
Фото: semeyainasy.media

Қате жіберілсе немесе мерзімі өтіп кетсе, қандай жаза бар

Декларацияны уақытында тапсырмаған жағдайда алдымен ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде осындай заңбұзушылық қайталанса, салық төлеуші Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 272-бабы бойынша салық есептілігін ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

Айыппұл мөлшері:

жеке тұлғаларға – 15 АЕК, яғни 64 875 теңге;

жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік

субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК, яғни 129 750 теңге.

Толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер ұсынғаны үшін де жауапкершілік қарастырылған.

Егер декларациядағы қате бюджетке төленуге тиіс салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің есептелуіне әкелмесе, бірінші рет ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 3 АЕК, яғни 12 975 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.

Егер толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер салдарынан салық төлеуші салық төлеуге тиіс мүлікті, кірісті немесе өзге де салық салу объектісін декларацияда көрсетпесе, ӘҚБтК-нің 275-бабы қолданылады.

Бұл жағдайда декларацияда көрсетілмеген объект бойынша бюджетке төленуге тиіс салықтар мен басқа да міндетті төлемдер сомасының 200%-ы мөлшерінде айыппұл салынады.