2025 жылғы III тоқсанда 8 000-нан астам алтын құйма сатылды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық Банкі 2025 жылғы III тоқсанда екінші деңгейлі банктер (бұдан әрі – ЕДБ) мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктеріне жалпы салмағы 438,4 кг болатын 8 302 өлшемді құйма сатты.
Өлшемді құймалар көп сатылған өңірлер: Алматы (5 874 дана, 71%), Астана (600 дана, 7%) және Қарағанды облысы (460 дана, 6%).
Халыққа арналған өлшемді құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкінде, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде сатып алуға және сатуға болады.
Осылайша, 2025 жылғы III тоқсанда ЕДБ мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері кері сатып алынғанды есепке алғанда, халыққа жалпы салмағы 409,0 кг болатын 9 110 өлшемді құйма сатты. Бағдарлама іске қосылғалы сатылған құймалардың жалпы саны – 246 882, ал олардың жалпы салмағы – 8,6 тонна.
Халық арасында сұранысқа ие құйманың салмағы – 10 г. Оның сату көлеміндегі жалпы үлесі 26% – 63 740 дана. Одан кейінгісі – 5 грамдық құйма. Сатылғаны – 53 978 дана (22%), 100 грамдық құймадан сатылғаны – 50 779 дана (21%), 20 грамдықтан – 44 707 дана (18%) және 50 грамдық құймадан – 33 678 дана (13%).
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және бедерлі жиегі бар) және механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.
Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркия алтын сатып алушылардың алдыңғы үштігіне кіргенін жазған едік.