19 ақпан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 19 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік киттер (мұхит пен теңіз сүтқоректілер күні) күні

Бүкіләлемдік киттер күні - 1986 жылы Халықаралық кит аулау (International Whaling Commission - IWC) комиссиясында бекітілген. Сол жылы 19 ақпанда Халықаралық кит аулау комиссиясы дүниежүзінде кит аулау мен кит етін сатуға тыйым салған. Бірақ 19 ақпан киттерді ғана емес, сонымен бірге барлық мұхит пен теңіз сүтқоректілерін қорғау күні. Кейде әр мемлекеттің экологиялық ұйымдары жиналып, осы күнді мүлдем жойылу алдында тұрған бірегей бір сүтқоректіні қорғауға арнайды.

Халықаралық казу күні

Казу - бұл мембранофонның бір түрі, яғни созылған мембрана арқылы дірілдеп, дыбыс шығаратын немесе дыбыс өзгертетін музыкалық аспап. Казу туралы алғаш рет 1883 жылы 9 қаңтарда жазылған. Бұл күні америкалық өнертапқыш Уоррен Герберт Фрост казуға патент алды. Алайда, Фрост казуы сүңгуір қайық тәрізді қазіргі казуға мүлдем ұқсамайтын. Заманауи дизайнды Джордж Д.Смит 1902 жылы 27 мамырда патенттеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан мен Аустрия Республикалары арасында алдағы уақытта саяси-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «Адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

1994 жылы Қазақстан Республикасының құрамасы тәуелсіз ел ретінде алғаш рет Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Онда қазақстандық спортшылар бір алтын және екі күміс жүлдені жеңіп алды.

2009 жылы Иранның Гүлістан провинциясының орталығы Горган қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ресми түрде ашылды.

2013 жылы Тараз қаласының маңында сақ алтынының бөліктері табылған қорғандар қазып алынды.

2013 жылы Тараз қаласының маңынан археологтар бірқатар құнды жәдігерлер, атап айтар болсақ, 45 алтын әшекей фрагменттері, жерленген адамның және жыртқыш құстардың, аң аулайтын бүркіттердің сүйектері табылды. Жерлеу «ерте темір» дәуіріне, яғни, біздің заманымызға дейінгі I-III ғасырларға жатады. Жерленген адамға келетін болсақ, археологтар оның сақ ақсүйектерінің өкілі екеніне сенімді.

2013 жылы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы Ауғанстаннан Қазақстан Республикасының аумағы арқылы теміржол және әуе көлігімен әскери техника мен жеке құрамды транзиттеу туралы келісімге қол қойды. Қауіпсіздікке жәрдемдесетін халықаралық күштер (ISAF) миссиясының басқа қатысушыларымен қол қойылғанға ұқсас келісімдер бұрын жасалған болатын - бұл АҚШ, Германия, Испания, Ұлыбритания және Франция, сондай-ақ тұтастай алғанда халықаралық ұйым ретінде НАТО.

2014 жылы Ақтауда Түрікменстанның консулдығы ашылды. Бұл екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

2015 жылы Мәскеудегі Ардагерлер үйінде екі мәрте Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов туралы «Подняться в воздух!» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл тарихи деректі фильм Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған 19 жастағы Талғат Бигелдиновтің тағдыры туралы баяндайды. 1942 жылдан 1945 жылға дейін қан майданда талай қиындықтарды бастан кешіп, ерліктің мәңгі өшпес үлгілерін көрсеткен батырдың тағдыры ешкімді де бейжай қалдырмайды. Талғат Бигелдинов өзінің ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен Кавказ бен Украина жерін жаудан азат ету операцияларына қатысқан, алғашқылардың бірі болып Берлинді бомбылаған. Бұл ұшақты фашистер «Қара ажал» деп атаған. Аты аңызға айналған ұшқыштың 1966 жылы жазған «Илдер шабуылдайды» атты кітабы фильмнің негізгі арқауына айналған.

2015 жылы ҚР Ұлттық кітапханасы «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында жалпыға бірдей оқуға басты кітап болып Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясы таңдалды.

