2 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 2 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
61 жыл бұрын (1963) Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Саламович ЧЕРЧЕСОВ дүниеге келді.

Алагир қаласында (Солтүстік Осетия) туған.
Еңбек жолы: «Спартак» ФК (Орджоникидзе) (1981-1984); «Спартак» (Мәскеу) (1984-1987, 1989-1993, 1995, 2002); «Локомотив» (Мәскеу) (1988); «Динамо» ФК (Германия) (1993-1995); Тироль ФК (Австрия) (1996-2002); КСРО, ТМД және Ресей құрамалары (1990-2002); ФК Куфштейн (Австрия) (2004); Ваккер Тироль ФК (Австрия) (2004-2006); «Спартак» ФК (Мәскеу) (2007-2008); «Жемчужина-Сочи» ФК (2010-2011); «Терек» ФК (Грозный) (2011-2013); «Амкар» ФК (Пермь) (2013-2014); «Динамо» ФК (Мәскеу) (2014-2015); «Легия» ФК (Польша) (2015-2016); Футболдан Ресей құрамасының бас бапкері (2016).
КСРО және Ресейдің 4 дүркін чемпионы (1987, 1989, 1992, 1993). КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (1991). Ресей чемпионатының қола жүлдегері (2002). КСРО кубогының иегері (1991/1992). Достастық чемпиондары кубогының жеңімпазы (1993). 3 дүркін Австрия чемпионы (1999/2000, 2000/2001, 2001/2002). Австрия кубогының финалисті (2000/2001). Австрия суперкубогының финалисті (2000, 2001). Әлем чемпионатының қатысушысы (1994, 2002). Еуропа чемпионатының қатысушысы (1992, 1996).
Ресей чемпионатының күміс жүлдегері (2007). Польша чемпионы (2015/2016). Польша кубогының жеңімпазы (2015/2016).
2024 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.
49 жыл бұрын (1975) Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Қабдоллаұлы БӨЛЕКБАЕВ дүниеге келген.

Ол Қарағанды облысында туған. Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолы: «Қазкоммерцбанк» Ашық акционерлік қоғамы филиалының жобалар мен сауданы қаржыландыру бөлімінің экономисі, Астана қаласындағы «Бизнес-Ақпарат» ақпараттық-коммерциялық орталығы өкілдігінің директоры (1996-1998); Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің сауда қызметін реттеу департаментінің экспорттық бақылау және экспорт пен импортты лицензиялау басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы, бас маманы (1998-2003); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі, Павлодар облысы әкімінің көмекшісі (2003-2005); Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары (2006); Павлодар қаласы әкімінің аппарат басшысы, Павлодар облысы Павлодар ауданының әкімі (2006-2008); Павлодар облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы (2008-2009); Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының бастығы, тәртіптік кеңесінің төрағасы (2009-2011); Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы, Тәртіптік кеңестің төрағасы (2011-2013); Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі (2013-2015); Астана қаласы Алматы ауданының әкімі (2015-2018). 2018 жылғы ақпанда ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып тағайындалды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары (2018-2020).
2022 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.
118 жыл бұрын (1906-1997) геолог-маркшейдер, геомеханиктердің қазақстандық мектебінің негізін салушы және ұйымдастырушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ ССР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Ақжан Жақсыбекұлы МАШАНОВ дүниеге келген.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Нұркен ауылында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі ҚазҰТУ) бітірген (1939).
СССР ҰА Қазақстан бөлімшесінде (1939-1943), Геология ғылымдары институты (1943 - 1946), Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты (қазіргі ҚазҰПУ) (1946 - 1950), Қазақ политехникалық институты (қазіргі ҚазҰТУ) (1950 - 1988) ғылыми-зерттеу және педагогикалық жұмыстармен айналысты. Негізгі ғылыми бағыты геомеханиканың құрылымы кристалдық заңдылықтарды зерттеуге арналған.
Ол геометрия, оптика, механика, химия, геохимия, кристалдық химия, география, геология, технология тәрізді пәндердің сабақтастығын анықтау кезінде біртұтас геомеханика заңдылығын ашып, қағидасын тұжырымдады. Сөйтіп, өз алдына дербес ғылым саласының ортақ өзегін іздеу барысында Эйлер теориясы жаңғыртатын жаңалық жасады.
Сонымен қатар қазақ әдебиетінің ғылыми-көпшілік, фантастика жанрларына да үлес қосты. Оның «Жер астына саяхат» атты кітабы оқырмандардың геолог, тау-кен мамандықтарына деген қызығушылығын оятты.
Әл-Машани өзінің ғылыми кең ой-өрісінің, араб тілін жетік меңгеруінің арқасында маңызды жаңалықтардың бірі – Әбу Насыр әл-Фарабидың әлемдегі рөлін нақтылап кетті.
Ол әл-Фарабидың көптеген еңбектерімен жіті танысып қана қоймай, оның қазақ халқына қатысы бар екенін, Қазақстан мен Орта Азиядағы ежелгі өркениет орталығы болған қазіргі Отырар топырағында дүниеге келгенін әлемге мойындатты. Әйгілі философтың еңбектерін тыңғылықты зерттеген Ақжан әл-Машани неміс астрономы Иоганн Кеплер «Көктегі әуен» кітабында әл-Фарабидың «Китаб аль-музыка аль-Кабир» еңбегінен мәліметтер пайдаланып, кейбірін тікелей аударғанын анықтаған.
Ол Әбу Насыр әл-Фарабидің Дамаскідегі (Сирия) Баб ас-Сағир қорымынан қабірін тауып, құлпытас орнатуға атсалысқан. Ол әл-Фараби мұрасын ислам дінімен және қазақ халқының ұлттық дүниетанымымен сабақтастыра зерттеу нәтижесінде фарабитанудың негізін салушылардың бірі ретінде де кеңінен танылды.
«Әл-Фараби» тарихи романында оның көркем бейнесін сомдады, ал «әл-Фараби және Абай» еңбегінде екі ғұлама арасындағы ғылыми және рухани байланыстар мәселесін зерделеді. Түркі тілдес халықтардың мәдени мұраларын, ғылым тарихын, ислам ғылымын зерттеуде де көп тер төккен.
1984 жылы Кувейтте шығатын «әл-Һараб» мерзімдік басылымында «әл-Машани» бүркеншік атымен өзінің зерттеулерін жариялады. Ол 350-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 9 монография жазған.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Жаратылыстану институтына әл-Машани аты берілген, университетте әл-Машани мұраларын зерттейтін орталық және ғалымның есімі берілген аудитория бар.
92 жыл бұрын (1932-2009) СССР халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қарақалпақстанның халық әртісі, СССР және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Халық қаһарманы» Әзербайжан Мәдиұлы МӘМБЕТОВ дүниеге келді.

