$17 млрд, Ибраһим келісімі, Зангезур дәлізі: Президенттің АҚШ-қа сапары қалай өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аяқталды. Еліміз «C5+1» форматындағы саммитте маңызды мәлімдеме жасап, АҚШ-пен 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімге қол жеткізді. Бұдан бөлек Қазақстанның геосаяси әлеуетінде біршама өзгеріс болғалы тұр. Kazinform-ның аналиткалық шолушысы сапар нәтижесіне зер салып, сарапшылардан мән-жайын білді.

С5+1
Колллаж : Kazinform / Aqorda / Freepik

АҚШ ренессансы һәм технологиялық тартыс

Бұл – Президенттің биылғы күздегі АҚШ-қа жасаған екінші сапары. Бұған дейін қыркүйекте Нью-Йоркте болып, мұхиттың арғы бетінде құны 5,2 млрд доллар болатын 11 келісім жасағаны есте. Сол кезде Amazon Kuiper, ExxonMobil, Chevron, IFC, Lummus Technology, Wabtec секілді америкалық алпауыт компаниялар елдегі көлік, энергетика, логистика, ақпараттық технология саласын жетілдіретіні белгілі болған-ды. Осы жолы экономикалық бағдар өзгермегенімен, келіссөздер саяси сипатқа ойысып отыр.

Президент АҚШ-қа аяқ тиісімен алғашқы келісімді аса маңызды минералдар саласынан бастады. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен АҚШ Сауда министрі Говард Латник аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын көрдік. «A+Аnalytics» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Фархад Қасеновтің айтуынша, келісім нарықтағы сұраныс пен бәсекенің қызған шағында орын алған. Демек, АҚШ әлі де Қазақстанның шикізат өндірісіне қызығулы.

– Сирек металдар өндірісінде АҚШ пен Қытай арасында қайшылық жоқ емес, сондықтан әлемде сұраныс артатыны анық. Қазірдің өзінде АҚШ шетелден сирек металдарды сатып алуды үдеткен. Ол үшін достас елдердегі шикізат өндірісін дамытуға, нарыққа жеткізу жолын – логистикалық тармақты қалыптастыруына тырысып келеді.

Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанның өндіріс қуаты АҚШ үшін басым таңдау болатын секілді. Еліміз сирек металдар өндірісін ұлғайтып, өнімді әлемдік нарықта жоғары бағада сатуға таптырмас кезеңде тұр. Ол үшін Орта дәліздің жүк өткізу қабілетін кеңейту, жаңа теміржол желілерін салу кезек күттірмейді, – деді Фархад Қасенов.

Фархад Қасенов
Фото: Фархад Қасенов\ orda.kz

АҚШ – Орталық Азия экономикасының ең ірі инвесторы. Тәуелсіздік алғаннан бері өңірге қаржы құюды толастатқан емес – дені мұнай-газ саласына тиесілі. Қазақстанда – Chevron мен ExxonMobil, Өзбекстанда – Epsilon Development Company (EDC) мен Halliburton, Түрікменстанда – Westport Trading Europe Limited (WTL) жұмыс істеп жатыр. Кен орындарындағы америкалық компаниялардың үлесі жетерлік. Фархад Қасеновтің пікірінше, Орталық Азия мемлекет басшыларының АҚШ-қа баруының бір себебі шикізат келісімінде жатыр.

– «C5+1» форматындағы алғашқы кездесуде сыртқы істер министрлері бас қосса, кейін көшбасшылардың жиыны өткізілді. Осы аралықта Орталық Азияның статусы мен маңызы артты. 1990 жылдары АҚШ аймақтағы экономикалық және саяси ортада белсенді жұмыс істеді. Кейін қатынас бірте-бірте бәсеңдеп, мәдени белсенділікке, яғни «жұмсақ күшке» айналғанын білеміз. Қазір АҚШ-тың ОА-ға қатысты сыртқы саясаттағы ұстанымы қайта қаралуда, олар байланысты жетілдіруге шынайы ниеттеніп отыр. Сонымен қатар автокөліктер мен электркөліктер өндірісінің дамуына байланысты сирек металдарға сұраныс артып келеді. Демек, стратегиялық маңызды ресурстар аймақ көшбасшыларын Ақ үйге апарды, – деді спикер.