2015 жылы Алматыда Армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстанның алғашқы қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің отбасына ІІ дәрежелі ҰОС орденін тапсыру рәсімі өтті. Сағадат Нұрмағамбетов Отан соғысы орденіне 1985 жылы ұсынылған. Алайда награда оған белгісіз себептермен берілмеген.

2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» №569 Жарлығына өзгерістер енгізілді.

2020 жылы Қазақстанда цифрлық Комиссарлар тобы құрылып, оның құрамына қоғам қайраткерлері, блогерлер мен журналистер кірді.

Цифрлық комиссарлар тәуелсіз бақылаушы ретінде мемлекеттік органдардың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқан жобалары мен бастамаларына қоғамдық негізде мониторинг жүргізеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер мен ХҚО жұмысы бойынша қызметті алушы-азамат тұрғысынан ескертулер мен ұсыныстар береді.

2021 жылы Испанияда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығының логотипі бейнеленген, испан тілінде жазылған және әрбір қазақстандық үшін ерекше саналатын дата көрсетілген пошта маркасы шығарылды. Пошта байланыстарының бойтұмары саналатын марка, испан жұртшылығына Қазақстанның маңызды мерейтойлық датасы туралы еске салады.

2021 жылы Беларусь Республикасы Ұлттық кітапханасының Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығына 300 кітапты тапсыру рәсімі өтті, оның ішінде еліміздің көрнекті тұлғалары - Ыбырай Алтынсариннің, М.Әуезовтың «Абай жолы» 4 томдығы, балалар, көркем және ғылыми әдебиеттер, тарихи, мәдени басылымдар бар.

2022 жылы Қарағанды облысындағы Нұра көпсалалы колледжіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және кәсіптік-техникалық білім берудің құрметті қызметкері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Болат Әбдікәрімовтің есімі берілді. Ол педагогика, кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесін, этнопедагогиканы дамытуға баға жетпес үлес қосты. Болат Әбдікәрімов - 300-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің авторы, ғылым докторларының, кандидаттардың және магистрлердің бірнеше буынын тәрбиелеген.

2023 жылы Алматыда қала әкімдігі рұқсат берген депутаттыққа кандидаттардың үгіт-насихат жиыны өтті. Митинг М.Ганди атындағы саябақта өтіп, онда жүргізушілер халықтың мәселелері мен тілектерін бейнелейтін өлең оқыды. Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлер бірінен соң бірі сөз сөйлеп, азаматтарды шетте қалмауға, елдің саяси өміріне араласуға шақырды. Митингке 50-60-қа жуық адам жиналды.

2024 жылы Германияның Гейдельберг қаласында өткен парадзюдодан әлемдік Гран-приде қазақстандық спортшылар 2 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды. Әйелдер арасында 48 келі (J2) салмақ дәрежесінде Ақмарал Науатбек финалда Қытай спортшысы Ли Лицинді жеңді. +70 келі (J2) салмақ дәрежесінде сынға түскен Зарина Райфова финалдық белдесуде кубалық спортшы Шейла Самарианды жеңді. Ал -70 келі (J2) салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшы Аяла Мереке қола жүлдені жеңіп алды. Ерлер арасында -73 келі (J1) салмақта Ерғали Шәмей мен +90 келі (J2) салмақ дәрежесінде Жұрқамырза Шұқырбеков қола жүлдегер атанды.

2024 жылы Мемлекет басшысы Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовты қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша қазақ-өзбек ынтымақтастығы дамуының жоғары серпінін ерекше атап өтті. Қазақстан бауырлас Өзбекстанмен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға басымдық береді. Президент Шавкат Мирзиеевтің екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге қосқан елеулі үлесін ерекше атап өткен Мемлекет басшысы Қазақстанның өңіріміздегі халықтардың әл-ауқаты мен гүлденуі жолындағы Өзбекстанның бастамаларын алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін білдірді. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланып, екі ел арасындағы жаңа өсу нүктелерін табу мен тауар айналымын арттырудың маңыздылығы аталып өтт.

Соңғы жаңалықтар