Ресейдің Волгоград облысында туған. Алматы хореография училищесінде, А.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтында білім алды.
Институт бітіргеннен кейін М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында, «Мосфильм» киностудиясында, Қазақ ССР Мемлекеттік кино комитетінде, «Қазақфильм» киностудиясында, Алматы театр және көркемөнер институтында жемісті еңбек етті.
Институтты бітірген соң М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының режиссері, 1965 жылы бас режиссері қызметтерін атқарды.
1976 жылы СССР халық әртісі атағына ие болды. Бұның алдында ғана оған СССР және Қазақ ССР-ның мемлекеттік сыйлығы берілген болатын.
Әзірбайжан Мәдиұлы өзінің режиссерлік еңбек жолын 1957 жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында Ш.Хұсайыновтың «Ертіс жағасында» атты пьесасын қоюмен бастаған. Осы өнер ордасында жүріп Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», Лопе де Веганың «Қызғаныштан махаббат» секілді пьесаларын қою арқылы комедия жанрында дарынын ұштай түсті.
1970-1980 жылдары Ә. Мәмбетов өмірінің ең белесті сәттері болды. Ол театрдан кино саласына кетіп, өзін кино саласында сынап көрді. Осы жылдар кезеңінде кейіннен көрерменнің жүрегіне жол тартып, қазақ кинематография саласының алтын қорынан өзіндік орын алған «Жаушы», «Қан мен тер» фильмдері жарық көрді.
Бұдан кейінгі жылдары Ә. Мәмбетов театрға көркемдік жетекші ретінде шақырылады. 1989 жылы СССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. 1999 жылы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Әзірбайжан Мәдиұлы Елбасының «елорда театрына басшылық жасаңыз» деген ұсынысын қабыл алып, Астанаға келген болатын.
Ол елордада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыка-драмалық театрды басқарды. Оның алдында театрды жаңа сапалы деңгейге көтерудің үлкен міндеті тұрған болатын.
Астана театрының сахнасында қойылған «Қаракөз», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ана - Жер-Ана» сынды тағы да басқа көптеген қойылымдарды сахналады.
«Отан», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» орден- медальдарымен марапатталған. «Халық қаһарманы» құрметті атағы берілген. СССР және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, СССР және Қазақстанның халық әртісі атанған.
Астана қаласының құрметті азаматы.
87 жыл бұрын (1937-1993) опера әншісі (баритон), Қазақстанның халық әртісі, М.Глинка атындағы бүкілодақтық әншілер байқауының лауреаты Мұрат Хасенұлы МҰСАБАЕВ дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясының вокальдық факультетін (профессор Б.Жылысбаевтың класында) бітірген.
1962 жылдан Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі. 1964 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогтік жұмыста (1979 жылдан - доцент) болды.
Негізгі партиялары: Тарғын, Семен (Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» және «Дударай» операсында), Жанбота (М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында), Абай (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы).
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.