Орталық Азия АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы инвестициясы үшін ғана емес, өндірістік технологиясы үшін де бәсекеге түспек. Өйткені кен орындарындағы өндірістің күрделенуі, шикізатты барлау жұмыстарының қиындауы келешек нәтижеге әсер етуі ықтимал.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары АҚШ-тың мұнай компаниялары Қазақстан нарығына енген сәтте оларда посткеңестік елдерде жоқ мұнай өндіру, өңдеу мен барлау технологиялары болды. Соның арқасында Қазақстан өнідіріс қуатын арттырып, мұнай-газ саласында жетекші орынға шықты. Сондықтан АҚШ-пен энергетикалық жобалардың саны артуы біз үшін тиімді, – деп атап өтті сарапшы.

сауда
Инфографика: Kazinform

Шетелмен жасалған ауқымды экономикалық келісімді қауіпсіздік кепілі ретінде қарауымыз керек. Фархад Қасеновтің сөзіне сүйенсек, кез келген инвестиция қос тарапқа пайда әрі екі мемлекет бір-бірінің тұрақтылығы үшін тілеулес болады.

Зангезур дәлізі Орта дәлізге қалай әсер етеді?

Аймақтағы энергетикалық ресурстар, мұнай-газ саласында америкалық компаниялардың үлесі бар дедік. Міне, осы саяси мүдденің аясында Ақ үй басшысы Орталық Азиядағы көлік-логистика бағытын жандандыруға ниетті. Қырғызстан мен Өзбекстандағы балама теміржол бағыттарымен қатар Қазақстан ұсынған Орта дәлізді басты назарға алып отыр. Трамптың екінші президенттік кезеңінде, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан өзінің көлік-логистикалық хабын құруға тырысып келеді.

Касым-Жомарту Токаеву и Ильхаму Алиеву презентовали проект «Развитие Среднего коридора»
Фото: Ақорда

Осы бәсекеде Қазақстан көп пайда табатындай. Оған Дональд Трамптың Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімді орнатқаны түрткі болды. Себебі Әзербайжан мен Армения арасындағы мәміледе Зангезур дәлізінің бір бөлігін америкалық компания 99 жылға жалға алады. «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп жолы» (TRIPP) деп аталған бағыт Орта дәлізбен жалғасса, негізгі траннзит біздің үлеске тиеді деген сөз. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп арасындағы әңгімеде екі дәліздің мәселесі көтерілуі нәтижелі күнді жақындататын түрі бар.

– Бұрын еларалық экономикалық жобалар энергетика саласында байқалатын. Америкалық Chevron, ExxonMobil секілді компанияларға басымдық берілді. Ал 2020 жылдан бастап көлік-логистикаға басымдық берді: Қазақстанда локомотив құрастыру зауыты, Wabtec-тің өндіріс орындары ашылды. Биыл Қазақстан АҚШ-пен бірлесіп теміржол саласын модернизациялау үшін Wabtec компаниясымен 4,2 млрд долларлық келісім жасады, – деді Фархад Қасенов.

АҚШ
Инфографика: Kazinform

«Сыңармүйіз» стартаптар: цифрлы елге айналу жолы

Қоғамда «Қазақстан тек шикізат державасы болуға ұмтылады, Орталық Азия-АҚШ байланысы шикізатқа негіздеген» деген көзқарас естиміз. Фархад Қасеновтің пікірінше, бұл – қате тұжырым. Қазақстан АҚШ-пен байланысты тек мұнай-газға негіздемейді. Ауыл шаруашылығы, логистика, тіпті соңғы кезде цифрландыру ісінде жүйелі қатынас орнатады.

– Біз үшін АҚШ - алдымен технология кілті. Өркениет дамуын жетілдіретін өнертабыс пен ақпараттық технологияның басым дені сол жақта. Қазір Қазақстан цифрландыру жүйесін дамытуда. Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерді іске қосты, цифрландыру инфрақұрылымы әзірленіп жатыр. Отандық жасанды интеллекті жасалуда. Осы тұрғыда АҚШ-тағы IT компаниялармен байланыс экономиканы әртараптандыруға септеседі. Осылайша, экономикадағы жансыз жерімізге айналған – шикізат өндірісіне тәуелділігімізден аз да болса арылуға болар еді, – деді маман.

