2025 жылы промт-инжиниринг деген жаңа мамандық пайда болды - ЖИ-креатор

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы орайда жасанды интеллектінің бүгінгі мүмкіндіктері мен болашағы туралы ЖИ-креатор Өмірбек Әбдіқұл пікір білдірді. 

ЖИ
Фото: publicdomainpictures.net

Маманның айтуынша, жасанды интеллект соңғы жылдары айтарлықтай қарқынмен дамығанымен, оның әлеуеті әлі толық ашылған жоқ.

— Жасанды интеллект 2–3 жыл бұрын қарапайым функциялармен, мысалы, суретті мультфильмге айналдыру сияқты мүмкіндіктермен танылды. Ол кезде қызығушылық болғанымен, нақты сұраныс байқалмады. Ал 2025 жылы ЖИ қатты дамып, әлеуметтік желілерде мүсіндерді билетіп, суреттерді тірілту кеңінен тарады. Соңғы он айда технология реализм деңгейіне жетті. Бірақ соған қарамастан, ЖИ өз потенциалының 100%-ын әлі аша алған жоқ, — дейді ол Jibek Joly телеарнасының Бүгін LIVE бағдарламасында.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда жасанды интеллект контент өндірісінде небәрі 1% деңгейінде ғана қолданылып отыр. Ал әлемдік көрсеткіш - шамамен 10% жеткенімен, бұл да шекті деңгей емес.

Өмірбек Әбдіқұл
Фото: видеодан алынған скрин

— Алғаш болып нарықты OpenAI компаниясының ChatGPT өнімі жаулап алды. Қазір ол тек мәтінмен шектелмей, фото мен визуалды контент жасауға мүмкіндік беретін әмбебап құралға айналды, — деп атап өтті маман.

Өмірбек Әбдіқұлдың сөзінше, жасанды интеллект саласы өте ауқымды, ал фото мен видео бағытында оны кез келген адам үйрене алады.

— Үйде отырып-ақ толық меңгеруге болады. Ноутбук немесе телефон болса жеткілікті. Қазір компаниялардан да, жеке тұлғалардан да тапсырыс көп. Бұл салада ең басты мәселе — промт, яғни тапсырманы дұрыс қоя білу. Сол себепті 2025 жылы промт-инжиниринг деген жаңа мамандық пайда болды. 2026 жылы мұндай жаңа мамандықтар көбейе береді, — деді ол.

Маман жасанды интеллектінің медицина мен инженерия салаларында да тиімді қолданылып жатқанын айтты. Мәселен, дәрі-дәрмектің түпнұсқасын фото арқылы анықтау немесе инженерлік жобалардың әлсіз тұстарын алдын ала болжау мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар ол жасанды интеллект қауіпсіздік талаптарын сақтайтынын атап өтті.

— ЖИ зорлық-зомбылық бар контент жасамайды, ондай промттарды қабылдамайды. Сондай-ақ адамның фотосын пайдаланып алаяқтық жасауға қарсы верификация тетіктері енгізілген. Дегенмен кейбір заңсыз платформаларға қарсы құқықтық шаралар қажет, — деді ЖИ-креатор.

Айта кетейік, Президент тапсырмасымен «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданғаны жайлы жазған едік

Соңғы жаңалықтар