2026 жылдан бастап Франция мен Корея университеттері елде АЭС мамандарын даярлайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ядролық энергетика саласына маман даярлау жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

- Кадр даярлауды бірден қолға алдық. Қазірдің өзінде бірнеше ұлттық университет базасында – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Сәтбаев университеті, сондай-ақ Шығыс Қазақстан мен Түркістандағы жоғары оқу орындарында арнайы бағдарламалар ашылды. Биылдан бастап Шығыстағы университет МАГАТЭ бекіткен бағдарлама негізінде білім беруді қолға алды, – деді министр.
Оның айтуынша, 2026 жылы Франциядағы атом электр энергетикасы саласында алдыңғы қатарда тұрған Гренобль университетінің филиалы ашылады. Сондай-ақ Кореяның KAIST ұлттық зерттеу институтын ашу жоспарланып отыр. Бұл оқу орнында ядролық физика бағыты бойынша дайындық жүргізіледі.
- Қажетті деңгейде инженерлерді, ядро саласының мамандарын дайындаймыз. Бұл бағытта тек Ресейдің ғана емес, АҚШ, Франция және Қытайдың да тәжірибесін қолданамыз, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Абай облысында АЭС салу идеясын мақұлдағанымен түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын айтқан болатын.