Президент сапарында әртараптануға ұмтылыстың символдық қадамы жасалды. Вашингтонда Мемлекет басшысына АҚШ-тағы Higgsfield AI, Deep Infra, ARC Drones жобалары таныстырылды. Кремний алқабының «сыңармүйіз» стартаптарына айналған бастамалар жасанды интеллект генерациясы, машиналық оқыту, биотехнология, автономды дрондар саласында кеңінен қолданылады.

Nvidia, Boeing, OpenAI among U.S. companies signing new agreements with Kazakhstan
Фото: Kazinform

Орталық Азиядан шыққан таланттардың жобаларына қолдау білдіретін Silkroad Innovations технология хабы бар. Қазақстандық жастардың көбі осы мүмкіндіктің шеңберінде жобаларына қаржы тартқан.

Алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық міндет тұр. Ол үшін ұлттық ІТ экожүйесін дамытуға әлеуеті жететін жастардың шетелде білімін жетілдіріп, Қазақстандағы еңбек нарығына орныққаны керек.

Экономиканы әртараптандыру үшін жаңа технология жеткіліксіз. Соған сай маман әзірлігі керек. Болашақта екіжақты келісімдер ішінде академиялық білім беру ісінің болуы маңызды.

– Экономиканы әртараптандыру үшін ғылыми әріптестік керек. Білім беру бағытында серіктестік бағдарламалары бар. 2022 жылы М. Қозыбаев атындағы СҚУ АҚШ-тың Аризона университетімен бірлесіп биотехнология факультетін ашты. Осы үрдіс ауыл шаруашылығы, медицина салаларында байқалуы керек, – деді Фархад Қасенов.

John Deere 3 мың ауыл шаруашылығы техникасын шығарады

Алдағы 5 жыл ішінде «Агромашхолдинг KZ» АҚ базасында John Deere-дің 3 мың ауыл шаруашылығы техникасы шығарылатын болады. Оған қоса сервистік орталықтар мен инфрақұрылым, қосалқы бөлшектерді жеткізу жүйесін құру, цифрлық технологияларды енгізу және инженер мен техникалық кадрларды даярлау қарастырылған. Өнеркәсіптік кооперацияның жалпы сомасы 2,5 млрд долларға бағаланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен кездесті
Фото: Ақорда

Бұған дейін John Deere мен «АгромашХолдинг KZ» 292 техника шығарған. Жыл соңына дейін тағы 100 техника шығарылады деп жоспарлануда. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында жалпы құны 2,5 миллиард доллар болатын Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды.

– Жаңа келісім өндірістік мүмкіндіктерді едәуір кеңейтуге және отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың технологиялық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан мемлекеттік өнеркәсіптік саясат аясында осы жобаны іске асыруды қолдауды қамтамасыз етуге дайын, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

АҚШ ауыл шаруашылығы саласындағы мол тәжірибеге ие. Жергілікті фермерлер технопарктерін ұдайы жаңартып, жер өңдеу мен өнім сапасын арттыруға арналған технологияны жиі пайдаланады.

Бұған дейін Президент америкалық бизнес өкілдерімен қыркүйектегі кездесуінде бірнеше ұсыныс жасағанын білеміз. Оның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту, су ресурстарын үнемдеу, ауыл шаруашылығын цифрландыруды көздейтін ортақ Агроинновациялық бағдарлама жасауды алға тартқан.

Ақ үй мен «Ибраһим келісімі»

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың жүзбе-жүз кездесуінде саяси астар басым болғанға ұқсайды. Келіссөзде екіжақты стратегиялық байланыстан бөлек геосаяси мәселелер қалыс қалмаған. Ең маңыздысы – Президент Ибраһим келісіміне қосылатынын мәлімдеді.

Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті
Фото: Ақорда

Ибраһим келісімі деген не? Оның маңызы қандай?

Таяу Шығыстағы мемлекеттердегі қақтығыстың өршігеніне ширек ғасырдан әрі асты, көбі ғасырға жуық жанжалдасып келеді. Әсіресе, араб елдері мен Израильдің текетіресі аймақ тыныштығын бұзғалы көп болды. Осы кикілжіңді біржақты ету үшін АҚШ 2020 жылы Ибраһим келісімін («Авраам келісімі» деген сыңар атауы бар - ред.әзірледі. Бұл – Израиль мен араб елдері арасындағы бейбіт қатынасты нығайтуға арналған келіссөздер.

