2 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 2 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Күнтізбе
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ, Қарағанды ​​облысының әкімі.

Ермағанбет Бөлекбаев
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

1975 жылы Қарағанды ​​облысында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: «Казкоммерцбанк» ААҚ Павлодар филиалының экономисі, «Бизнес-Информ» ақпараттық-коммерциялық орталығы өкілдігінің директоры (1996-1998); Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің экспорттық бақылау және лицензиялау департаментінің бас маманы, бөлім бастығы, басшысының орынбасары (1998-2003); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі (2003); Павлодар облысы әкімінің көмекшісі (2003-2005); Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысының орынбасары (2005-2006); Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы (2006); Павлодар ауданының әкімі (2006-2008); Павлодар облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің басшысы (2008-2009); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық басқармасының басшысы – Қарағанды ​​облысы бойынша Тәртіптік кеңестің төрағасы (2009-2011); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Тәртіптік кеңестің төрағасы (2011-2013); Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі (2013-2015); Астана қаласы, Алматы ауданының әкімі (2015-2016); Астана қаласы, Есіл ауданының әкімі (2016-2018); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы (2018); Қарағанды ​​облысы әкімінің орынбасары (2018-2020); Қарағанды ​​қаласының әкімі (2020-2022).

2022 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.

Нұржан БОРАНБАЕВ, Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары.

Нұржан Боранбаев
Фото: Kazinform

1976 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Шардара ауданында дүниеге келген. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген (1999).

Еңбек жолы: Тараз қаласы прокурорының көмекшісі (2000); Жамбыл облысы прокуратурасының прокуроры; Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының департамент бастығының орынбасары, департамент бастығы; Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының прокуроры; Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының екінші департаментінің прокуроры; Түркістан облысы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау департаментінің бастығы; Тараз қаласының прокуроры (2023 жылдың сәуірінен 2026 жылдың сәуіріне дейін).

2026 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

Ботагөз ӘБІШЕВА, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.

Ботагөз ӘБІШЕВА
Фото: dknews.kz

1976 жылы туған. Қазақстан құқық және халықаралық қатынастар институтын (KIPMO) халықаралық құқық мамандығы бойынша бітірген (1997); Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін қаржы мамандығы бойынша бітірген (2014); экономика ғылымдарының магистрі (2018); Қытайдың Жэньминь университетінің IMBA (Пекин, Қытай) (2022).

Еңбек жолы: ТұранӘлем банкінің халықаралық бөлімінде жұмыс істеді (1998); ТұранӘлем банкінің Пекиндегі (Қытай) өкілдігінің банк ісі жөніндегі директоры – басшысының орынбасары (2003-2007); Ресейдің ICICI Bank Eurasia қаржы институттары департаментінің басшысы (2007-2010); «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қаржыландыру және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директорының орынбасары, басқарушы директоры (2010-2022).

2022 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

Ақжан әл-МАШАНИ, геолог-маркшейдер, геомеханиктердің қазақстандық мектебінің негізін қалаушы және ұйымдастырушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері.

ғұлама ғалым Ақжан Жақсыбекұлы Машанов
Фото: Ұлттық ғылым академиясы

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Нұркен ауылында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі ҚазҰТУ) бітірген (1939).

КСРО ҰА Қазақстан бөлімшесінде (1939-1943), Геология ғылымдары институты (1943-1946), Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты (қазіргі ҚазҰПУ) (1946-1950), Қазақ политехникалық институты (қазіргі ҚазҰТУ) (1950-1988) ғылыми-зерттеу және педагогикалық жұмыстармен айналысты. Негізгі ғылыми бағыты геомеханиканың құрылымы кристалдық заңдылықтарды зерттеуге арналған.

Ол геометрия, оптика, механика, химия, геохимия, кристалдық химия, география, геология, технология тәрізді пәндердің сабақтастығын анықтау кезінде біртұтас геомеханика заңдылығын ашып, қағидасын тұжырымдады. Сөйтіп, өз алдына дербес ғылым саласының ортақ өзегін іздеу барысында Эйлер теориясы жаңғыртатын жаңалық жасады.

Сонымен қатар қазақ әдебиетінің ғылыми-көпшілік, фантастика жанрларына да үлес қосты. Оның «Жер астына саяхат» атты кітабы оқырмандардың геолог, тау-кен мамандықтарына деген қызығушылығын оятты.

Әл-Машани өзінің ғылыми кең ой-өрісінің, араб тілін жетік меңгеруінің арқасында маңызды жаңалықтардың бірі – Әбу Насыр әл-Фарабидың әлемдегі рөлін нақтылап кетті.

Ол әл-Фарабидың көптеген еңбектерімен жіті танысып қана қоймай, оның қазақ халқына қатысы бар екенін, Қазақстан мен Орта Азиядағы ежелгі өркениет орталығы болған қазіргі Отырар топырағында дүниеге келгенін әлемге мойындатты. Әйгілі философтың еңбектерін тыңғылықты зерттеген Ақжан әл-Машани неміс астрономы Иоганн Кеплер «Көктегі әуен» кітабында әл-Фарабидың «Китаб аль-музыка аль-Кабир» еңбегінен мәліметтер пайдаланып, кейбірін тікелей аударғанын анықтаған.

Ол Әбу Насыр әл-Фарабидің Дамаскідегі (Сирия) Баб ас-Сағир қорымынан қабірін тауып, құлпытас орнатуға атсалысқан. Ол әл-Фараби мұрасын ислам дінімен және қазақ халқының ұлттық дүниетанымымен сабақтастыра зерттеу нәтижесінде фарабитанудың негізін салушылардың бірі ретінде де кеңінен танылды.

«Әл-Фараби» тарихи романында оның көркем бейнесін сомдады, ал «әл-Фараби және Абай» еңбегінде екі ғұлама арасындағы ғылыми және рухани байланыстар мәселесін зерделеді. Түркі тілдес халықтардың мәдени мұраларын, ғылым тарихын, ислам ғылымын зерттеуде де көп тер төккен.

1984 жылы Кувейтте шығатын «әл-Һараб» мерзімдік басылымында «әл-Машани» бүркеншік атымен өзінің зерттеулерін жариялады. Ол 350-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 9 монография жазған.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Жаратылыстану институтына әл-Машани аты берілген, университетте әл-Машани мұраларын зерттейтін орталық және ғалымның есімі берілген аудитория бар.

Әзербайжан Мәдиұлы МӘМБЕТОВ, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қарақалпақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Халық қаһарманы».

Әзербайжан Мәдиұлы МӘМБЕТОВ
Фото: kaztheatre.kz

Ресейдің Волгоград облысында туған. Алматы хореография училищесінде, А.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтында білім алды.

Институт бітіргеннен кейін М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында, «Мосфильм» киностудиясында, Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінде, «Қазақфильм» киностудиясында, Алматы театр және көркемөнер институтында жемісті еңбек етті.

Институтты бітірген соң М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының режиссері, 1965 жылы бас режиссері қызметтерін атқарды.

1976 жылы КСРО халық әртісі атағына ие болды. Бұның алдында ғана оған КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілген.

Әзірбайжан Мәдиұлы өзінің режиссерлік еңбек жолын 1957 жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында Ш.Хұсайыновтың «Ертіс жағасында» атты пьесасын қоюмен бастаған. Осы өнер ордасында жүріп Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», Лопе де Веганың «Қызғаныштан махаббат» секілді пьесаларын қою арқылы комедия жанрында дарынын ұштай түсті.

1970-1980 жылдары Ә.Мәмбетов өмірінің ең белесті сәттері болды. Ол театрдан кино саласына кетіп, өзін кино саласында сынап көрді. Осы жылдар кезеңінде кейіннен көрерменнің жүрегіне жол тартып, қазақ кинематография саласының алтын қорынан өзіндік орын алған «Жаушы», «Қан мен тер» фильмдері жарық көрді.

Бұдан кейінгі жылдары Ә.Мәмбетов театрға көркемдік жетекші ретінде шақырылады. 1989 жылы КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. 1999 жылы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Әзірбайжан Мәдиұлы Елбасының «елорда театрына басшылық жасаңыз» деген ұсынысын қабыл алып, Астанаға келген болатын.

Ол елордада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыка-драмалық театрды басқарды. Оның алдында театрды жаңа сапалы деңгейге көтерудің үлкен міндеті тұрған болатын.

Астана театрының сахнасында қойылған «Қаракөз», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ана - Жер-Ана» сынды тағы да басқа көптеген қойылымдарды сахналады.

«Отан», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» орден-медальдарымен марапатталған. «Халық қаһарманы» құрметті атағы берілген. КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі атанған.

Астана қаласының құрметті азаматы.

Мұрат МҰСАБАЕВ, опера әншісі (баритон), Қазақстанның халық әртісі, М.Глинка атындағы бүкілодақтық әншілер байқауының лауреаты.

Мұрат МҰСАБАЕВ
Фото: discogs.com

Қарағанды қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясының вокальдық факультетін (профессор Б.Жылысбаевтың класында) бітірген.

1962 жылдан Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі. 1964 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогтік жұмыста (1979 жылдан – доцент) болды.

Негізгі партиялары: Тарғын, Семен (Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» және «Дударай» операсында), Жанбота (М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында), Абай (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы).

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.