15 жыл - конституциялық құрылымның нәтижелерін ой елегінен өткізіп, еліміздің құқықтық жүйесінің одан әрі дамуын бір саралап шығатын уақыт - ҚР КК мүшесі Николай Белоруков
АСТАНА. Тамыздың 17-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биыл Ата заңымыздың қабылданғанына 15 жыл толғалы отыр. Мемлекеттің өсіп-өркендеуі мен дамуы жолында және елдегі саяси процестердің қалыптасуында Конституцияның үлкен маңызға ие екені баршаға аян. Ал Қазақстан Конституциясы 15 жыл ішінде
осы міндеттердің үдесінен шыға алды ма, немесе Ата заңымыз еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бері мемлекетімізге не берді. Ата заңымыздың 15 жылдығы сияқты мерейлі дата тұсында біз осы мәселелерді тағы бір сараптап шығу мақсатында Конституциялық кеңес мүшесі Николай Белоруковты сөзге тартқан едік.
- Николай Василийұлы, Ата заңымыздың қабылданғанына міне 15 жыл толды. Сіздіңше Конституциямыз Қазақстанның мемлекеттілігін қамтамасыз етуде қандай рөл атқарды.
- Жалпы латын тілінен алғанда constitution сөзі «құрылым» дегенді білдіреді. Шын мәнінде Конституция мемлекеттің, қоғамдық және экономикалық құрылымның, мемлекеттік және қоғамдық-саяси институттардың қызметінің принциптерінің басым бағыттарын және жеке тұлғаның конституциялық-құқықтық мәртебесін айқындайды. Конституция мемлекетің басты заңы ретінде қоғамның өмір сүруінің саяси өлшемін, мемлекеттің органдардың жүйесін бекітіп, олардың қалыптасуы мен қызмет ережесін қалыптастырады. Адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бекітеді.
1995 жылдың тамыз айының 30-ында жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция Қазақстанның тәуелсіздігін біржолата бекітіп, мемлекет пен азаматтық қоғамның қалыптасуына негіз болатын басты шарттарды қалыптастырды. Адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сенімді қорғалатындығына кепіл болды. Сондай-ақ Ата заңымыз елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуетінің халық игілігі үшін қарқынды дамуына қажетті жағдай қалыптастырып берді. Нәтижесінде мемлекеттік басқару институттарының барлығы Конституцияда көрсетілген талаптар негізінде құқықтық негіздермен қамтамасыз етілді. Қазір елімізде екі палаталы Парламент тиімді жұмыс істеуде. Үкімет басшылығындағы органдар жаңаша талаптар негізінде жаңаша жүйемен жұмыс істей бастады. Елімізде азаматтардың құқықтарын сенімді қорғайтын тәуелсіз сот жүйесі қалыптасты. Конституцияның мызғымас беріктігі мен бірыңғай мемлекет билігіндегі салалардың келісімді ықпалдастығының кепілі және мемлекеттік билік жүйесінің өзегі Президент болып табылады. Осы орайда айта кететін мәселе, Қазақстанда президенттік басқару жүйесі мен Қазақстан Республикасы Президенті қызметінің енгізілуіне орай елде демократиялық құндылықтар қалыптасты, нарықтық экономикалық реформалар жемісін беруде. Сондай-ақ елде қоғамдық келісім мен тұрақтылық орныққан.
Конституция қолданыстағы заңнаманы жетілдіруде құқықтық негіз болып табылады. Конституциялық база негізінде конституциялық және өзге де заңдар, заңнамалық құқықтық актілер қабылданып, құқық қолдану тәжірибесі қолданылады. Соңғы 15 жыл ішінде Конституция мен оның баптарын жетілдіру негізінде 1 мың 700-ден астам заңдар қабылданды. Олар қазір еліміздегі түрлі салалардағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Бұл ретте конституциялық нормалар қолданыстағы заңдарды қолдану кезінде өзінің мақсаты мен жоғары заңдық күшін сақтайды.