Келісім 2020 жылы Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко арасында жасалған-ды. Кейін келісімге Египет пен Судан кірді. Қазір Ақ үй әкімшілігі Қазақстан мен Әзербайжанды да келісімге әкелуге ниетті. Сарапшылар Қазақстан Ибраһим келісіміне қосылу арқылы технологиялық тұрғыда Израильмен қатар АҚШ-пен де тығыз байланыс орнатып, аймақтағы ықпалын нығайта алады деп отыр.

Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің ойынша, Қазақстанның бұл әрекеті – Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтатуға қадам.

Ғазиз Әбішев
Фото: Ғазиз Әбішевтің жеке мұрағатынан

– Таяу Шығыстағы БАӘ, Сауд Арабиясы, Иордания секілді басты ойыншылар Израильмен тығыз байланыста. Қандай соғыс болмасын олардың экономикалық дамуына кері әсер етеді. Өйткені мұнай дәуірінің аяқталуы, климаттық өзгеріс осыған итермелеп отыр. 

Бұл ретте Қазақстан Таяу Шығыс мемлекеттерімен өте жақсы қарым-қатынаста екені анық. Олардың мақсаттарымен үндесу уақыт талабына айналды. Оның үстіне Қазақстанның басты серіктестері – Қытай мен Ресей Ибраһим келісіміне қарсы емес. Сондықтан Президент ұстанымы Қазақстанды сыртқы саясатта бейбітшіліктің қолдаушысы етіп көрсетеді, – деді саясаттанушы.

Мемлекет басшысы Ибраһим келісіміне кіретінін жай айтып қана қойған жоқ, Трамппен бірге Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен. Кейін келіссөзден соң Ақ үй басшысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, Қазақстанды «екінші президенттік кезеңінде Ибраһим келісіміне қосылған бірінші ел» деп атады.

Тоқаев ва Трамп
Фото: Ақорда

Шағын құрамдағы ресми кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп еркін форматта әңгімесін жалғастырған. Көшбасшылар Ақ үйдің іргесінде тұрып, жаңадан салынып жатқан салтанат сарайының құрылысын көрді.

«С5+1» саммиті қалай өтті? 

Президенттер басқосуынан кейін іле-шала «С5+1» форматындағы саммит басталды. Трамп сөзбасын Орталық Азияның маңызы туралы бастап, Ақ үйдің алдағы уақытта өңірмен қатынасқа ықылас қоятынын тұспалдай кеткен. Өзінің «Трамп жолы» санайтын Зангезур дәлізінің құрылысы Каспий теңізінің қос жағалауындағы елдер мен Орталық Азияға жаңа мүмкіндік сыйлайтынын да қоса кетті.

Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестігін дамытатынын айтып, қазіргі көрсеткіштерді мысалға келтірді.

– АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономикамыздың қозғаушы күші саналады. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді, – деді Мемлекет басшысы.

п
Фото: Ақорда

Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан көшбасышылары АҚШ-пен арадағы жан-жақты стратегиялық жобаларды мысалға келтірсе, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «C5+1» тұрақты хатшылығын, Инвестиция және сауда жөніндегі үйлестіру кеңесін және Орталық Азия инвестициялық серіктестігін құруға шақырды. 2026 жылғы саммитті Самарқандта өткізуді ұсынды.

Дональд Трамп өзін бітімгер әрі Вашингтонның Орталық Азия елдеріне деген жаңа көзқарасын қалыптастырушы ретінде көрсеткісі келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ынтаны ұлттық мүддемен қабыстырып, өзара тиімді экономикалық шешімдер қабылдауға тырысуда. Саммит соңында АҚШ президентінің Қасым-Жомарт Тоқаевты «Ұлы президент» деп бағалауы әрі Ақ үй алдында протоколдан тыс емен-жарқын сұхбат құруы қазақ дипломатиясының діттеген мақсатына жеткенін көрсетсе керек.

P.S. Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапарында бірқатар лауазымды тұлғалармен кездесіп, The Washington Post және The New York Times секілді америкалық танымал басылымдарға сұхбат берді.

Оған қоса Дональд Трамппен әңгіме барысында Ақ үй басшысын Қазақстанға шақырды. Саммиттен кейін журналистер Трамптан ұсынысқа қалай қарайтынын сұраған сәтте ол «әбден мүмкін» екенін айтты.

Бұған дейін Қазақстан делегациясының АҚШ-қа сапары барысында қандай келісімдер жасалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар