2025 жыл несімен есте қалады
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жыл қазақстандықтар үшін ерекше есте қалары сөзсіз. Жыл бойы саяси-әлеуметтік реформалар, халықаралық жиындар, мемлекет басшыларының басқосуы толастаған емес. Талқыдағы заң жобалары мен салық саласындағы өзгерістер қоғам өміріне біршама жаңалық әкелді. Kazinform тілшісі жыл бойғы маңызды оқиғаларға шолу жасап, сарапшылар пікірін білді.
Барлық қазақстандық үй кезегіне тұра алды
Өткен жылы Президент тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты заңға қол қойған еді. Биыл мамырдан бастап құжат күшіне еніп, тұрғын үй кезегі толығымен «Отбасы банкінің» басқаруына өтті.
Мемлекет басшысы қол қойған заңның маңызды тұсы – үйі жоқ кез келген адам пәтер кезегіне тұра алады. Бұған дейін тек көпбалалы отбасылар, жетім балалар, I, II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, мемлекеттік қызметшілер секілді жекелеген санаттағы адамдар ғана кезекке тұру құқығына ие-тін. Енді, міне, мүмкіндікке кез келгеннің қолы жететін күн туды.

Саланы жүйелеуге арналған бастама сәтті жүзеге асты деуге болады. Бүгінде тұрғын үй алу кезегінде тұрған адамдардың деректері жаңарып, барлығы тыңғылықты тексеріледі. Мысалы, қазір кезекте 642 мың азамат тұр, бұған дейін әкімдіктер мен мемлекеттік органдар әзірлеген тізім жүйелі жасалмағандықтан, ондағы деректер дұрыс көрсетілмеген болатын. Енді «Отбасы банк» кезектегі азаматтардың пәтер алуға құқығын растау үшін деректерді тексеруді қолға алды. Оның ішінде тұрғылықты мекенжайы, байланыс нөмірі, меншіктері туралы мәліметтер нақтыланбақ.
– Қазақстан аумағында соңғы 5 жылда атында баспанасы болмаған немесе тұрып жатқан баспанасы апатты деп танылған 18 жасқа толған әрбір қазақстандық «Тұрғын үймен қамту» ақпараттық платформасы арқылы өтініш бере алады. Алдағы уақытта кезекке тұратын азаматтар құжаттарын қағаз күйінде өткізіп әуре болмайды, платформа цифрлық құжаттарды өзі ұсынады, – деді «Отбасы банк» орталық филиалы Бизнесті дамыту басқармасының басшысы Меруерт Әділбаева.
Жеке тұлға декларация тапсырмайды
Көптің бас ауруына айналған декларация да бірыңғай болды. 2025 жылдан бастап жеке тұлғалар декларация тапсырудан босатылды. Президент шілдеде тиісті заңға қол қойып, жалпыға бірдей декларациялау тәртібі жаңарғанын да көрдік. Нәтижесінде жеке құрылымдағы қызметкерлер, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер – елдегі жеке тұлғалардың 90 пайызы активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсыруға міндетті болмайды. Ал өзге санаттағы, нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалар, құны 20 000 АЕК-тен асатын (2025 жылы 78 640 000 теңге) мүлік сатып алғандар және шетелдік банктерде қомақты қаржысы бар, шетелдегі мүлік пен активтердің иелері дәстүрге сай декларация тапсырды.
Жаңа Салық кодексі
Биыл қабылданған жаңа Салық кодексі ел экономикасындағы елеулі өзгеріс деуге негіз бар. Кәсіпкерлер арасында қызу пікірталас тудырған құжат жыл бойы қоғам назарында болды. Құзырлы органдар ондағы әрбір өзгерісті егжей-тегжейлі түсінідіріп, жекелей талдауға тырысқаны есте. Себебі көтерілген ҚҚС, салық режимдеріндегі түзетулер қоғамға тым түсініксіз көрінген.

