20 мамыр. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 20 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік метрология күні
1999 жылы Өлшем және таразы Халықаралық комитеті тарапынан құрылған. Мерекенің датасы Метрикалық конвенцияның қабылданған күніне орай таңдап алынды. Метрикалық конвенцияға 1875 жылы 20 мамырда Парижде Дипломатиялық метрологиялық конференция аясында 17 ел қол қойған. Метрология (грек тілінде metron — өлшем және logos — сөз, ілім) — өлшеудің бірлігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері жөніндегі ғылым. Қазақстанда алғашқы метрологиялық мекеме 1923 жылы Семей қаласында құрылды.
Дүниежүзілік аралар күні
БҰҰ халықаралық күндер жүйесінде аталып өтіледі. Аралар популяциясының азаю мәселесі және осы жәндіктерді қорғаудың маңыздылығына назар аудару үшін бекітілген. БҰҰ Бас ассамблеясы Дүниежүзілік аралар күнінің датасы ретінде 20 мамырды таңдаған. Бұл күні танымал словениялық омарташы Антон Янша дүниеге келген.
Халықаралық клиникалық зерттеулер күні
Клиникалық зерттеулердің маңыздылығы туралы хабардарлықты арттыру және халықаралық клиникалық зерттеулер жүргізуге жәрдемдесу үшін European Clinical Research Infrastructure Network коммерциялық емес ұйымының бастамасы бойынша 2005 жылы құрылған.
Клиникалық зерттеулер жаңа дәрі-дәрмектердің немесе емдеу мен диагностиканың тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалау үшін жүргізіледі. Олардың негізінде уәкілетті Денсаулық сақтау органдары препаратты тіркеуге және оны нарыққа шығаруға рұқсат беру туралы шешім қабылдайды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1940 жылы Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс айналма» жолының құрылысы басталды, ол Шығыс Қазақстан және Семей облыстарының алыс аудандарын Қазақ темір жолына қосты. 1940 жылдың 29 қаңтарында Киров ауданының «Красный партизан» ауыл шаруашылық артеліне мүше адамдар көп жиналған жиналыста Шығыс Қазақстан және Семей облыстарының барлық ұжымшарларына «Шығыс айналма» гравий жолын халықтық құрылыс әдісімен салуға шақырып, үндеу қабылдады. Бұл үндеуді Шығыс Қазақстанның барлық колхоздары мен кәсіпорындары қолдады. Бірінші кезекте 1940 жылдың жазында жалпы ұзындығы 438 км болатын Өскемен-Бұқтырма-Малокрасноярка-Самара Көкпекті-Георгиевка жолын салу ұйғарылды. Мұндай үлкен жұмыс бұрын жасалмағандықтан, оны теңдессіз деп бағалауға болады.
1998 жылы «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданды. Заң Қазақстан Республикасы астанасының құқықтық мәртебесін, жұмыс істеуінің ұйымдық-саяси және экономикалық негіздерін айқындайды.
2001 жылы Астанада алғаш рет ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған шахматтан халықаралық супертурнир өтті. Турнирге шахмат спортының жұлдыздары — әлем чемпионы Владимир Крамник пен ФИДЕ рейтингінде көш бастап тұрған экс-чемпион Гарри Каспаров қатысты.
2010 жылы қазақстандық альпинистер әлемде бірінші болып «Ғаламшардың ең биік 14 шыңы» бағдарламасын орындады. Альпинистеріміз әлемнің соңғы сегізмыңдығы — Лхоцзе (8516 м) шыңын бағындырды.
2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында өткен ғасырдың 30-жылдарында ашаршылық құрбандары мен зұлмат кезеңді көзі көріп, аман қалғандарға ескерткіш орнатылды.
2013 жылы Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасы мен Боливия мемлекетінің тұрақты өкілдері бірлескен коммюникеге қол қойып, екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды. Боливия — Оңтүстік Американың орталық бөлігіндегі көпұлтты мемлекет. Боливия аумағы — 1 098 580 км². Ресми астанасы және сот билігінің орталығы — Сукре, үкімет резиденциясы — Ла-Пас. Ресми тілдері — испан, сондай-ақ кечуа, аймара, гуарани және басқа да байырғы халықтардың тілдері (жалпы 36 тіл). Ақша бірлігі — боливиано.
