2025 жылы ел тұрғындары баспаналарын жақсарту үшін зейнетақы қорынан қанша қаражат алды

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы ел тұрғындары тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 221,4 млрд теңге алды. Бұл туралы Деректерді өңдеу орталығынан хабарлады. 

ипотека
Коллаж: Kazinform / Freepik

— Желтоқсанда тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында бірыңғай зейнетақы қорынан 339,1 мың өтінім орындалды. Олардың жалпы сомасы 221,4 млрд теңге. Қарашамен салыстырғанда, бірінші көрсеткіш — 3 есеге, ал екіншісі 2,8 есеге артты. Желтоқсандағы негізгі мақсат «Одан ары толықтыру үшін тұрғын үй құрылыс жинағы салымын толықтыру» болды. Бұл қарашамен салыстырғанда желтоқсандағы өтінімдер санының 4 есеге артып, 182 мыңға жеткенін көрсетеді. Сомасы өткен айдың өсім қарқынымен шамалас 118,8 млрд теңге болды, — делінген аталған орталықтың Telegram парақшасында жарияланған ақпаратта. 

Сондай-ақ ел тұрғындары тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіндегі ипотекалық қарыздарын өтеу үшін де зейнетақы қорларындағы қаражатқа өтінімді көптеп берді.

— Бұл ретте желтоқсанда болған тағы бір оқиғаны еске алған жөн. Желтоқсан айының алғашқы он күндігінде соңғы 2 жылда алғаш рет 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегінің артатындығы жарияланды. Ол 1 қаңтардан бастап орташа есеппен 10 пайызға артты. Демек, 2025 жылдың соңында салымшылар қаражаттарын бұрынғы шарттармен алуға мүмкіндігі болды, — деді орталықтан.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бекіткен зейнетақы жинақтарының 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегін мына сілтемеге өтіп таныс бола аласыздар. 

Соңғы жаңалықтар