Сонымен, Кодекске қосылған тұжырым:
- ҚҚС базалық мөлшерлемесі 16% болып белгіленді;
- Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке ҚҚС 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10%, отандық мерзімдік басылымды сату – 10%-ға төмендейді;
- Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін қызметтер, МӘМС, археология, кітап басып шығару ҚҚС-тан босатылды;
- ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке (40 млн теңге) төмендетілді.
Жаңа Салық кодексіндегі ең даулы мәселе – қосылған құн салығы. Бизнес өкілдіктер ҚҚС базалық мөлшерлемесінің 16%-ға өсуін қабылдағысы келмегені жасырын емес. Олардың пайымынша, аталған мөлшерлеме өте жоғары.
Ал экономист-сарапшы Ләззат Жанмолдаеваның айтуынша, бұл ҚҚС деңгейі – қалыпты, өзге мемлекеттерде көрсеткіш 20%-дан асып жығылады.
– Мемлекет бекіткен ҚҚС базалық мөлшерлемесі көп емес. Көптеген мемлекетте ҚҚС 20%, 25%, тіпті 45%-ға дейін өсіп жатыр. Оның үстіне еліміз ТМД елдерінің ішінде ҚҚС мөлшері бойынша орта деңгейде тұр және салық келешек кәсіпті дамытуға қайта бағытталады. Сондықтан біржақты төлем міндетті түрде төленуі керек. Мемлекет қаржысының ұлғаюына кәсіпкерлер де үлес қосуы қажет, – деді сарапшы.
Ұлттық құрылтай
2025 жылғы 14 наурызда Бурабайда Ұлттық Құрылтайдың IV отырысы ұйымдастырылды. Көкше төрінде өткен басқосуда түрлі ой сараланды. Идеологиялық саясат, қайырымдылық ұйымдарын қадағалау, салық реформасы, алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою, отандық кино және анимация өндірісіне басымдық беру, қоғамдық әдеп секілді тақырыптар ортаға тасталды.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы да маңызды ұсынысын жеткізді. Оның ішінде идеологиялық және гуманитарлық жобаларды көбейту, ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу, ҮЕҰ саласындағы заңнаманы жетілдіру, шетелде Абай институттарын ашу секілді бастамалар бар.

Кейін Ұлттық құрылтайда айтылған ойларды жүйелеу үшін 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар көпшілікке ұсынылды. Онда түрлі бағыт бойынша 10 заң жобасын әзірлеу көзделген.
Азаматтық институттар саласының сарапшысы Қайыржан Әбдіхалықовтың сөзінше, Ұлттық құрылтай аз уақытта әлеуметтік мәселелерді жедел шешетін тиімді алаңға айналып үлгерді.
– Ұлттық құрылтайға түрлі әлеуметтік топтар мен саяси көзқарастар өкілдерінің қатысуы қоғамдық қатынастардың жаңа үлгісінде кең ауқымды пікірлер болатынын көрсетті. Әсіресе, Ұлттық құрылтайдың нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, лудоманиямен күрес секілді әлеуметтік мәселе заңмен шешіле бастады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесі мен заң шығару үдерісінің ашықтығының көрсеткіші, – деді Қайыржан Әбдіхалықов.
Қуанарлығы, Ұлттық құрылтайдан кейін бірнеше тұжырымдамалық құжат әзірленді. Мәселен, ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат дайындалды. 2026-2028 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. 2025-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды.
Құрылтайдың жемісі мәдениет пен өнер салаларында ерекше байқалды. Наурыз айынан кейін «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы, «Асыл мұра» аудио жинағы секілді маңызды мәдени-гуманитарлық жобалар жүзеге асырылды. «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енгізілгенін білеміз.
Мемлекеттік құрылымдағы үш өзгеріс: ауыл әкімдерінің жиыны, таратылған Антикор және Парламент келешегі
Биыл мемлекеттік құрылымда айтарлықтай жаңалық көп. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі бірнеше жыл бұрын енгізілген еді. Биыл жыл бойы ауыл әкімдерінің тікелей сайлау жалғасты. Ал қарашада Қасым Жомарт Тоқаев Ауыл әкімдерінің диалог-платформасына қатысып, реформаның маңызын нығайтқан болатын.
Жалпы нәтижеге көз салсақ, қазіргі таңда 1500-ден астам партия өкілі және 700-ден астам өзін-өзі ұсынған кандидат әкім қызметіне кіріскен. Дәл осы сайлаудың нәтижесінде саяси партиялардың аймақтардағы жұмысы жанданып, ауыл әкімдерінің корпусы 100% жаңарған.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әйгерім Әбдірашитованың айтуынша, әкімдер сайлауы шалғай өңірлердің дамуына серпін бергенге ұқсайды.

