19 жастағы қызылордалық TikTok арқылы вейп сатқаны үшін көше тазалап жүр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Әлеуметтік желі арқылы заңмен тыйым салынғанына қарамастан электронды темекі сатып, алаяқтық жасаған 19 жастағы қызылордалыққа қатысты сот үкімі шықты.

19 жастағы қызылордалық TikTok арқылы вейп сатқаны үшін көше тазалап жүр
Фото: Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті хабарлағандай, ол қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, сот шешімімен 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне алынды.

— Азамат TikTok әлеуметтік желісінде тыйым салынған вейпті жарнамалап, адамдарды алдап, ақша алу арқылы алаяқтықпен айналысқан. Жас жігіт электронды темекі мен вейп сатудың заңға қайшы екенін білмегенін, жарнамалап сатса, оңай табысқа кенелетінін ойлағанын, ісіне өкінетінін айтып ақталған. Қазіргі уақытта күніне төрт сағат қала көшелерін абаттандыру және тазалау жұмысына тартылды, — делінген хабарламада.

Қызылорда облысында жыл басынан бері қоғамдық жұмысқа тартылған 22 адамның 14-і белгіленген сағаттарын толық орындап, пробация есебінен шығарылды. Қалғаны қоғамдық жұмыс бойынша жазасын өтеп жүр. 

Бұған дейін біз Qarakesek лақап атымен танымал әнші Омар Амантаевтың есірткі затын тауып алып, сақтағаны үшін 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылғанын хабарладық.