Қорыта келгенде, Конституция салтанат құрған 15 жыл ішінде Ата заңымыз өзінің өміршеңдігін көрсетті. Ал оның мүмкіндіктері толық сарқылып біткен жоқ. Ондағы құқықтық идеялар мен принциптер мен нормалар мемлекет пен қоғамның дамуына орай және саяси, экономикалық және әлеуметтік шарттар негізінде әлі ашыла түседі.
- Сіздіңше, Конституция талаптарының орындалуы мемлекет үшін қаншалықты маңызды ?
- Конституция талаптарының орындалуы - мемлекеттілікті нығайтудың, Қазақстанның тұрақты дамуы мен қоғамның гүлденуінің басты шарты. Бұл міндеттер Мемлекет басшысының 2009 жылдың тамыз айында бекіткен 2020 жылдарға арналған жаңа құқықтық саясат тұжырымдамасында бекітілген. Онда конституциялық құқықтардың басты мақсаттары ретінде Конституцияның идеялары мен принциптерін және оның құқықтық құндылықтарын жүзеге асыру мәселелері көрсетілген. Осыған қарай Ата заңымыздың талаптарына жауап беретін конституциялық тәжірибені қалыптастыру үшін барлық жағдайды жасау қажет екендігі түсінікті. Бұл конституциялық нормалардың іс жүзінде жүзеге асуына игі ықпал етеді. Конституциялық заңдылықтың орындалуы - мемлекеттік биліктің барлық саласының өкілдеріне, құқық қорғау және сот органдарына, қоғамдық ұйымдар мен азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктейтін кешенді шара. Бұл ретте еліміздің басты заңын қорғау міндеті Конституциялық кеңеске жүктелетінін атап өткен жөн. Аталмыш орган конституциялық талаптарының орындалуын тікелей бақылап отырады. Олар қабылдайтын нормативтік қаулылар Конституция нормаларын қоғамдық қатынастардың барлық нысандарының дұрыс түсініп, қолдануына ықпал етеді. Ал бұл дегеніңіз мемлекеттің тұрақты әрі ұдайы дамып отыруының кепілі. Конституциялық кеңес - өзінің шешімдері арқылы тек тиісті құқықтық қатынастардағы конституциялық талаптардың орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, қолданыстағы заңнамалардың Ата заңымызға сай болуына қажетті шарттарды қалыптастырып, осы заңнамалар мен құқық қолдану тәжірибесінің дұрыс дамуына даңғыл жол салады.
- Сіздің пікіріңізше, 2007 жылғы конституциялық реформалардың маңызы неде ?
- Кез-келген Конституция өзінің тұрақтылығымен, өміршеңдігімен, оған енгізілетін өзгерістер мен түзетулердің ерекше тәртібімен бағалы. Алайда оған тек өзгеріс енгізуге болмайтын қатып қалған құжат ретінде қараудың қажеті жоқ. Жалпы алғанда конституциялық саясат, мемлекет пен қоғамның өзі ылғи өзгеріске ұшырап отырады. Олай болмаған күнде аталған құндылықтар одан әрі даму мен прогрестің өзіндік тежегіші бола алмайды. Конституциялық құқық қоғам мен мемлекет дамуының негізгі бағыттарына сәйкес болады. Тек конституциялық құқықтар қатысатын қоғамдық қатынастар мен экономикалық, саяси шарттар ғана ұдайы дамып, жетіліп отырады. Осының барлығы конституция талаптарын жаңа заманға лайықтап отыруды қажет етеді.
2007 жылдың мамыр айының 21-інде қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулдар енгізу туралы» заңы жан-жақты әрі кең ауқымды қоғамдық талқылаулардың нәтижесі. Ол Қазақстандағы жаңа демократиялық даму мен саяси жаңғырудың көрінісі болды. Конституцияға енгізілген өзгерістер негізінде Парламенттің құзыры кеңейіп, оның құрамындағы адамдар саны арта түсті. Сондай-ақ Мәжіліс сайлауының тәртібі түбегейлі өзгерді. Шектен тыс шектеулерді алып тастау арқылы жергілікті мемлекеттік өзін-өзі басқару жүйесі өзгеріске түсіп, мемлекеттік және қоғамдық институттардың ықпалдастығы белсендіріле түсті. Осылайша қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық қатынастардың дамуы елімізде Конституцияға дейін өзгеріс енгізуге негіз болды.
