Елордада 19 түлек Германия университеттерінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы мектеп түлектері Германия, Аустрия және Швейцарияда оқу гранттарын алды, деп хабарлайды Астана әкімдігі.
Елордадағы «Балабақша — № 46 мектеп-гимназиясы» кешенінде неміс тілін меңгерудің жоғары деңгейін (B2-ден C1-ге дейін) дәлелдеген оқу орнының 19 түлегіне Deutsches Sprachdiplom II (DSD II) халықаралық дипломдарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Бұл дипломдар оқушыларға Германияның үздік университеттерінде тегін білім алуға мүмкіндік береді.
Салтанатты іс-шараға Германияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты. «Балабақша — № 46 мектеп-гимназиясы» кешені елордада бірден үш тілде — қазақ, орыс және неміс тілдерінде оқытатын жалғыз оқу орны болып саналады. Білім беру мекемесінің DSD-мектеп мәртебесіне ие болғанына 20 жылдан асты, соның арқасында оның оқушылары жыл сайын шетелдік жоғары оқу орындарында білімін жетілдіру мүмкіндігіне ие болып келеді.
Биыл түлектердің жартысына жуығы Германия, Аустрия және Швейцария елдерінде оқуға білім беру гранттары мен жолдамалар алды. Оқушылардың бірі оқудың барлық шығынын өтейтін толық грант иегері атанды.
— Балалардың қолында халықаралық үлгідегі сертификаттар бар, ал бүгін Германияның Қазақстандағы елшісі Иверсен ханым оларға DSD II дипломдарын табыс етті. Бұл — оқушылардың, педагогтар мен ата-аналардың көпжылдық еңбегінің нәтижесі, — деп атап өтті мектеп директоры Роза Қасқабаева.
Оның айтуынша, мектептегі оқытудың ерекшелігі — бастауыш сыныптардан бастап неміс тілі тереңдетіп оқытылады. Оқушылар төртінші сыныпта-ақ A1 деңгейіне, алтыншы сыныпта A2 деңгейіне, сегізінші сыныпта B1 деңгейіне халықаралық емтихан тапсырады. Мектепті бітірген кезде түлектер B2 және C1 деңгейлерін дәлелдейді, бұл оларға қосымша тілдік емтихандар тапсырмастан, Германияның жоғары оқу орындарына түсуге құқық береді.
Бұл жоба Қазақстан мен Германия арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыра отырып, қазақстандық мектеп оқушыларына жаңа академиялық және кәсіби мүмкіндіктер ашады.
Осыдан бұрын «Болашақ» бағдарламасы бойынша мектеп түлектеріне 20 стипендия берілетінін жазғанбыз.