2014 жылдан соң АҚШ Ауғанстанды толығымен тастап шығады деген пікір шындыққа жанаспайды - АҚШ өкілі
АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - АҚШ пен халықаралық қауымдастық 2014 жылдан соң Ауғанстанды тастап шығады деген пікір шындыққа жанаспайды. Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен кездесуінен соң журналистерге берген сұхбаты барысында АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкістан елдері жөніндегі арнайы өкілі Марк Гроссман осылай мәлімдеді.
«Дәл қазіргі таңда Ауғанстанда не болып жатқанына барынша үңіле түсу қажет. Сонымен қатар, былтырғы жылы Лиссабондағы НАТО саммитінде қабылданған шешімге назар аударған аса маңызды. Бұл ретте бақылауды Ауғанстан үкіметіне сатылап беру туралы айтылған болатын. Бұл мүмкіндік 2014 жылдың аяғына таман келеді. Бәлкім әскер санын өзгертуге тура келетін шығар», - деді М. Гроссман. Оның айтуынша, дәл қазіргі күні ауған үкіметімен 2014 жылдан кейінгі жағдай қалай болатындығы туралы келіссөздер жүргізілуде. Бұл ретте М. Гроссман 2014 жылдан кейін де өңірде американдық мүдделер сақталатынын, оның ішінде американдық инвестициялар мен өңірдегі американдық қатысулар қалатынын атап өтті.