2014 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бидайкөл ауылының тұрғыны Жасұлан Омаров Ы.Жақаев атындағы аудандық күріш шаруашылығы тарихи музейіне құнды жәдігер — 1905-1916 жылдардағы рубльдерді тапсырды. Омаров мырза оларды өз ауласынан тапқан.
2014 жылы Иорданияның экс-королі Хусейн бен Талалдың құрметіне Астанадағы көшеге оның есімі берілді.
2014 жылы Халықаралық банкнот қоғамдастығы (IBNS) ҚР Ұлттық банкін 2013 жылдың қорытындысы бойынша «Күлтегін» көне түркі жазбасына арналған 1000 теңгелік естелік банкноты үшін «Жылдың үздік банкноты» номинациясымен кезекті рет марапаттады.
2016 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген толықметражды «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильмі Севастопольде 14-19 мамыр аралығында өткен деректі фильмдер мен телебағдарламалардың «Бірге жеңдік» ХІІ халықаралық кинофестивалінде жүлделі болды. Туынды Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералының өмірінен сыр шертеді.
2018 жылы актриса Самал Еслямова ресейлік режиссер Сергей Дворцевтің «Айка» фильміндегі басты әйел рөлі үшін 71-ші Канн кинофестивалінің марапатына ие болды.
2019 жылы Тәжікстанда «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ өкілдігінің кеңсесі ашылды. Тәжікстандағы «KazakhExport» өкілдігі кеңсесінің міндеті — бизнес қоғмдастықтармен байланыс орнату, кәсіпкерлер мен қаржылық құрылымдарға «KazakhExport» құралдары туралы ақпарат беру. Бұл Қазақстан мен Тәжікстан кәсіпкерлері арасындағы жұмысты айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді және соған орай тауар айналымы артады.
2022 жылы Алматы метросында алғашқы сейсмикалық станциялар орнатылды. Олардың арқасында болжанған жер сілкіністері кезінде кинематикалық параметрлердің жазбаларын алуға болады. Алынған ақпарат болашақта сейсмикалық әсердің нақты ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа метро станцияларын жобалауға мүмкіндік береді.
2023 жылы «Астана Опера» театрында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған ауқымды мерекелік кеш өтті. Мұндай ауқымды шара алғаш рет өткізілді: Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 1000 музыкант бір уақытта сахнада өнер көрсетті. Іс-шара басталар алдында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жиналған қонақтарға, оның ішінде көрнекті мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
2024 жылы АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының Елшілігі Вашингтонның Орталық саябағында Халық батырлары Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығын атап өту үшін жүгіру ұйымдастырды. Іс-шара Екінші дүниежүзілік соғыс мемориалдық саябағында өтті, онда отандастар Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын көтеріп шамамен бес шақырым қашықтыққа жүгірді.
2025 жылы Абай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат бөлімі Абай Құнанбаевтың иелігіндегі мал саны туралы ақпарат ұсынды. Абайдың ата-бабалары, әкесі Құнанбаев сияқты, билер мен болыс әкімдері, беделді және ықпалды адамдар болған. Осындай отбасында дүниеге келген Абай жас кезінен бастап қоғамдық істерге араласқан, ал оның басқарушылық қабілеті ерте кезден-ақ байқалған. 1915 жылы жарияланған тарихи деректерге сәйкес, Абайда 593 жылқы (оның ішінде 108 жас жылқы және 167 құлын), 51 сиыр, 51 түйе және 1417 қой болған.
2025 жылы «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы астанадағы «Нұрлы жол» станциясынан батысқа қарай жолға шықты. Ресми жөнелту рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов және қоғам өкілдері қатысты. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы «Самұрық-Қазына» қорының ауыл тұрғындарына медициналық және құқықтық көмек көрсететін маңызды бастамасы болып табылады. 2010 жылдан бері пойыз 2000-нан астам ауылды аралап, 800 000-ға жуық адамға қолдау көрсетті. Тұрғындар тек кеңес алып қана қоймай, сонымен қатар шағын операциялар жасап, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешті. Алты ай ішінде «жылжымалы клиника» 21 000 шақырымнан астам жол жүрді.