2025 жылы Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірлік резервке қабылданған 505 адамның 76-сы жергілікті атқарушы органдардағы лауазымдарға конкурстан тыс орналасты.

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік органның 2024 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысында мәлімдеді.
Оның сөзіне қарағанда, биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу ұйымдастырылады.
Агенттік төрағасы Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен 2019 жылы іске қосылған Президенттік жастар кадр резервін құру дарынды жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға мол мүмкіндіктер тудырғанын атап өтіп, резервті одан әрі жетілдіру жоспарларын айтты. Бұл тұрғыда болашақ резервшілерді жұмысқа орналастыру мүмкіндіктеріне қатысты ережелерді нақтылау ұсынылады. Резерв мүшелері тиісті саяси және әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға үміткер болады. Резервтің негізгі міндеті — мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге дайын білікті жас мамандарды іріктеу.
Сондай-ақ 2024 жылы Президенттің тапсырмасын орындау аясында, яғни жергілікті органдардың кадрлық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында еліміздің барлық өңірінде алғаш рет облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың Өңірлік кадр резервтеріне жүргізілген іріктеу нәтижелері айтылды.
Оның айтуынша, былтыр қыркүйек айында аяқталған іріктеу нәтижелері бойынша Өңірлік резервке қабылданған 505 адамның 76-сы жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының лауазымдарына конкурстан тыс орналасты.
Атап өту керек, Өңірлік кадр резервінің мақсаты — аймақтардағы білікті әрі білімді жастарды мемлекеттік қызмет жүйесіне тарта отырып, олардың әлеуетін тиімді пайдалану.
Еске салсақ, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталғанын жазған едік.
Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отаншыл кадрлар басшылық лауазымдарға тағайындалатынын айтты.