20-дан астам стример заңсыз контент таратқаны үшін жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі интернет пен әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контенттің таралуына қарсы жұмыстар аясында заң талаптарын бұзған 20-дан астам стримердің жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомствоның мәліметінше, көп қаралым, лайк пен донат жинауды көздеген стримерлер тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған. Мұндай контенттің кең аудиторияға, әсіресе кәмелетке толмаған балаларға қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.
– Қазіргі таңда республика бойынша заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылды. Заң талаптары шынайы өмірде де, интернет кеңістігінде де бәріне бірдей міндетті, – делінген ІІМ хабарламасында.
Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok желісіндегі тікелей эфир барысында бейәдеп сөздер қолданғаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова TikTok-тағы тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан. Бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылған ол бұл жолы әкімшілік айыппұл алды.
Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны Аслан Амантаев көлік жүргізіп келе жатып тікелей эфирге шығып, қауіпсіздік белдігін тақпаған әрі балағат сөздер айтқан. Сот оны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Түркістан қаласында «bayan_kyz», «fatima.sh0000» және «fatima_s003» аккаунттарымен танымал Баян Шанкеева да тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды.
– ІІМ цифрлық кеңістікті құқыққа қайшы контенттен тазарту және қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыра береді. «Заң мен Тәртіп» – жай ғана ұран емес, әрбір азамат ұстануға тиіс қағидат, – деп атап өтті министрлік.
Айта кетейік, ақтаулық блогер сот шешімімен Instagram-дағы видеосын өшіруге міндеттелді.