18 қыркүйекте республиканың батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды
АСТАНА.17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағының басым бөлігінде антициклон ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, тек республиканың батысында атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты кей жерлерді жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды, жел күшейеді.
Республиканың солтүстігі, солтүстік-батысы, батысы және шығысында кей жерлерде тұман түседі деп күтілуде.
Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап, ҚР ТЖМ хабарлайды.
Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарында, күндіз Маңғыстау облысында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа күшейеді деп күтілуде, Маңғыстау облысында шаң көтеріліп, дауыл тұрады. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстарында түнде және таңертең тұман түседі деп күтілуде.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында түнде кей жерлерде 0-3 градус аяз сақталады.
Республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталығында кей жерлерде жоғары өрт қаупі сақталады.