2026 жылдың наурызына дейін футбол клубтарын жекешелендіру аяқталады — Серік Жарасбаев
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың наурызына дейін футбол клубтарын жекешелендіру аяқталады. Бұл туралы Спорт және туризм веце-министрі Серік Жарасбаев атты.
— Мемлекет басшысының кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру мен коммерцияландыруға қатысты өте маңызды тапсырмасы бар. Ол тапсырма өткен жылдың наурызында өткен Ұлттық құрылтайда берілді. Соған орай нақты жұмыс істелініп жатыр. Атап айтқанда, Премьер лигада ойнайтын 14 кәсіби футбол клубының 5-еуі қазіргі уақытта жекешелендірілді. Екеуін демеуші іздеу бағытында келіссөз жүргізіліп жатыр, — деді вице-министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, еліміздің ірі компаниялары тарапынан футбол клубтарына қызығушылық бар.
— Олар жай ғана жекешелендіріп алмайды. Олардың алдына аталған футбол клубтарының жанына балалар футбол академиясын құру тапсырмасы жүктелген. Бұл жұмыс бүгінде жалғасып жатыр. Жалпы, 2026 жылдың наурызына дейін осы жұмысты аяқтау тапсырмасы қойылып отыр, — деді ол.
Бұған дейін Қарағандының «Шахтер» футбол клубы аукцион нәтижесінде ресми түрде жекешелендірілген еді.