Осы орайда айта кететін мәселе, аталған саяси өзгерістер елімізде де халықаралық қауымдастық пен халықаралық ұйымдар тарапынан да жақсы бағаланды. Қазақстанның демократиялық бағыты заманға сай демократиялық мемлекет құруда үлгі боларлық жолдардың бірі.
- Елімізде қолданыстағы заңнамаларға 2007 жылғы конституциялық реформалармен байланысты өзгерістер енгізу толық аяқталды деуге бола ма ?
- Конституцияға жаңа енгізілген талаптарды іс жүзінде жүзеге асыру мен ұлттық заңнаманы жаңа талаптарға сәйкестендіру мақсатында тиісті өзгерістер мен толықтырулар еліміздегі Президент, Үкімет, Парламент пен оның депутаттарының мәртебесіне, сот жүйесі мен судьялардың мәртебесіне, саяси партиялар мен сайлауға қатысты заңдарға және бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ тұтқынға алуды санкциялауға қатысты бірқатар заңнамалық актілерге енгізілді. Бұған қоса жергілікті өзін өзі басқару, Жоғары сот кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы және өзге де бірқатар заңдар қабылданды. Жаңа құжаттардың басты мақсаты - еліміздің заңнама алаңын кеңейтіп, оны ізгілендіруге бағытталған. Қорыта айтсақ, олар елдегі демократиялық үдерістердің дамуына ықпал етуі тиіс. Жалпы алғанда конституциялық реформалардың біразы осы уақыттың өзінде тәжірибе жүзінде іске асырылды. Нақтырақ айтқанда, елімізде алғаш рет баламалы жүйе бойынша Мәжіліс сайлауы өтті. Үкімет алғаш рет жаңа өзгерістер негізінде жаңа сайланған Мәжілістің алдында сенім мәселесін алдыға қойды. Көріп отырғандарыңыздай конституциялық реформалардың негізінде елде айтарлықтай өзгерістер болды. Елде үлкен жұмыс атқарылды, ал атқарылуы тиіс жұмыс одан да көп. Жаңа енгізілген конституциялық реформалар қолданыстағы заңдар мен заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіп қана қоймай, қоғамның саяси, құқықтық сауаттылығы мен мәдениетінің артуын талап етеді.
- Алдымызда Конституция күні келе жатыр. Аталмыш мереке елордамыз бен еліміздің аймақтарында қалай атап өтілмек ?
- Біз биыл тек Конституция күнін ғана атап өткелі отырған жоқпыз. Сонымен қатар біз Ата заңымыздың жалпыхалықтық референдумда қабылданғанына 15 жыл толуын мерекелемекпіз. Бұл конституциялық құрылымның кейбір нәтижелерін ой елегінен өткізіп, еліміздің құқықтық жүйесінің одан әрі дамуын бір саралап шығатын уақыт. Үкімет қазір Конституцияның 15 жылдығын атап өтуге байланысты іс-шаралар жоспарын бекітіп, арнайы қаулы қабылдады. Оның аясында, яғни салтанатты шаралармен қатар елде ғылыми конференциялар мен семинарлар, олимпиадалар, конкурстар ұйымдастырылуда. Ал ақпарат құралдарында арнайы айдарлар ашылды. Елордамызда үкімет мен Парламенттің және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің, қоғам қайраткерлері мен шетелдіктердің қатысуымен «Конституция - мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Мереке қарсаңында мемлекеттік қызметке алғаш орналасқан бірқатар мемлекеттік қызметкерлер Ант қабылдап, Конституция күні 16 жасқа толған азаматтарға Қазақстан Республикасының азаматы екендігін растайтын куәлік беріледі. Осы күнге арналып мерекелік пошта маркілері мен төс белгілері шығарылады. Мерекенің басты шарасы әрине әскери шеру пен Астанада өтетін үлкен мерекелік концерт болады.