2015 жылы Қазақстанда геологиялық барлауға 11 млрд. теңге бөлінді - ҚР ИДМ

«2015-2019 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасы аясында 6 млрд. теңгеге 135 мың шаршы шақырым аумақта 42 нысан бойынша пайдалы қазбаларды барлау жұмыстары атқарылуда. Жалпы 2015 жылы геологиялық және аумақтық-түсіру жұмыстарына 11 млрд. теңге бөлініп отыр», - деді ол. Ол жұмыстар аяқталысымен, аталмыш нысандар сатылымға шығарылады деп күтілуде. «Барлаудың нәтижесінде 1-2 млн тонна мыс, мырыш және өзге де құнды қазбалар анықталады деп болжап отырмыз. Нақты мәліметтер жұмыстар аяқталғанда белгілі болады», - деп атап өтті Б.Нұрабаев. Оның айтуына қарағанда, барлау 2016 жылы аяқталады. Комитет төрағасы атап көрсеткеніндей, соңғы 11 жыл ішінде 3 трлн. теңге барлау жұмыстарына бөлінген. 2015-2019 жылдары геологиялық барлауға қосымша 900 млрд. теңге инвестиция тарту қарастырылған.