2011 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 3 млрд. долларды құрады - Зеки Пилге
АЛМАТЫ. 15 наурыз. ҚазАқпарат - «Даму» мен «КОСГЕБ» шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау ұйымдары арасындағы ынтымақтастық екі елдің қарым-қатынасының дамуына зор үлес қосады.
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақ-түрік бизнес форумында Қазақ-түрік іскер адамдар қоғамының президенті Зеки Пилге айтты.
«Қазақстанда жұмыс жасайтын 600-ден астам түрік кәсіпорны 3 миллиард долларға жуық инвестиция жасады. Олар 30 мыңға жуық адамға жаңа жұмыс орнын ашты. Ал құрылыс компанияларының инвестициясы 15 миллиард доллардан асты», - деді Зеки Пилге.
Оның айтуынша, 2011 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 3 миллиард долларға жетті. Түркияның Қазақстандағы экспорты 1 миллиард долларға, импорты 2 миллиард долларға жетті. Алайда әлеует әлі толық пайданалып отырған жоқ. 2010 жыл екі ел Президенттерінің кездесуінде тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу мүмкіндігі айтылған болатын.