2020 жылға дейін Қытай Жібек жолы бойында орналасқан елдердің 10 мыңға жуық партиялық қызметкерін шақырмақ

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 2020 жылға дейін Қытай Жібек жолы бойында орналасқан елдердің 10 мыңға дейін партиялық қызметкерін қабылдайды.
None
None

Бұл туралы «Жібек жолындағы «Азиялық саяси партиялар»» арнайы конференциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі Лю Юньшань мәлім етті.

«Қытай компартиясы партиялық басшылық және мемлекеттік басқару тәжірибесімен бөлісіп, әлем елдерін Қытайдың көне тарихы мен жарқын мәдениетімен таныстырады. Осыған байланысты біз алдағы бес жылда Қытаймен танысу сапарына Жібек жолы бойында орналасқан елдердің 10 мыңға жуық партиялық кадрларын шақыруды шештік», - деді ол.

Еске сала кетейік, «Жібек жолындағы «Азиялық саяси партиялар» арнайы конференциясына қатысу үшін Бейжіңге 31 елдің 64 саяси бірлестік өкілдері келді. Конференцияның жоғары лауазымды қонақтары - Кипр президенті, Камбоджа премьер-министрі, Мальдив вице-президенті, Лаос, Грузия, Моңғолия және Бангладештің парламент спикерлері және т.б.

Конференцияның негізгі тақырыбы - «Жібек Жолына жаңа көзқарас. Жалпыға ортақ даму үшін әрекет». Оның аясында үш пікірталас өткізіледі: «Саяси лидерлік: саяси партиялар үшін жаңа консенсус», «Адамдар арасындағы байланыс: өркениеттер арасындағы жаңа диалог» және «Экономикалық интеграция: дамудың жаңа серпіні».

Шара аясында 23 елдің шамамен 50 медиақұрылымы өкілдерінің қатысуымен «Ұлы Жібек Жолының жаңа тарихы» медиафорумы өтіп жатыр. Оның ашылу салтанатында медиафорумның құрметті қонағы ретінде «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Дәурен Дияров бірінші болып сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар