2009 жылғы ұшақ апатына Airbus пен Air France компаниялары кінәлі – Франция соты
АСТАНА. KAZINFORM – Францияның апелляциялық соты 2009 жылы болған AF447 рейсінің апатына байланысты Airbus пен Air France компанияларын абайсызда адам өліміне жол бергені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Al Jazeera телеарнасы.
Париж апелляциялық соты екі компания да Рио-де-Жанейродан Парижге бағыт алған ұшақтың апатына «толық әрі айрықша жауапты» деген шешім шығарды. Сот шешіміне сәйкес, Airbus пен Air France қаза тапқандардың отбасыларына 225 мың еуродан өтемақы төлеуге міндеттелді.
Қайғылы оқиға 2009 жылғы 1 маусымда болған. Ұшақ бортында 216 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған. Әуе кемесі Атлант мұхиты үстінде радардан жоғалып кеткен. Ұшақ қалдықтары мен қара жәшіктері ауқымды іздеу жұмыстарынан кейін шамамен екі жылдан соң ғана табылған.
Тергеу барысында ұшақтың дауыл аймағына тап болғаны анықталды. Ұшу жылдамдығын өлшейтін Пито түтіктерінің мұздануы салдарынан автопилот жүйесі істен шығып, кейін экипаж әуе кемесін басқаруды жоғалтқан.
Прокурорлар Airbus пен Air France компаниялары датчиктердегі ақаулар туралы алдын ала білгенін, алайда ұшқыштар мұндай төтенше жағдайға тиісінше дайындалмағанын мәлімдеді. Ал компаниялар айыптауларды жоққа шығарып, апатқа экипаж қателігі себеп болды деген уәж айтқан.
Сот шешімі жарияланғаннан кейін Airbus үкімге байланысты Францияның Жоғарғы сотына шағым түсіретінін хабарлады. Компания өкілдерінің пікірінше, апелляциялық соттың шешімі 2023 жылы шығарылған ақтау үкіміне қайшы келеді.
Айта кетейік, Астана–Франкфурт бағытындағы ұшақ Ақтөбеге шұғыл қонды.
Ал Сеулден шыққан ұшақ Алматыға шұғыл қонуға мәжбүр болды.