Отаншыл кадрларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз — Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — Алдымызда ауқымды міндеттерді келер бес жылда орындауымыз керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

— Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Бұл — ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері. Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, елімізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек.
— Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз. Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат — азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады, — деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды.
Мемлекет басшысы 2024 жылды еліміз оң көрсеткіштермен аяқтағанын айтты.
Бұдан бөлек Президент батыс аймақтағы электр желісі Бірыңғай электрэнергетикалық жүйемен бірігуі керек екенін айтты.