2025 жылы Әзербайжанға барған қазақстандықтар саны 87 мыңнан асты

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанға барған барлық шетелдіктердің ішінде 4%-ы қазақстандықтар болды. Бұл ретте отандық саяхатшылардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 19,4%-ға артқан, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Әзербайжанның Мемлекеттік шекара қызметіне сілтеме жасап.

Турпоток из Казахстана в Азербайджан вырос на 20%
Фото: havengear.com

Ведомство деректеріне сәйкес, ең көп турист Ресейден (24,4%), Түркиядан (17,4%), Ираннан (8%), Үндістаннан (6,6%), Сауд Арабиясынан (4,3%) және Грузиядан (4,2%) келген. Барлық келгендердің ішінде 66,4%-ы ерлер, 33,6%-ы әйелдер болған.

Ал Қазақстан азаматтары жалпы келушілердің 4%-ын құраған немесе 87 804 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19,4%-ға өскен.

Айта кетерлігі, шетелдік қонақтардың шамамен үштен екісі Әзербайжанға әуе көлігімен барған — 76,3%. Тағы 22,4% теміржол және автокөлік арқылы жеткен, ал небәрі 1,3% теңіз қатынасын пайдаланған.

Жалпы қаңтар-қазан айларында Әзербайжанға 183 елден 2,171 млн шетел азаматы сапарлаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға аз (2,209 млн).

Сондай-ақ Әзербайжанның Туризм жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, Орталық Азия елдерінің ішінде Әзербайжанға ең көп турист Қазақстаннан келетін көрінеді. Мәселен, Қазақстаннан 87 804 адам (жылдық өсім — 19,4%), Өзбекстаннан — 50 971 адам (+35,8%), Түрікменстаннан — 26 887 (-1,3%), Қырғызстаннан — 9 422 (+37,3%), Тәжікстаннан — 8 124 адам (+80,2%) барған.

Сонымен бірге, 2025 жылдың қазан айында Әзербайжанға келген шетелдіктер саны бойынша ТОП-10 елдің ішінде Қазақстан алтыншы (9 677 адам), ал Өзбекстан оныншы орынды (6 481 адам) иеленді.

Агенттік атап өткендей, 2024 жылы Орталық Азия елдерінен Әзербайжанға туристер ағыны 34,1%-ға өсіп, 180 528 адамға жеткен.

Ал 2017–2024 жылдар аралығында Әзербайжанды өңірден келген барлығы 726 258 турист аралаған. Қонақтар саны бойынша бірінші орында Қазақстан (331 428 адам), одан кейін Өзбекстан (182 310), Түрікменстан (178 236), Қырғызстан (30 011) және Тәжікстан (24 246) тұр.

Тамыз айында Қазақстаннан Әзербайжанға барған туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 20,6%-ға артқаны хабарланған. Қазақстан жалпы туристік ағында 4% үлеспен елдер рейтингінде 7-орынды иеленген.

Осыған дейін Қазақстан медициналық туризмді дамытатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар