2 шілде. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 2 шілде күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1971) Ұлттық тәуелсіз емтихан алу орталығы басқармасының төрайымы Гүлмира Төреғалиқызы ЖАНГЕРЕЕВА дүниеге келді.

Гүлмира Төреғалиқызы ЖАНГЕРЕЕВА
Фото: prg.kz

Ақтөбе мемлкеттік медицина университетін емдік іс мамандығы бойынша бітірген (1994); Danubius университеті, әлеуметтік жұмыс (2018). «ТПК Дина» ЖШС бас санитар дәрігері (2002-003); Атырау қаласының теміржол ауруханасында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары (2003-2005); «Астана қаласының тәуелсіз медициналық сарапшылар қауымдастығы» ҚБ басқарды (2005-2012); ҚР ДСМ «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» РМК-ның Білім мен дағдыларды бағалау орталығы республикалық ұйымына жетекшілік етті (2012-2017).

2017 жылдан бастап қазіргі қызметінде.

53 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Еркін Валитханұлы ТҰҚЫМОВ дүниеге келді.

 

 Еркін Валитханұлы ТҰҚЫМОВ
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі

Өзбекстанның Терміз қаласында туған. 1997 жылы Варшава халықаралық қатынастар институтын үздік бітіріп, 2004 жылы ҚР Ғылым академиясының Философия және саясаттану институтының аспирантурасын тәмамдады.

Еңбек жолын 1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сыртқы саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері ретінде бастады. 2000-2005 жылдары ҚСЗИ сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі.

2005-2007 жылдары Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры болды. 2007-2008 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінде ақпараттық-талдау орталығының стратегиялық талдау секторының меңгерушісі, Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының стратегиялық халықаралық ықпалдастық секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

2008 жылдың маусымында ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық Азия департаменті директорының орынбасары, кейіннен департамент директоры болды. 2010 жылғы қаңтар айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Талдау бөлімінің меңгерушісі болды. Қазақстанның Қазандағы бас консулы лауазымына 2018 жылы тағайындалды.

2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің елші-кеңесшісі.

2025 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.

Дипломатиялық дәрежесі — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ІІ сыныпты кеңесшісі. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

46 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі және бір мезгілде Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Олжас Мұхамедғалымұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

 Олжас Мұхамедғалымұлы СҮЛЕЙМЕНОВ
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Павлодар қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін (2002); Ұлыбританиядағы Ноттингем университетін бітірген (2011).

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы (2002-2008); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппараты басшысының көмекшісі (2008-2011); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бас консультанты (2011-2012); Қазақстан Республикасының Испаниядағы Елшілігінің кеңесшісі, кеңесші-министрі (2015-2020); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры (03.09.06.2022.2024); Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі (06.09.2024 ж. бастап); Қазақстан Республикасының Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі (21.04.2025 жылдан бастап)

2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

84 жыл бұрын (1942-2026) Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және Қырғыз Республикасының халық ақыны, жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар ШАХАНОВ дүниеге келді.

Мұхтар ШАХАНОВ
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шілік ауылында туған. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, трактор тіркеушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер, «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық «Жалын» журналының бас редакторы т. б. қызметтер атқарды. КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР Халық депутаты болды. 1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметінде болды. 2003-2004 жылдары «Жалын» журналының бас редакторы, әлем ойшылдарының басын біріктіретін «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының президенті. 2004 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

Көптеген өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тіліне аударылған. «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш. Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» драмасы көптеген тілдерге аударылған. «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды. «Уақыт бедерлері», «Зерде кітабы» атты жинақтары орыс тілінде шықты. Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994), Қазақстан Республикасының Халық жазушысы (1996), БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының және Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері. 2002 жылы «Жазагер жады космоформуласы» шығармасы үшін Калифорния Ғылым, индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалі, Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы берілген. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.