16 жасқа толмағандар онлайн платформаларға тіркелу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Әзірленген заң жобасы аясында 16 жасқа толмаған балаларға онлайн платформаларға тіркелуге тыйым салынбақ. Бұл тұрғыда қандай ресурстар қамтылуы мүмкін? Бұл сұраққа Мәдениет және ақпарат министрлігі жауап берді.

16 жасқа толмағандар онлайн платформаларға тіркелу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін
Фото: Pexels

— Қолданыстағы заңнамаға енгізілетін түзетулер пакеті жақында ғана қоғамдық талқылауға ұсынылды. Министрлікке ата-аналардан, мұғалімдерден және қоғамдық ұйымдардан көптеген өтініш келіп түсті. Олардың уәжін ескере отырып, біз халықаралық үрдістерді талдап, сарапшылармен кеңестік. Нәтижесінде, 16 жасқа толмаған балаларды онлайн платформаларда тіркеуге тыйым салатын ережені енгізу туралы шешім қабылданды. Тыйым мессенджерлерге таралмайды, тек әлеуметтік желілерге қолданылады. Тыйымның мақсаты — кәмелетке толмағандарға қосымша қауіпсіздік кепілдіктерін беру және оларды теріс мазмұндағы контенттен қорғау, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Осындай шектеулер әлемнің бірқатар елінде де бар. Қазақстанда бұл бағыттағы қадамдарды егжей-тегжейлі зерттеу жүріп жатыр.

— Егер осы ұсынысты қоғам қолдаса, оның тәсілдері мемлекеттік органдармен талқыланады. Ұсынылған тәсілдің бірі — баланың жасын тексеру міндеттерін онлайн платформа иелеріне жүктеу. Аустралиядағы жағдайды ескере отырып, онлайн платформалар осындай техникалық жұмыстарға кірісіп кетті, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Еске салсақ, елімізде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін жасына қарай шектеу ұсынылды. 

Жақында Еуропарламент 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу жөнінде резолюцияны бекітті. 

Соңғы жаңалықтар