1995 жылғы Конституция елдің мемлекеттілігін, демократиялық құндылықтары мен егемендігін айқындап берді - ҚР-ның Украина мен Молдовадағы елшісі
СТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті елшісі Амангелді Жұмабаев 2010 жылғы тамыздың 30-ы күні Киевте ҚР Конституциясының 15 жылдық мерейтойы мен Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күніне арналған баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлады Украина мен Молдова Республикасындағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметінен.
Өз сөзінде елші 1995 жылы тамыздың 30-ы күні қабылданған Конституция елдің мемлекеттілігін, демократиялық құндылықтары мен егемендігін айқындап бергенін атап өтті. Бұл тарихи оқиға алдында аз жұмыс атқарылған жоқ. Негізгі заңымыздың жобасын дайындау барысында көптеген Конституциялар сарапталып, ізденістің географиясы да кең болды. Мысалы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бір өзі әлемнің жиырма Конституциясын сарапқа салған.
Елші бүгінгі күні Қазақстан Республикасының халықаралық мәдениетаралық және конфессияаралық диалог орталығының маңызды қызметтерін атқарып отырғанын және де ұлтаралық келісім мен конфессияаралық диалогтың даму мәселелеріне баса назар аударып отырғанын жеткізді.
Елші баршаға белгілі, 1989 жылы маусымның 18-і күні Семей полигонын жабу туралы тарихи шешімнің қабылданғанын, ал екі жыл өткен соң, яғни 1991 жылы тамыздың 29-ы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойғаны туралы ақпарат берді. Қазақстан көшбасшысының бұл даналық шешімі ядросыз әлемге жол бастады.
Сонымен қатар елші баспасөз мәслихаты барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты қаңтар айындағы халыққа Жолдауының негізгі мәселелеріне, Парламент, жергілікті өзін-өзі басқару органдардың рөлін күшейту туралы, саяси партияларың рөлін нығайту мен адам құқығын қорғау кепілдігі туралы ақпараттарға да қысқаша тоқталып өтті.