– Әкімдерді сайлау тек құрамның жаңаруына әкелген жоқ. Сонымен қатар осы жүйеге жаңа лектің келгенін білдіреді. Жалпы мемлекеттік жүйені көп жағдайда азаматтар қозғалмайтын ауыр жүйе ретінде қарастырады. Осындай сайлау арқылы ол жүйеге жаңа адамдардың келгенін көрсетеді. Сайлау процесінің бар болуы, ол белгілі бір кезеңге ғана сайланады ғой. Демек бұл келген адамға осы шамалы уақыт ішінде жұмыс істеуге итермелейді. Өйткені ол келесі жолы қайтадан сайланғысы келсе, сайлаушыларына өз нәтижесін көрсетуі керек, – деп талдады спикер.
Елдегі саяси реформа жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде ғана емес, Парламент қабырғасына ойысуы мүмкін. Биыл Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында саяси жүйені реформалау туралы бастама көтерді. Ең маңызды ұсыныс – қос палаталы Парламенттен (Мәжіліс пен Сенат) бір палаталы жүйеге көшу. Президент 1 жыл ішінде бұл мәселені тиянақты әрі сапалы шешу керек деп нақты ұстанымын жеткізді.
Бір палаталы жүйенің саяси әсері қандай? Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов реформаның кемшілігіне қарағанда тиімділігі жоғары деген ойда.

– Бір палаталы Парламентті мемлекет ретінде жүзеге асыру – бір жағынан демократиялық институттарды дамытудағы басты қадамымыз. Екінші жағынан, біздегі мына заңнамалық нормаларды тез әрі жедел жүзеге асыруға да мүмкіндік беретін болады. Бұл жерде Президенттің 1 жыл уақыт бергенінің астары – еліміздегі көппартиялы жүйені дамытуға мүмкіндік жасау, – дейді сарапшы.
Биыл саяси құрылымдағы үшінші маңызды өзгерісті айта кетейік. 2025 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, яғни Антикор таратылды. қазір орган Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамында. Ал агенттіктің кейбір функциясы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді. Ресми мәліметке сүйенсек, аталған қадам сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тиімді үйлестіріп, күшейту мақсатында қабылданған.
Халықаралық деңгейдегі кездесулер жиіледі
Сөзсіз, биыл Орталық Азия елдері үшін айтулы жыл болды. Аймақ біртұтас блок ретінде әлемдік державалармен ауқымды кездесулер өткізіп, қажетті келісімдерге қол жеткізді. Өз кезегінде Қазақстан өңір жетекшісі ретінде мәміле ортасында оқ бойы оза жүргенін айта кеткен жөн.

Мысалы, Мемлекет басшысы «C5+» форматында Қытай, АҚШ, Жапония, ЕО елдерінің басшыларымен келіссөз жүргізді. Әрбірінде жылы шырай, тиімді ұсыныс, көлемді инвестиция тарта алдық.
Оған қоса, маусымда «Орталық Азия-Қытай» саммиті Астанада өтті. Оған 5 мемлекеттің, яғни Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстанның басшылары мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қатысқанын білеміз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен Ақ үйде кездессе, Кремльде РФ президенті Владимир Путинмен жолықты. Тіпті, жыл ішінде бірнеше мәрте жеке кездесулер өткен еді.